Әлемдерді ешбір кемшіліксіз жаратқан Аллаға сансыз мадақ жаудырған, «Құдайсыз құрай басы сынбайды», – деп тәмсілдеп өткен елміз. Тарихқа бойласақ, қылышсыз ислам дінін қабылдаған халық екенімізді ұғынамыз. Еш қарсылықсыз құбылаға бет бұрсақ, ол Алаштың кемеңгер екендігін көрсетеді. Сол ата дінімізді берік ұстанып, сан ғасырдан бері шариғат жолын мінсіз бағдар етіп өмір кешіп келеміз. Сондықтан да мұсылман халықтарының жыл он екі ай асыға күткен құлшылық айын «Қош келдің, Рамазан», – деп қарсы алғалы отырмыз. Жылдарға жылдар алмасып, құлшылығымыз жалғасып, ұлық мерекеге есен жеткенімізге сансыз шүкір.
Кеудесі кең, қопара білсек, өмірлік қазынасын жайып салар қарттарымыздың сағынышпен күтер мерекесі маусым айының 6-жұлдызында Алланың қалауымен іргемізден аттамақ. Мың айдан да қайырлы бір түні бар Рамазан – жаратқанға жақындатар, рухани байытып, күнә атаулыдан тазартар, өмірімізді нұрландырар, алдағы қиыншылықтардан ада етіп, бақытқа толы күндерге жол ашар мезгіл. Сондықтан да, баба өмірін бағдар еткен ұрпақ ретінде, біз де құлшылық етуден қалыс қалмасақ, нұр үстіне нұр болмақ.
Негізінде, ораза парсы тілінен енген сөз, араб тілінде «саум» делінеді. Саум – бір нәрседен алшақ тұру, адамның өз-өзін ұстауы дегенге келеді. Ораза құлшылығының шариғаттық мағынасы – таң намазының уақыты кіргеннен бастап, күн батқанға дейін Алла ризашылығы үшін тамақ ішіп-жеуден, жыныстық қатынастардан тыйылу. Яғни, адам баласына күнә болып жабысатын дүниелерден бойды аулақ ұстап, нәпсіні жуасытып, тәрбиеге көндіретін ай десек те болады. ¤йткені пенденің пендешілігін көрсетіп, маңдайын тасқа ұратын мінезді іргемізден аттағалы тұрған айда түзеуге мүмкіндік мол. Себебі, тозақтың жеті есігі жабылып, шайтанның шынжырланатын мезгілінде, мұсылмандарға арман болған сегіз пейіштің есігі айқара ашылған шақта ораза ұстаудың пайдасы шаш етектен. Қос өмірдің абаттылығы осы бір ораза құлшылығына байланысты десек те болатындай. Ал оның сауабы жайлы мына бір хадистен аңғаруға болады. Әбу Хұрайраның айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла тағала былай деп бұйырды: Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал ораза бұдан бөлек. Оның қарымын ¤зім ғана беремін. ¤йткені ол ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан Мен үшін тыйылады. Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: біреуі – ауызашар, екіншісі – Алла тағалаға қауышқан сәті. Алла үшін ораза ұстаушының аузының иісі мисктің жұпар исінен де жағымды», – деген. Яғни, ораза тұтушыларға Жаратқан иеміз өзі сый әзірлеп отыр. Ораза негізінен рия ең аз араласатын құлшылық болғандықтан, оның сауабы да ерекше. Ол үшін Алла ризашылығын алуды ғана аңсап, шынайы ниетпен ұстай білсек жеткілікті.
Күллі адамзатты ізгілікке түсіріп, жол басшы болған Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Жәбірейіл (ғ.с) арқылы Құран түсе бастаған кез осы Рамазан айы. Бұл айда мың түннен де қайырлы Қадір түні бары да мұсылман қауымға белгілі. Ол түнді құлшылықпен өткерген әр пендесіне Алланың шексіз рахымы жауып, өмірі нұрланады делінген. Осының өзінен Тәңіріміздің тура жолға түсіңдер деп пендесіне жасаған үлкен сыйы екенін ұғынамыз. Ананың балаға деген махаббаты Алланың адамға деген сезімінің қасында түкке тұрғысыз екенін де шариғат жолынан біліп, ұғынып келеміз. Ал жәннат қақпасы ашылып, Қадір түнін пендесінің рухани тазаруы, кемелдене түсуі үшін нығымет еткенінің өзі Жаратқанның шексіз мейірімін аңғартады.
