Алаштың арда ақыны

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 2038
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ әдебиетінде қайталанбас туындылар тудырған қаламгерлер санаулы. Дегенмен, руханияттағы ұлы көш жалғасын табуда. Үзіліссіз, үздіксіз өмірге келіп, тарих сахнасында жылт ете қалар таланттарды «толқыннан толқын туады» деген жыр жолдарымен бейнелеудің өзі ақиқаттан алшақтаумен пара-пар. Тұлғаның тұлғаға ұқсауы табиғи тылсымдықтан тұрса, шығармаларының үндесуі заңдылық емес пе?! Оқыды, тоқыды, сөйтті де бұрын жазған ақын-жазушының соқпағынан желі үзе алмай қалды. Бұл жақсы ма, әлде, жаман ба?! Жақсылығы – алдыңғы толқыннан алған дүниені жетер жеріне жеткізе жырлау, жаманы – ақын салған сүрлеудің күрмеуінде қалып, өзіндік ізді айқындай алмауы. Асқар Сүлейменовше айтсақ «сорпаның сорпасының сорпасы» болу. Міне, бұл жағынан келгенде қазақ әдебиеті осы аша жолмен  өрбуде. Жастардың арасында алдыңғы толқынға еліктеп тың тақырыпқа бой ұрмай жатқандары мен жиған білімін талантына жұмыс істетіп жатқандар бар. Сірә, бұл руханият әлеміндегі тылсым заңдылық болса керек.

Ал сонау әдебиеттің алтын кезеңі болып саналған тұста жыр аламанына қосылған ақындардың бірқатары бүгінгі шайырлардың көз тастар көкжиегіне айналған-ды. Солардың сапында сыршыл да шыншыл, сыншыл Тұманбай Молдағалиевтің жұлдызы алабөтен жарықырай көзге ұрып тұратыны анық. Қазақтың асыл сөзін арда емген ақынның сондықтан да жыр-ғұмыры ғасырдан-ғасырға жалғаса беретіні сөзсіз. Ал алты Алаш жырын тұмардай тағынып, әр сөзін жүрек түкпіріне сақтағандығы бір бөлек, оның отты өлеңін, жалыны сұрапыл, шарпуы бөлек сом туындыларына қарап бой түзеп жүрген жастардың көптігі көңіл қуантады. Бұл ақынның талайлы тағдырына тұрақтаған бақ пен бақыттың батпандығы десек, жаңылыс баспаспыз.
Тұманбай Молдағалиев небәрі жиырмадан асқан шағында  «Студент дәптері» атты тырнақалды туындысымен танылып, сол кездегі мүйізі қарағайдай зиялылардың ақ батасына  кенелген, дарыны, қаламының қарымымен өзгелерді мойындата білген аймаңдай ақын еді. Алғашқы қадамынан-ақ «дыз етпе» аттай ойнақшып шықпай, байыпты да байсалды болмысына тән салмақты өлеңдер жазғандығы кең тынысты, қыза шабар хас тұлпарға тән қасиет емес пе? Мұны әу баста Жасаған ие ақынның бойына шақтап бере салғандай. Осы бір тебіреністен туған сөздерді дәлелдеп жатудың қажеті шамалы-ау. Егер буынсыз тілден шыққан сөзге жан бітір дейтіндер болса, ақынның алғашқы жинағындағы өлеңдерді бір шолып шықсын. Мәселен, аталмыш кітаптағы «Күз» атты бар-жоғы екі шумақтан тұратын өлеңді алдыға тарталық.    
Ақшыл ма, әлде күлгін, әлде қоңыр –
Торлады көк аспанды бұлт керуені.
Сорғалап әлсін-әлсін күміс жаңбыр,
Ажарсыз шөптің басын жел тербеді.
Су бөгеген жаз күні артта қалып,
Тоған толы көп толқын тасып ақты.
