ТАНЫМАЙТЫН АДАМҒА СӘЛЕМ БЕРМЕУ - АҚЫРЗАМАННЫҢ БІР КӨРІНІСІ

Уақыты: 06.02.2022
Оқылды: 1419
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Сәлем – сөздің анасы» деп аталарымыз адамдықтың белгісі амандық сұрасудан байқалатынын баяғыда-ақ айтып кеткен. Тіпті, «аурудың емі – саудың сәлемі» деп сырқат адамның қалын сұрап, сәлем бере баруды да парыздай санаған. Жоқ іздеп жүріп, жол сұраған адамға жауабын бермей тұрып, қал сұрап барып, айтарын содан кейін айтқан. Танымайтын адам болса да, амандық сұрауды ар санамаған бабаларымыздың осы бір игі қасиетінің дәл бүгінгі қоғамда қадірі кете бастағандай.

Атасының тізесінде отырып, батасын алып, әжесінің алақанынан май жалаған бақытты ұрпақтың бірімін. Ол уақытта жыртылғанды жамап, сөгілгенді тігіп киіп жүре беретінбіз. Атамды бәрі «етікші ата» дейтін. Бүкіл ауыл тұрғындары табаны түскен, шеті жыртылған, тігісі сөгілген, бауы үзілген қыстық, жаздық аяқкиімдерін атама әкеліп тастайтын. Атам жарықтық бәрін де қалпына келтіруден қашпайтын. Таңғы асын ішіп алатын да, әр заты қыздың жиған жүгіндей өз орнында тап-тұйнақтай тұратын жұмыс бөлмесіне кіріп, ыңылдап әнін айтып отырып кәсібіне кірісетін. Әжем де киіз басып, алаша тоқып, кесте тігудің хас шебері еді. Бұл күнде дәл осындай көненің көзіндей жаны таза, сүйегі асыл, шебер қолды кісілерді Алатауды айналып, Сарыарқаны сандалып жүріп әрең табуға болатыны жасырын емес.

Әлқисса, осы дария кеуде қос қария әулетіміздегі тәрбиенің асыл діңгегі болды. Үйге келген қонақтың алдынан шығып, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, қолына су құюды бала жасымыздан үйретіп кетті. Мұсылман баласы амандасқанда айтатын дәл осы бір ғана сөздің «Сізге Алланың сәлемі болсын» деген мағына екенін есейе келе түсіндік қой. Тілге жеңіл болғанмен салмағы мен сауабы батпандай ауыр бірауыз сөзді санамызға сіңіріп кеткен атам мен әжеме мың алғыс!

Алланың кәләмі, қасиетті Құрандағы Исра сүресінің 86 аятында: «Қашан сендерге сәлем берілсе, оған одан да көркем түрде жауап беріңдер немесе дәл солай қайтарыңдар. Алла тағала сендердің әрбір істеріңді есептеп тұрады», – деп анық айтылған.

Дін мен дәстүрін құстың қос қанатындай қатар ұстап, аспандағы Ай мен Күндей қадірін білген бабаларымыз амандық сұраудың адамдық екенін осындай аяттан да біліп, амалына айналдырған екен-ау. Содан болар, атқа мінгенде атасын танымайтындай арқаланып кетсе де, алдынан кездескен жаяу адамға бірінші сәлем беру керектігін, дені сау адамның сырқатқа алдымен сәлем беруі ізгі амал екендігі де бабаларымыздан қалған өшпес өнеге.

«Рухани тоналып, біржолата жоғалып бара жатырмыз» деп қара аспанды төндіріп, қара суды кері ағызудан аулақпын. Дегенмен, сөз – шындықтан бұзылмайды. Қазіргі таңда қалалы жерде көзтаныс адам былай тұрсын, кейбір жақын-жұрағаттың үйінен көріп қалып жүрміз. Қонаққа немесе басқа да шаруамен барғанда бала кезден тілімізде жатталып, жүрегімізде сақталып қалған «Ассалаумағалейкүммен» кіріп келгенде ар жағынан есік ашқан зіңгіттей жігіттің ләм деместен қолын созғанын немесе кері бұрылып кетіп бара жатқанын көргенде аңтарылып қалатынымыз рас. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем берген» елдің ұрпағы емес пе едік?! Осыдан-ақ алыстан келсе жасына қарамай, қонақ деп құрметтеп, сәлем беріп, амандық сұрасудың қандай кәделі жол екенін аңғаруға болады.