Қасиетті Құран сөзімен сөйлер болсақ: «Рамазан айы – адамзатқа жолбастаушы ћәм тура жолға салатын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын ең айқын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңда кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, ауыз бекітсін. Ал кім науқас болып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, қаза болған күндерін басқа уақытта ұстасын. Шынында, Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді. Оразаны толықтырғандарыңды (ұстай алмаған күндеріңнің қазасын өтегендеріңді) және сендерді тура жолға салғаны үшін Алланы ұлықтауларыңды қалайды. Шүкіршілік етерсіңдер», – дейді ¦лы Раббымыз қасиетті Бақара сүресінің 185-аятында. «Шүкіршілік етерсіңдер» дегенінің өзі ойланған адамға әлемдердің өз құзырында ұстаған Раббымыздың кішірейгенін көрсететіндей. Әйтпесе, он сегіз мың ғаламды, күллі тіршілік атаулыны жаратқан Алламыз ақыл иесі болған адамға бұйыра сөйлеп, тәкаппарлық көрсетсе де жарасатын еді. ¤йткені ол әлемдердің патшасы, жоқтан бар еткен, қайта жоқ қылуға да құдіреті жетер хақ.
Сол мейірімге қашанда зәруміз, мұқтажбыз. Егер Жаратушы иеміз ерекше мейірімді болмағанда жер басып жүруден қалар едік-ау. ¤йткені қазіргі қоғамдағы адам естімеген құйтырқы әрекеттер пайда болып, өршіп тұрған шағында бірдің зардабы мыңға тиер еді. Ал ақыреттегі тірлігіміз басқаша. Әркім өз есебімен әуре болмақ. Сондықтан да, қандай да келеңсіз жағдайлар орын алып жатса да, бұл күні төрімізден аттай алмай, лағынеттің жұмысы тоқтап, тыныштықтың құшағында тербейтін шақ. Бұл күні адамзаттың, оның ішінде ораза тұтқан мұсылмандардың жүзі нұрланып, ақыл жетпеген ләззатқа бөленбек. Күнә атаулыға бастар жолдан, жағымсыз әрекеттерден тиылғандықтан да, құдды бір періштедей сезініп, жүрісің жеңілдеп, қадамың батыл болып, жан сарайың ашылмақ. Бұны ұлық мерекені құлшылықпен өткеріп келе жатқан бауырларымыз жақсы біліп, сезініп келеді десек, артық айтқандық болмас.
Жалпы әр адам өзін мұсылманмын деп біледі. Алайда, «жүрегінің түбіне терең бойлап», шариғи шартқа сай әрекет етіп, ислам құндылықтарын қаншалықты біліп жүр деген заңды сұраққа көп мән бере бермейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ислам мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау және қажыға баруы», – деп ашып көрсеткен. Сондықтан да, адамзаттың асылы айтып кеткен парыздардың бірін өтеп қалатын уақыт жылына бір сағындырып келеді. Осы айды құр жібермей, сансыз сауаптың иесі бола білсек қой, шіркін...
Иә, кейде пенделікке салынып дүние тіршілігімізге көп мойын бұрып кетеміз. Алайда, қасиетті бұл ай жылына бір келетінін естен шығармағанымыз абзал. Ал келесі келер Рамазанға дейін кім бар, кім жоқ? Биылғы аптап ыстыққа тура келген оразаны ойлап қиналып жүрген жандар да бар шығар. Күннің ұзақтығына шыдай алар ма екенмін дейтіндер болса, «Алла адамға көтере алмайтын жүк артып, қолынан келмейтін істі жүктемейді» деген Құран сөзін есіне түсіргені абзалырақ. Шын мәнінде күннің ыстығын ойлап қобалжып жүрген жандар болса, «Тағылым тамшылары» кітабында көрсетілген мына бір оқиғаны еске түсірсе екен дегім келеді. «Нөкерлерін ерткен Хажжаж Мекке мен Мәдина арасында жолаушылап кетіп бара жатып бір бұлақтың басында тынығуды жөн көреді. Дастарқан жайылғанда Хажжаж:
– Маңайға қараңдаршы, жағдайы нашар біреу-міреу кезіксе шақырыңдар, астан ауыз тисін, – деді. Нөкерлер үстіне ілінген ескі шапаны бар біреуді тауып, ұйықтап жатқан жерінен оятып, ертіп келеді.
Хажжаж оған: – Кел, бірге тамақтанайық, – деді. Ол «жемеймін» деп астан бас тартады. Хажжаж себебін сұрағанда «мені бұдан да артық дастарқан күтіп тұр», – деген жауап алады.
