ЖУРНАЛИСТ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛЕДІ. ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ. МИНИСТРЛІК ЖИЫНЫ

Уақыты: 13.01.2023
Оқылды: 3429
Бөлім: ТҮПСАНА

Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өткен жылды қорытындылап, алдағы мақсат-межесін таныстырды. Кеңейтілген алқа отырысына Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және Ассамблея, БАҚ, қоғамдық кеңес, түрлі саладағы басқармалар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Жиында сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алдымен БАҚ туралы заңнаманы жетілдіру, талқыға салу жұмысы қалай жүріп жатқанын баяндап берді. Министрдің айтуынша, БАҚ туралы жаңа Заң жобасында оң өзгеріс көп. Мұнда журналистердің мәртебесін белгілеу, тұрғын үймен қамту, жалақысын көтеру, тілшілердің жұмысына кедергі келтірмеу секілді маңызды тақырыптар қамтылып, қазіргі журналистика мәселелерінің шешімі көрсетілген.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 16 наурыздағы Жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан, мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», – деп министрлік алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойды. Сондықтан қазір дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп жатыр. Жаңа медиа түсінігі қалыптасты. Медиазаңнаманы қайта қарау жұмысы жүріп жатыр, – деді Д.Қыдырәлі өз баяндамасында.

Министрдің сөзінше, балаларға қатысты кибербуллингті реттеуде заңға түзетулер енгізілген. Мәселен, біздің отандық журналистикада балалардың бет-жүзін ақпарат бетінде жариялау қалыпты жағдайға айналып барады. Алайда бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына қарама-қайшы. Сол себепті халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, масс-медиа туралы заңды жетілдіру, кейбір баптарын қайта жазып, толықтыру аса маңызды. Бүгінде жаңа заң жобасы жұртшылық талқылауына шығарылған. Министр заң жобасы осы айдың соңына дейін талқыланатынын, әрбір ақпарат өкілінің пікірі мен ұсыныс-тілегі маңызды екенін жеткізді.

Министр өз баяндамасында онлайн платформалар мен интернеттегі жарнама қызметі, жалған ақпараттарға тосқауыл қою, әлеуметтік желідегі сананы улайтын жазбалардың жолын кесу туралы айтып, телеарналарда жеңіл, рейтинг қуған жобаларды тоқтатуды, орнына тағылымдық бағдарламаларды көбейтуді ұсынды. Рейтингке жұмыс істейтін телебағдарламаларға қыруар қаржы жұмсалады. Министр қаражатты шашау шығармай жұмыс істеу керектігін, өйткені, бұл халықтың ақшасы екенін қаперге салды.

Жаңа заң жобасының артықшылықтарын сөз еткен министр: «Заң аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ, ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік», – деді.

Алқа отырысында дін, теолог мамандардың тапшылығы, азаматтық қоғам құру, онлайн петиция ұйымдастыру тетіктері, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медиа мен ұлттық қауіпсіздіктің байланысы, жастар саясаты, қоғамдық кеңес жұмысы тақырыбында маңызды мәселелер көтеріліп, қатысушылар тарапынан тың ой-пікір, ұсыныстар айтылды. Сол қатарда белгілі журналист Срайыл Смайыл мінберге шығып, БАҚ туралы Заң жобасы аясында өзінің бірнеше ұсынысын жеткізді. «Осы уақытқа дейін журналистер не мемлекеттік қызметке, не бюджетке жатқызылмай келді. Яғни, мәртебесі анықталмаған. Журналистердің жалақысы, баспанамен қамтылуы әлі күнге дейін өзекті. Содан кейінгі мәселе – журналист кім, блогер кім? Жаңа заңда осы дүниелердің шешімі көрсетіледі деген үміттемін», – деді ардагер журналист.

Жиын соңынан Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов сөз сөйлеп, мемлекеттік идеологияны жүргізуде ақпарат құралдары үлкен күш екенін, Президент қазіргі таңда қарапайым еңбек адамын кеңінен насихаттауды міндеттеп отырғанын, жыл соңына дейін жаңа заңды қабылдау қажеттігін алға тартты.

Онлайн режимде өткен жиыннан кейін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өңірлік басылымдардың жай-күйін сұрап, телевизия құру мәселесін пысықтады. Сондай-ақ, облыстық, аудандық газеттердің таралымын көбейтіп, жазылушылар қатарын арттыруды тапсырды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы