ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ МАЛШЫ БІРГЕ АРАҚ ІШКЕН ТАНЫСЫН ӨЛТІРІП ТАСТАДЫ

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 1425
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарасай ауданының малшысы ішімдікті бірге ішкен танысын өлтірді деген күдікпен ұсталды. 66 жастағы тұрғын қолы қан болып, иен далада қашып бара жатқан. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 00:10 шамасында Қарасай ауданының полицейлері арнайы шақырту бойынша оқиға орнына барған.

Тәртіп сақшылары Қаскелең қаласының Абылай хан көшесінде ер адамның денесін тапқан. «Жедел-іздестіру шарасы арқылы полицейлер сол маңда қашып бара жатқан ер адамды байқаған. Бірден оның ізіне түсіп, ұстаған. Қолға түскен 66 жастағы азаматтың ішімдік ішкені анықталды және оның қолы қан болды. Таңертең есін жиғаннан кейін ол өзінің малшы болып жұмыс істейтінін айтты. Танысымен бірге ішімдік ішіп, сөзге келіспей, ас үй пышағымен оны өлтіргенін де мойындаған. Қылмысын жасыру үшін оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан, бірақ ойы жүзеге аспаған», - делінген полиция хабарламасында. Қазір айғақ зат тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"