Хажжаж ол қандай дастарқан дегенде:
– Алла тағалаға қонақ болуға шықырылдым, мен ауыз бекіткен жанмын, – деді. Сонда Хажжаж:
– Мынандай ми қайнайтын уақытта қайтіп ауыз бекітіп жүрсің? – деп таңырқағанда, ол:
– «Иә, қияметтің ыстығынан қорғану үшін осы ыстыққа шыдап ораза ұстап жүрмін, – деп жауап береді». Осы бір оқиғаның өзі шын түсінген адамға қанат бітіретін, имани ахуалын жоғарылататын ғибратты дүние.
Ораза – қалқан. Адам баласының пәк табиғатын кірлетіп, күстаналап кететін күнә болса, одан қорғайтын ораза құлшылығы екені белгілі. Сондықтан да, дін ғалымдары қалқан деп сыйпаттайды. ¤йткені адам бойындағы күнәға қарсы тұру қабілетін арттырып, иманын күшейтіп, көз, тіл секілді біліп-білмей зиянға ұшыратар мүшелерімізді тыныштандыруға мол мүмкіншілік тудырмақ. Бірақ оразаның осы қасиетін біле тұра адам өзі әрекет етпесе, яғни нәпсісін тәрбиелеп, көркем мінезді болуға талпынбаса, «тақыр-таз қалпыма қайта түстім» дегендей, өзгеріссіз өмір сүре бермек. Ал ораза тұтқан адам кемшіліктерге бой алдырмауға, жағымсыз әрекеттерден аулақ жүруге тырыспаса құлшылығының құны дүдәмал болмақ. Бұл жайлы пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім аузы берік кезінде өтірік айтып, жаман нәрселерден бас тартпаса, біліп қойсын, Алла тағала оның тек қана ішіп-жеуін доғаруына мұқтаж емес», – деп ескертіп кеткен. Бұның өзі түсінген адамға талай нәрсені аңғартатындай. ¤йткені ораза жай ғана тамақтан тыйылып, ашығу емес. Кімде-кім тек қана асқазанға ас апармауды ораза тұту деп, дүние-тіршіліктегі бос сөздер мен кішігірім күнәларды елемей сәресіден ақшамға дейін ел қатарлы аузым берік деп күнелтетін болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай, «Алланың ашыққан құлға мұқтаж емес» екенін есіне алғаны жөн деп білеміз.
Жалпы Рамазан айында ауыз бекіту парыз. Ал оны мойындамаған адам діннен шығып кететіні «Ислам ғылымхалы» атты бірқатар кітаптарда жазылған. Бұдан асқан қорқынышты дүние болмас. Дінім – ислам, кітабым – Құран, өзім мұсылманмын деп жүргенде, Алланың парыз еткен амалын мойындамау арқылы бабалар жүрген жолдан қиыс кетіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) үмітті үмбеті қатарынан табылмаудан құдай сақтасын. Ал егер оразаның парыз екенін мойындап, бірақ жалқаулықпен немесе басқа бір оймен орындамаса діннен шықпайды, бірақ күнәћар болып саналды. Мынау бескүндік жалғанда күнә арқалап өткеннің өзі мұсылманшылыққа жат қылық. Сондықтан да, айбынды елдің, айбарлы бабалардың, ақ жолдан айнымай өткен даналардың ұрпағы ретінде алдағы келе жатқан Рамазан айын «қош келдің!» деп қарсы алып, қатари-халіміздің жеткенінше құлшылық жасауға асығайық.
Асыл Сұлтанғазы
Жыр-арнау
Ораза тұтам
Ораза тұтам, асыға күткем бұл айды,
Рамазанның әр күні нұрлы, шырайлы.
Арылам енді пенделіктерден бойдағы,
Тазартам, қуам қандағы сайтан, күнә-ойды.
Тартынам астан, түзелем бейпіл сөзден де,
Тиылам жөнсіз сұқтана қарар көзден де.
Құлшылық жасап жинаймын сауап-сыбаға,
Қорғанышым сол қияметтегі безбеннен.
Барға да жоққа сабыр етемін шүкір деп,
Ернеуден асар мейірім-сезім шүпілдеп.
Иманнан қорған соғамын, жуып күнәмды,
Көңілдің жыртық, ойдым жерлерін бүтіндеп.
Бозала таңнан оянам сәресі ішуге,
Аппақ бір әлем көргенім кілең түсімде.
Ораза тұтам, төзем аштыққа, шөлге де,
Бар менен жоқтың қадірін біле түсуге.
Ораза тұтам, ризалығы үшін Алланың,
Жаратқан ием, қуат-күш беріп, қолдағын.
Бескүндік фәни өте де шығар қас-қағым,
Мәңгілік дейтін мекенге барар жолдамын.
Серікжан ҚАЖИ.