Жапырағын озбыр жел тартып алып,
Өкпелетіп кетіпті жасыл бақты. Бұл жас жүректің жалын атып тұрған шағындағы, поэзия әлеміне алғаш аттап басқан тұстағы жырларының бірі ғой. «Ажарсыз шөптің басын жел тербеген» күз мезгілін суреттеуі ақынның орныққан, өлең әлеміне көп ізденіспен келгенін айқындайды. Әрине, қазақ халқының біртуар перзенті жайлы «ақындық қуаты мол, білімі кемел еді», – деп баға беріп жатқанымыз қисынға келмеуі мүмкін. Біз жазып, мойындамасақ та, әлдеқашан Алаш жұртының көгінде жарқырай жанған Тұманбай жұлдызының сәулесі кеміп, нұры азайып қалмасы анық. Дегенмен де ірісін іздеуге енжар, тірісін бағалауға салғырт халықтың көкейінде «Тұмашты дәріптеусіз қалдырдық» деген алаңдаушылық айқын көрініс тауып жатқан шақта, ақынның алғашқы қадамынан соңғы жинағы арасындағы жырларға шолу жасап өткенді жөн санадық. 
Иә, Абай қалыптастырған жазба әдебиетінде поэзияның алатын орны ерекше. Сондықтан да болар, көп ақынның өлеңінде хакімнің сарыны байқалып жатады. Ал жиырма жасында Абайдың: «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», – деп келетін «Күз» өлеңіндегі суреттеуді өз шеберлігімен дамытып, лирикалық сарында» «Жапырағын озбыр жел тартып алып, өкпелетіп кетіпті жасыл бақты» деген тіркеспен өрнектей білуі, жасыл бақты адамдай өкпешіл етіп көрсетуі жас ақынның қиялының ұшқырлығын  танытып, өресінің биік, тынысының кең екенін айғақтайды. Мұнымен ғана шектелмей «Студент дәптері» топтамасындағы «Гүл» атты өлеңге зер салсақ, ақынның жан-дүниесі әу баста табиғаттан нәр алған, тек соны жырлауға жаралғанын аңғарамыз. «Кезім ғой осы жанатын, көктем кеп ашты көңілді, кең жайып жібек қанатын, жауыпты гүлдер өңірді», – дейді дәл осы өлеңде. Сірә, қырмызы гүлдер құлпыра бой түзеген беткейге көз тіге тебіреніп тұрып осы бір шумақты жазған болар. Бұл жағы жұмбақ болғанымен, айқын аңғаратын дүние – қаламгердің әр мезгілді және табиғатты бар болмысымен сүйіп, оны өмірлік өлеңіне арқау етуі. 
Қазақ тарихындағы ең ауыр кезең болып саналатын ғасырда, Ұлы Отан соғысы алдында өмірге келген ақын зұлмат жылдардың ызғарын жан жүрегімен сезініп, егіле толғаған. Мұзарт таудың мұзбалағы саналған Мұқағали сол кезеңді «Қайран жеңгем» атты ғажайып өлеңімен жетер жеріне жеткізе жырласа, сезімге бай ақын «Тербетіп отыр бесікті» атты жырымен ерекшеленеді. Туындыда «өзімдікі жөн» дейтін, анасынан басқаға көнбейтін тентек те мазасыз баланың портреті сомдалған. Аз жыл өткен соң әлгі сотанаққа сүйсінген ақын:
    Сабырлы жүзі күлімдеп, 
    Ақылды болып өсіпті.
    «Тентек болма, інім» деп,
    Тербетіп отыр бесікті, – деп жырлайды. Осы бір шумақта бір халықтың мұңы мен зары, қуанышы мен алдағы күнге деген алданышы қатар өрілген. Әкесіз өскен перзенттің анаға деген іңкәрлігі, соған ғана еркелеп басқа жан баласына көндікпеуі бір шумаққа сыйып тұрса, келесі жыр жолдарына мазасыз баланың ерте есейіп кетуі тілге тиек етілген. Ал одан кейінгі жыр жолдарын жоғарыда атап көрсеттік. Айналдырған үш шумаққа балғын ақын, жас Тұманбай адамзаттық трагедияны арқау етіп, сұрапыл соғысқа, одан жапа шеккен халықтарға жырмен ескерткіш орнатқан. Бұл «Асау өзен секілді екен жас өмір, асығатын алға қарай тым қатты», – деп өзі жырлағандай, ақынның жастық шағындағы жыр маржандары. Поэзия әлеміне өзіндік үнімен екпіндей келген қаламгердің еңсе тіктеп, іргелі әдебиеттің белді өкілі болғандығына осы бір бозбалалықтың мөлдір де бояуы қанық белгілері дәлел. Ал оның қайталанбас ақын екендігі қаймана жұртқа, көзі қарақты оқырманға айшықтап берудің қажеті шамалы. Ол онсыз да қазақ елімен бірге жасай берер бірегей тұлға.
