КӨЛШІККЕ ТАСТАЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАР: ӘКІМДІК ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Уақыты: 27.03.2021
Оқылды: 1341
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қапшағай қаласының тұрғыны Марианна Шамаева өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан көлшікке медициналық қалдықтар тасталғаны туралы фото-бейнематериалдар жариялаған болатын. Осыған байланысты Қапшағай қаласының әкімдігі түсініктеме берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бейнематериалда көрсетілгендей, Қапшағай қаласының «Восточный» және 12 шағынаудандарының аралығында пайда болған көлшікте медициналық қалдықтардың жатқаны белгілі болды. Нақты атап айтсақ, суға пайдаланылған шприцтер, науқастарға қойылатын системалық заттар, мақта, орама қағаз қораптары тасталған.

Осы мәлімет хабарланған сәттен бастап, Қапшағай қаласының тұрғын үй-коммуналдық және өңірлік коммуналдық қызметінің қызметкерлері қоқыс тасталған орынға шығып, фото-бейне тіркеу және медициналық қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Содан кейін аталған медициналық қалдықтар талаптарға сәйкес толықтай жойылды.

- Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылықты жасаған белгісіз адамды немесе ұйымды анықтау үшін іс-шаралар жүргізуде, - деді Қапшағай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ардақ Қасымханова.

Айта кетейік, көпшілікті алаңдатқан мәселеге Экология министрлігі де үн қатып, медициналық қалдықтар толықтай жойылғанын мәлімдеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"