ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ЖАУЛАП АЛҒАН

Уақыты: 08.06.2021
Оқылды: 3439
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазіргі таңда балалар мен жастардың санасын ұялы телефон жаулап алғаны анық. Әрбір жас жақсы өмір сүріп, сәнді киініп, қымбат телефон ұстағысы келеді-ақ. Бір сөзбен айтсақ, уақыт ағымынан қалысқысы келмейді. Ал ұялы телефоны болмаса өзін заман көшінен қалып қойғандай сезініп, өмірден баз кешуге бар.


Соңғы үлгідегі, жақсы телефонды ұстасын-ақ. Оған бәріміз де қуанамыз. Тек жастардың одан пайдалы емес, зиян тұсын көп алатыны болмаса.  Оның зияны – ұялы телефонды мөлшерден тыс көп пайдаланатынымыз. Отырсақ та, тұрсақ та, жатсақ та үнемі жанымызда ұстап жүреміз. Оған минут емес, секунд сайын жалтақтай береміз. Бес минут бір жерде қалдырып кетсек, өзімізді жоғалтқандай боламыз. Ішіндегі қызықтарды сағаттап көріп жатып оның шырмауынан шыға алмай, қаншама алтын уақытымызды текке өткізіп жатырмыз.  

Ұялы телефоннан бас көтермей жүрген баланың сабағы да қайдан жақсы болсын?! Оның ішіндегі түрлі қызықтар, «тик-ток», «вайн», ойындар білім алуға деген ынтаны төмендетіп, еріксіз өзіне тартып әкетеді-ақ. Оқушылар ғана емес, студенттер де ұялы телефонның «құлына» айналғандай. Телефондағы әлеуметтік желілер жастарымыздың жалынды ортасындай, сонда тіл табысып, кейде айтысып-тартысып, онлайн өмір кешеді де жатады. Бұрынғыдай жастардың саябаққа қыдырып, театрға, концертке, кинотеатрға барып дегендей, рухани жан дүниесін байыту жағы ысырылып қалды. 

Ұялы телефонды үнемі пайдалану адамның мінез-құлқына, бір-бірімен қарым-қатынасына әсерін тигізуде. Бұрынғыдай емен-жарқын әңгіме айтып, қажет кезде сыр тарқатып, кейбір өзекті мәселелерді бірлесе шешіп жататын жастар аз-ау қазір. Бәріне қарасаң «сен тимесең мен тиме бадыраңкөз» дегендей, бұйығы өмір кешуде. Бүгінгі жастардың тыныс-тіршілігі бізге бейтаныс әлем – кішкене қорапшаның ішінде ғана өтіп жатқаны өкінішті-ақ. 

Жалындап тұрған жастық дәурен ұялы телефон ішіндегіні емес, кітаптың бетіндегіні бойға тоқып, ілім іздейтін уақыт. Елбасының өзі: «Ел болашағы жастардың қолында», – деп үлкен сенім артты емес пе? Ешдеше, ойланайық. Ұялы телефонға күндіз-түні телміргенді қойып, тек қажетімізге ғана жаратып, сабағымызға керек ақпараттарды алып, орынды пайдалансақ, нұр үстіне нұр болмақ. Елімізге белгілі ақын, жазушылардың өміріне үңілсек те жастық шағын кітап оқуға, ілім-білім жинауға арнаған. Ұялы телефонсыз-ақ атын шығарып, биік белестерді бағындырған. 

Әлбетте, қазіргі заманды ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Қоғамның қай саласына, күнделікті өмірге болсын телефон ауадай қажет. Жақындарыңмен, достарыңмен хабар алысып, жазысудан бөлек, қоғамдық көлікпен жүргенде де оның бағыттарын көруге, белгілі бір ақпараттарды фотоға түсіріп алуға және  басқа көптеген жағдайларда керек. Телефонның пайдалы жақтарын бәріміз білеміз. Ал, зияны – жастардың көп уақытын осы телефонға телмірумен өткізетіні. Осы орайда жастарға: «Ертеңің  бүгіннен  басталады», – дей келе, қамшының сабындай қысқа ғұмырда уақытымызды босқа кетірмей, білімге арнап, ел болашағын бірге ойлайық дегім келеді.

Айжан Жарасбекова