Өткен ғасырдың жуан ортасында тұяғының тасырымен дарқан даланы дүрліктірген жыр аламанында Тұманбай Молдағалиевтің шабысы алдыңғы толқынды таңдандыра түсті. Сондықтан да болар, көрнекті жазушы-академик Мұхтар Әуезовтің назарына ілігіп, Сәбит Мұқановтың қолына қалам алғызып, өзі жайлы арнаулы мақала жазғызғаны. Бар-жоғы 33 жасында Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, 1982 жылы азулы ақын Хамит Ерғалиевпен қатар бәйгеге түсіп, жүлдені тең бөлісуінің өзі не тұрады десеңізші?! Тіпті, арда ақын Әбділдә Тәжібаев інісін аузынан тастамай, кей кездері «Мен Тұмаштан үйреніп жүрем», – дейді екен. Бұл әсірелеусіз әспеттеудің астарында көп нәрсе жатқандығы мәлім.  
Заңғар тұлғаларды тебірентіп, өзіндік бағасын алғашқы айналымда-ақ алып қойған ақынның көптомдық шығармалар жинағын шолып шығып, қайран қаласың. Әлем әдебиеті, олардың мәдениеті мен тарихын танып-білудің өзі бір адамның ғұмыры жетпес уақытты қажет етеді. Ал табандылықпен сол дүниелерді оқып, санаға тоқып, сөйте тұра бірнеше кітапты жазып тастау рухы бекем, бағдары анық, бойындағы алапат күшке сенімді қаламгердің ғана қолынан келер шаруа ғой. Бұл жағынан алғанда ақынның ерен еңбегін кез келген кітапхананың сөресінен табылар көптомдықтарға қарап пайымдай беруге болады. Әлем әдебиеті жайлы айтып қалдық. Абайдан басталған аударма мәселесі мен адамзаттық мәселені, өзге елдің тарихы мен әдебиетін, таным, түсінік, салт-санасын шығармаға арқау ету өз деңгейінде өрбіп келе жатқан жұмыс. Дегенмен, бәзбіреулердің сапар барысында туындаған жырлары, күнделік пен жолжазбалары бір елді оқып тануға аздық етіп жататыны белгілі. Яғни, қаламгер жетер жеріне жеткізе алмай, оқырманның танымын өсіруге қауқарсыздық танытап қалады десек, шындық шеңберін шарт үзгеніміз бола қоймас. Бұл жағынан алғанда Тұманбайдың «Венеция дәптерінен», «Рим дәптерінен», «Неаполь дәптерінен», «Тирен теңізінің жағасындағы ой» атты туындыларымен тағы да ерекшелене түсетіндей. Өйткені, оның жазбаларында бір халықтың таным-түсінігін айқындайтын, ел мен жердің қасиетін, бар болмысын көз алдыңа алып келетін суреткерлік шеберлік пен пайымы терең өреден өрілген өлеңнің мөлдірлігі адам жадын еріксіз сиқырлап, өзіне тартып-ақ тұрады. 
Рас, ақынның «Жүрегім менің сапарда» атты жинағындағы әр сапарда жазылған туындыларын тізбелей берсек, артық етпейді. Алайда, әлемнің алты бұрышында болған қаламгердің Италия циклі адам жанына ерекше әсер ететіндей. Жалпы, еліне «Тұмаш» атанған Т. Молдағалиев қазақ ақындарының алғашқысы болып сапарнамалық шығарма жазды. Осы уақытқа дейін талай қаламгер осы дүниені өзінше өрнектеп келе жатқаны көзі қарақты жандарға таңсық емес. Дегенмен, олардың бәрі Тұмаштай тұмарлы жырды тағынып қайтпағандай көрінеді де тұрады. Сәби мінезді ақынның Италия циклі бейнелі де бедерлі поэзия. Бұл энциклопедиялардағы академиялық мағлұматтардан бөлек, адам жанының шынайы тебіренісінен туындаған танымдық сапа мән тәлімдік сипатқа толы оқшау ойлардың жиынтығы һәм шынайы суреттеуден тұрады. 
