Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖЕҢІЛДІГІ - КӨБІКТЕЙ, АУЫРЛЫҒЫ - ТАБЫТТАЙ. ЖҰМЕКЕН ЖЫРЛАРЫН ОҚЫҒАНДА

Уақыты: 07.08.2022
Оқылды: 1236
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Барлық өнер атаулының басын қосатын өзінше бір патшалық», – деп Молдаваның әйгілі ақыны Петря Дариенко өз дәуірінде поэзия жанрына ерекше баға беріпті. Асылында ақындығын дәріптеп, қаламынан жыр сорғалап, өлең төгілгендіктен, ойы мен сезімінің жемісі тек поэзиялық туындылар, эпикалық шығармалар болған соң асқақтата бағалаған-ау дерсіз. Бәлкім, солай да шығар?! Әрбір өлеңнің мазмұн-мәйегін, ішкі ырғағын түсінген жан, ықылым заман, қадым дәуірден бергі қазақтың рухты да қасиетті жырымен сусындаған адам бұл ойды теріске шығарудың орнына, қуаттары, қолдары хақ. Ал, қазақ поэзиясының биігіне ту қадаған талант-тақсыры – Жұмекен Нәжімеденов жырларын оқығанда әлгі патшалықтың жақұт тағы табаныңның астында қалғандай күйге бөленерің даусыз.

Заманынан озып туған ұлы ақынның тұтасқан 7 томдығын таушалап оқып, тілшелеп тауысқанда жан дүниең күмбірлеген күйге ұқсап кетеді. Күй демекші, ақын поэзиясының негізгі бір шоғыры осынау құдіретті саз өнерімен сабақтасып жатыр. Тіпті, шайыр қаламынан сонау 1967 жылы «Күй кітабы» өмірге келіп, оқырманды рухани ләззатқа бөлегені тарихтың жылнамасында жазылған шындық еді.

Қазақ әдебиетіне ешкімге ұқсамайтын өзгеше сарын, тым асқақ, тау өзеніндей тасқындаған екпін алып келген Жұмекен Нәжімеденов аталмыш кітаптағы жыр әлқиссасын Құрманғазыдан бастайды. Дауылпаз күйшінің жан толқынысынан туған күйін «Қайғырма, ана, серттімін» атты жырында:

«Не көрсеттім мен саған,
Азапты ойдан өзге не?
Көріп едің, анажан, мен секілді «кезбеден».
Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды,
Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды»,
– деп баяу толғай келіп:

«Ұл тіледің құдайдан – алдың оны зорға, ана,
ар тіледің құдайдан – жоқпын арды қорлаған;
ақ тілеуің құдайдан – жалғыз мен ғой, балаң ғой;
бақ тіледің құдайдан – құдай оған сараң ғой;
көрмейтінін құдайдың – көріп қайтып шыдадың;
бермейтінін құдайдың – неге ғана сұрадың»,
– деп шымырлатып ала жөнеледі.

Бұл жырдағы осынау отты ойлар, тосын теңеу мен текті тіркестің бәрі заманында Құрманғазының қос ішекті домбырасынан күй болып төгілген ащы зар мен қатаң байламдар еді. Оны сол топырақтан өніп, қазақ поэзиясының шоқтығын көтерген ақын жырмен сөйлетіп отыр.

Әпсана мен аңыздың түпкі қайнарынан сөз суыртпақтасақ, заманында Құрманғазы ұсталып, жазықсыз кетіп бара жатқанда жанарына шық тұнып шешесіне қараған деседі. «Қарағайға қарсы біткен бұтақтай» берік болудың орнына, сәл босап қалған ұлына анасы: «Ер тудым ба десем, ез туғаным ба?!         Жанарыңның сығындысын сыртқа көрсетпе», – деп рух беріпті-міс.

Бұл ақиқатпен астасқан аңызды Жұмекен жырында:

«Қайғырма, ана, серттемін – бал берсе де айныман,
Күйім болар шерткенім – жан берсе де айныман.
Суық едім, жан ана, 
– тыншытпады күй деген,
туып едім далада – өсіп келем түрмеде;
бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,
ханға бермес қолымды – кісен қиып барады,
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін!»
– деп айшықтайды.

Құрманғазы Сағырбайұлының бірқатар күйін жырмен сөйлеткен ұлы ақынның шығармашылығында күй туралы сан мың тіркес, кесек-кесек суреттеулер бар. Олардың әрқайсысын жеке алып, тіпті, бір жырды тереңнен талдасақ, ақынның күйді кеудесіне сіңіріп, тамырында тулатқан сазгер болғанын байқаймыз.

Сонау жастық шағында Алматыға арман қуып келіп, мұғалімдікке құжат тапсырып, сынақтан төмен баға алып қалған Жұмекен ақын шығармашылық сынақтан сүрінгеніне суық қолдылардың араласқанын сезіпті. Қара аспаннан қан жауса да қас қақпас сабазыңа сол кезде қамқорлық танытқандар консерваторияға түсуіне жәрдемдессе керек. Бұл нақты деректі ақынның 100 өлеңіне талдау жасаған Алмас Ахметбекұлының естелігінен таныдық. Ендеше, күй өнерінің кәсіби маманы жазған жырлардың құдіретті болып келуі, әсіресе, саз өнеріндегі ұлы шығармаларды өлеңмен көмкеруі заңдылық деп білеміз.

«Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,
Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай,
ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай»,
– деп келетін жырында ақынның талант қуаты, қарым-қабілеті қылаң береді. Неткен сұлу тіркестер, неткен ойлы байламдар деп іштей сүйсінесің әрі еріксіз тебіренесің. Төгілген үнді көк гауһарға ұқсатқан бұл жыр жолдарын дәулескер күйші Дина Нұрпейісоваға арнаған-ды.

Құмшауыт даланың желегін жайпап, қағырына қонған ақшаңқан үйінде саз қалықтатып, той-думандардың сәніне айналған, қазақ сахарасында қоңыр үн қалықтатқан Дина 76 жасында алғаш сахнаға көтеріліпті. Даланың дауылпаз күйшісі шанағы ақжемденген қара домбырасын көкірегіне басып саз төккенін көрген ақын «Ғасыр пернесі» аталған жырының алғашқы шумағын әлгіндей бастаса, жырдың келесі жолдарын:

Үй өрекпіп өрттей боп жанды жағып жатты-ау бір,
бетке шарпып қан ойнап – әсеріндей мақтаудың, –
Жатып алды бес саусақ пернелерді жастанып,
Жаңа талап күйші отыр жетпіс алты жастағы,
– деп термелейді. Осы бір өлеңді тұтас оқып, талдап кеп жіберсе ақынның көкірегі тұтасқан ұлы симфония деп қабылдарыңыз да хақ!

Жұмекен ақынның жұмыр етін тілгілеген дүниелер – әзиз басынан кешкен түрлі жайттар, өзі көрген тағдыр тақсыреті, тартқан мехнаты ғана емес, сонау ықылым замандағы ұлылардың жігерін құм қылған қасіретті де қастерлі оқиғаларды сезіне білуінде жатыр. Құрманғазы, Тәттімбеттен тартып, өз заманына дейінгі күйлердің ащы зарларын, қатаң байламдары мен толқын-толқын толғауларын, оң және теріс бұраулы ішектен үзіліп шыққан үміт кезегіндей нәзік те нәркес саздарды көкірек көзімен көре білуінде. Музыка өнерінен арнайы білімі бар ақын сондықтан да «Күй кітабы» жыр жинағында қазақ таланттарының туындыларын тереңнен талдап жазады. Жырмен қашап, қалыпқа салып тарқатады!

Мәселен, Құрманғазының «Алатау» күйі жайлы толғанғанда:

«Алатау деймін,
Алатау деймін...
Не түсіндің бұ дүниеде – ұлы болып, Алатау,
Не тындырдың мына әлемде – шыңы болып, Алатау.
Шыңы болсаң – жанды да ұқпай шығандаған
шығарсың.
ұлы болсаң – жаңғырықпай тұра алмаған шығарсың,
Мұнар басқан қар шыңдарың – тыйылғаның болды ма,
сол мұнардан аршылғаның – жымиғаның болды ма,
Тыйыла алсаң, неге адымдап жүре алмайсың, Алатау,
жымия алсаң, неге ағындап күле алмайсың, Алатау»,
– деп күй тасқынын қасиетті өлеңнің қалыбына құйып береді. Құрманғазы бабамыздың сол туындысын осы жырды оқығаннан кейін бірауық тыңдап, қайталай сәп салып шықтық. Біздің көңілге Жұмекеннің жүрегіне қонақтаған мазмұн қонған емес. Қонса да ақын жырының әрбір жолын таңдана оқыған соң ғана, бірқадыр түсінгендей болған секілдіміз.

«Сүгіреттей сұлулықтың киіп алып атағын,
Қыбыр етпей қыңыр шыңдар әлі қанша жатады?!
Сені демеп «бата беріп» қанша түн мен күн кетті,
Неге керек жата беріп ұлылықты міндет қып!»
– деген шумақтағы ойлардың күй тілінде қарапайым адам аңғарар ма екен? Жыр қонған, кие дарыған, күй күмбірлеген кеудеден осылайша інжу қотарған Жұмекен ақынның күй туралы өзге де жырлары тосын теңеулерге толы. Тым қуатты екпін, телегей тасқын күшін көресіз. Сан мың тұлпардың дүбірлі шабысы көзге елес береді. Осындау жырларды тудырған шайыр:

«Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,
бір тазартып алайын көңілімді.
Жалаңаштап жанымды көрейінші
Жетпей жатқан жерімді, не мінімді;
төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді»,
– деп тебіренеді.

Шындығында, жырдан рух алып, күйден көңіл тазартар кешегілердің өнерге деген ұлы махаббаты бүгінгі бізге өлмес тақырыпқа айналғандай. Әр ақынның ұлы қабілетін, жан сезімін тереңнен толғай отырып, кешегілердің соншалықты қабілетке ие болғанына іштей таңданып, сүйсіне түсеміз. Ал қоңыр домбыраны кеудеге қондырып күй түлеткен, ақ қағазға жыр кестелеген Жұмекеннің жырлары тіптен таңдай қақтыра  қасиетке ие екені даусыз. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