«Серрентоға кел қайтып, 
        кетпе мені мұңайтып», 
Деген әнді ортада бір қара көз 
                тұр айтып.
Мұндай қыздың тілегін 
        қайтару да мүмкін бе,
Жүз кеп кетер едім-ау 
Серрентоға бір күнде.
Әттең, әнді сол ару 
        маған арнап айтпады,
Сол бақытты жігіт те 
Серрентоға қайтпады.
Үрлеп-үрлеп тұтатып 
        жүректегі шоқтарды,
Барлығына амалсыз ән кінәлі боп қалды, – деп жырлайды ақын өзге елдің махаббат ғазалдарын қазақы орқырманға анық та қанық қылып. Бұл арудың айтқан мұңы болғанымен қазақы танымнан онша алшақ емес секілді. Мәселен, ер Естайдың Қорланға арнап айтқан сағыныш, аңсау сарынындағы әндері осы туындымен сарындас. Сондықтан да, Тұманбайдың кез келген тақырыптағы жырлары адам санасына жеңіл орнығып, оқырманның көңіл көкжиегінің бір шетін Жапонияға тіреп, бір шетін Одессадан бір-ақ шығарады. Осы бір сөзге келіскісі келмейтін жан табылса тым болмағанда ақынның «Тынық мұхит сапары» атты циклін оқып көрсін. Сонда ғана қазақ поэзиясында қайталанбас туындыларымен есімін алтын әріппен қашап кеткен жанның географиялық танымын, адамзаттық көзқарасы мен телегей білімін анықтай алмақ. Ал ақындық қуатын пайымдау бөлек әңгіме.
Махаббат тақырыбында өндірте жаздым деген ақын Тұманбайдай-ақ болсын. Талай жүрекке от тастаған сезімнің құпиясын, сырын жыр арқылы ашып, айшықтап беру мыңның бірінің иығына ғана шақ келер дүние. «Махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқталатын» өлеңде қайталанбас із қалдыра білген ақынның көсіле толғар тұсы да осы. Сондықтан бір ғана өлеңіне тоқталып, «сүйемін, күйемін» деген сөздермен мезі етер кейбіреулердің поэзиясынан оқшау екенін даралай алатынымыз анық. Мәселен, көңілі кеткен ғашығының:
Жеңіл ғана сенің аяқ басқаның,
Ұқсамайды жүрісіне басқаның.
Сенің жайлап жадырап бір күлгенің,
Ұқсамайды күлкісіне басқаның, – деп сан мың қызды ерекшелеп көрсетер қасиетіне суреткерлік шеберлікпен беріле толғанады. Немесе:
Сенің көзің қара да емес, көк те емес,
Ол бір ғажап жарқыраған отты елес.
Сенсіз жерде жыр туындап кеудемде,
Сенсіз жерде қызыл гүл де көктемес, – деп жырлайды. Бұл шынымен де суреткерлігі бөлек ақынның ерекше қолтаңбасы. Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көз нұр жайнайды» немесе Мұқағалидың «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған», – деген өлең жолдарымен сарындас болғанымен, табиғатынан сырбаз ақынның суреткерлігі едәуір салмақты екенін аңғартады. Бұл қазақтың маңдайына біткен қос шайырдан асыра жазды деген сөз емес. Алайда, тақырып пен мазмұн ортақ көрінгенімен, түйсіктіні тебірентер тіркестері өзгеше әрі ғажайып ойдың жемісі екені даусыз. Осыдан-ақ,                          Т. Молдағалиевтің махаббат жайлы жазылған жырларының қуатын, сыршылдығы мен шынайылығын пайымдай беріңіз.
Ал енді бүгінгі күні ақын жайлы айтылып жүрген кейбір алыпқашпа әңгімелер мен жөнсіз пікірлерге тоқталып өтуді жөн санап отырмыз. Біріншіден, жаратылысынан жарқын ақын өз халқын өле сүйіп, қандастарын қаламына арқау еткеніне кінәлі ме?! Екіншіден, арнау жырлары сарындас болса бірсәрі, әр адамға арнаған өлеңі өзінше бір туынды емес пе?! Осы сауалдардың санаға орнығуына бір жайт себеп болған. Бірде алдыңғы толқын ағалармен, қадірлі қаламгерлермен болған сұхбат барысында «Тұманбай ғажайып ақын... Екі кітабы қалғанда тіптен ғаламат күйінде қалар еді. 13 томдық шығармалар жинағының жартысынан көбі «ана ағама», «мына бауырыма», «көршіме», деген сарындағы арнаулар. Оқырманға мұндай жырлардың түкке де керегі жоқ. Сондықтан табиғаты таза ақын  поэзияға да тазалықпен қарау керек еді», – деді. Бұл пікірді естіп алған соң, онсыз да сүйіп оқитын Тұманбай томдықтарын қайта қолға алуға тура келді. «Шынымен де солай ма?» – деген ойдың жетегімен ақын шығармасын тағы бір мәрте шолып шыққан едік. Әлгі қаламгердің түңілетініндей дүние жоқ емес. Алайда көп те емес. Әр арнау өлеңі бүгінгідей жыр бәйгесі (мүшәйра) үшін жазылар дәлелсіз дәріптеуден тұрмайды, керісінше, кейіпкерінің болмысына, табиғатына қарай өрнектелген өлеңдер. Міне, осыны сезіне алмаған кей зиялы қауым мен оқырмандардың арасында алыпқашпа әңгіме туындаған. Осы бір ойымызға тұздық ретінде қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбайдың «Тұйғындай ұшқыр Тұманбай» атты танымдық мақаласындағы пікірді алға тартайық. Балалар әдебиетінің классигі: «Туған ауылын мадақтай алмаған ақын тұлғалы Отанын да ардақтай алмайды. Жалпылама жайдақ, жалаң сөзді жалмаңдатып сырғи беру оңайдың оңайы… Тұманбай шығармашылығын жақсы білетін адам поэтикалық портреттер галереясын тізіп шығар еді. Және соның басым көпшілігі Казаткомның, Еңбекшіқазақ ауданының азаматтары екеніне көз жеткізер еді. Қазақстандағы ешбір ақын бұл тұрғыдан Молдағалиевпен таласа алмайды. Бұл – ақиқат. Кейбіреулер ақынның осы үрдісін бірыңғайлық, бірсарындылық, қайталаушылық деп мінегісі келеді. Бұны мен табанды патриотизм дер едім. Мұнда Смоленскі өлкесін елжірей сүйген Исаковский мен Твардовскийдің дәстүрін жалғастыру бар», – деп жазады. Ақиқаты осы емес пе?! Кімде-кім туған жерін, өскен ортасын сүйсе, Тұманбай секілді жырымен дәлелдесін. Қолынан келмей ме, ақынның кеңжүректілігін мінеп, жомарттығын жоққа шығармасын. Мұзафар Әлімбай «Мейманасы тасыған не атақ іздейді, не шатақ іздейді», – деп түртіп қойыпты мақаласында.  Сол айтылғандай қаламгерлігімен таныла бастаған жандар ақынның аңқылдақ мінезіне, ақ көңіліне, сезімінен туған ғажайып өлеңдеріне килікпесе, «шатақ іздемесе де болады ғой» деп күйінетініміз жасырын емес-ті. 
Ақынның шығармашылығын жалпақ жұртқа танытар және бір арена – ән-өлең жанры. Бұл жағынан келгенде мықты шайырлардың да арасында жырлары әнге айналмағандар бар. Ал халқының Тұмашы тірі күнінде Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сынды музыка майталмандарымен бірлесе жұмыс жасады. Әуесқой сазгерлердің өзі ақын шығармашылығына деген құрметпен бірқатар туындысын әнге айналдырды. Сөйтіп, тумысынан тазалықты сүйетін, әдебиетке адал болған жанның туындылары әнге айналды. Тіпті, олардың санына да жете алмай қалғанымыз жасырын емес. Бүгінде барша жұрттың көмейінде бүлкілдеген «Құстар әні», «Куә бол», «Шақырады көктем», «Бақыт құшағында» және басқа да муыкалық бояуы қанық,  иірімі ерекше, іркес-тіркес туындылар. Бұлардың қай-қайсысын алсақ та, тыңдарманды мезі етпейтін, ғасырдан-ғасырға жалғаса берер кешегі сал-серілердің сүбелі сөзді жанайқайындай, халық мұңы мен махаббатын арқалаған мәңгілік шығармалар санатына жататынын бағамдай аламыз. Мәселен, «Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып оралды Алматыға», – деп келетін көктемнің оралуын суреттеген туындысы мен «Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып, бара жатыр, бара жатыр құс қайтып» деген ән мәтініне назар салсақ, шайырдың шалқуы мен шамырқануы, түйсінуі мен сезімнің нәзік пернелерін дөп баса отырып толғануының өзі қазақ музыка өнерін мәңгілік ету жолындағы табандылық пен ізденістің жемісі екенін көреміз. Сондықтан да, тебіреніп, толғанып дара болмысты дарынның дақпыртын одан әрмен жая түскің келіп, жанталаса бастайсың. Алайда, көзінің тірісінде өз бағасын алып, биігін бағындырып кеткен Алатаудың арда болмысты ақынына лайықты тіркес таба аламыз ба, ол жағы беймәлім...
Бір анық дүние бар. Ол қадамы қанаттас, қаламы санаттас өз құрбыларының арасында, қаламгер қауымның ішінде жарқырай көрінген жыр жүйрігі бүгінгі таңда дәріптеусіз қалып жатыр. Халқының егіз қозысындай еркелеп жүріп ғұмыр кешіп, жыр аламанында қатар көсілген Қадыр Мырза Әлінің ескерткіші бой көтеріп, ақын атындағы арнайы мәдениет пен өнер ордасы ашылғаны белгілі. Алты Алаштың Тұмашы сол баяғы қарапайым қалпымен том-том кітап күйінде ғана сөрелерден табылады. Құрмет ретінде ешнәрсе жасалмағандықтан, басындағы құлыптастан басқа түк жоқ. Бұл шыңдары аспан тіреп қатар жатқан асқарларды алалаудан туған сөз емес. Қасиетті перзентіне пейілін бұрып, елім дегенді ерім дейтін халықтың қолқусырып отырғанына деген ішкі наразылық болар, бәлкім. 
«Жаратылысынан жарқын ақын Тұманбай Молдағалиев отыз жылдан астам өлең патшалығындағы алтын тақтың бірінде сөз армиясына еркін әмірін жүргізуші талант тақсырларының бірі». Бұл ғажайып бағалау емес пе?! Иә, алдыңғы толқынның ізбасарларына қарата айтқан әсірелеусіз әспеттеу, далбасалаусыз дәріптеуі. Шынды сын деп қараған, «Қалам және оның жазуына серт!» – деген Құран аятын жүрегіне қондырып, қазақ руханияты үшін жан беріп жұмыс істеген қажырлы қайраткерлердің сөз саптауы осындай кесек-кесек ойдан тұрады. Дегенмен бұл пікір 1985 жылы қағазға түскенін ескерсек, ақынның алпыс жыл өлеңмен серік болғанын аңдаймыз.  Ел мен жер, сезім мен сенім, шындық пен шынайылылық деп өмір сүргенін, жүрегіндегі лықсыған дүниесін әдемі қалпында әсірелемей қағазға түсіргенін көреміз. Сондықтан да  өмірде арына кір шалдырмай өткен қазақтың біртуар ақыны поэзия көгінде шолпан жұлдыздай жарқырай көрініп, халқымен бірге жасай бермек. Бұл – ақиқат!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