Бүгінгі жастардың бойынан өрескел қылық көріп қалса «ақырзаманның балалары» деп кейіп жатады үлкендеріміз. Көңілімізге көлеңке түсіріп, бізді де кейітіп жатқан бір нәрсе – сәлем берудің өзі ұлттың ұлы құндылығы екенін есіне де алмайтын ұрпақтың көбейіп келе жатқандығы. Асыл дінімізде де адамдардың бір-біріне сәлем беруі үлкен сауапты амал екеніне аса мән берген.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Дініміздегі ең ұнамды нәрсе не?» - деп сұрағанда: «Адамдарды тамақтандырған және танысын, танымасын бірінші болып сәлем берген», – деп айтқан. «Дінім – діңгегім» деген аталарымыз аят пен хадистен келген өнегені ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдырып-ақ кетіпті ғой. Қанша ата-әженің, әке-ананың тәрбиесін көргенімізбен кейде ас-нәзірге, жиын-тойға барғанда көпшіліктің арасында бір жақыныңмен дұрыс амандаспай қалсақ: «Адам танымайтындай күйге жеткенсің бе? Қал сұрауға жарамай қалғансың ба?» – деп қалжыңға сүйесе де, қағытып қалып жатады.

Ондайда кешірім сұрап, ақталып әлек боламыз. Бұл қарапайым ғана мысал нені меңзеуде? Дұрыс сәлем бермегенің адамдығыңның өлшемі екенін көрсетеді. Әдейі кісімсіп, тәкаппарланып тұрмасаң да, азғантай ғана қателігің ағайын-танысыңның көңіліне кәдімгідей кірбің түсіріп тұр. Сондықтан сәлем беріп, қал сұрау – адамдардың мейірімін оятып, туыстық қатынасты нығайтатын ұлттық тәрбиенің бір бұтағы екенін есімізден шығармайық. Жүректерге жылылық ұялататын өнегелі жолды ұрпақ санасына сіңіре білейік. Амалымызбен ақырзаманды жақындатпайық. Тағы да Исламнан нәр алған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіне жүгініп көрейікші. «Ақырзаманның белгілерінің бірі – сәлем белгілі, танымал (бастық, бай, атақты) адамдарға ғана және танитын жандарға беріледі. Танымайтын адамдарға сәлем бермейді», – деген.

Дәл осы жағдайды бүгінгі қоғамда жиі көріп жүрміз. Тағы да сол қалалы жерде. Екі-үш адам сөйлесіп тұрсаңыз, танысын көріп арнайы бұрылған кісі сол танығанымен ғана амандасып, қалғанына қолын да созбай кетіп бара жатады. Бұл тәрбиенің өзегіне құрт түскеннің белгісі. Оған кім жауапты деген сауалға жауап іздесек, әлбетте «Ассалаумағалейкүм» деп амандасатын ұл бала болған соң әке жауапты. Әр баланың әрекетінен үйдегі әкенің орнын, беделін байқауға болады. Бір әкенің берген тәрбиесін бір мектеп бере алмайтынын естен шығармайық. Адамдықтың бастауы болған амандық сұрап, сәлем беру жайлы ойымды мына бір мысалмен түйіндейін.

Бірде әкесі мен баласы келе жатады. Алдында келе жатқан әкесі: «Балам, абайлап жүр. Шалшық басып кетпе», – дейді. Оны естіген баласы: «Әке, сіз абайлап жүріңіз. Мен сіздің ізіңізбен келе жатырмын», – дейді. Қарапайым ғана мысал. Оймақтай ой. Бірақ салмағы батпандай екенін өзіңіз де сезіп тұрған шығарсыз.

Олай болса, ардақты әкелер! Бабадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық тәрбиенің ең маңызды бұтағы – сәлем беруді балаңызға дұрыстап үйретіңіз. Егер өзіңіз мән бермей жүрсеңіз онда қолыңызға алыңыз. Ертең балаңыздың өрескел қылығын көріп немесе естіп қалғанда ұяттан кіргеніңіз қара жер болмасын. Ұлтымыз мықты болуы үшін ұлымыз рухты болсын! Адамдықтың белгісі амандық сұрап, сәлем берудің мәні тереңде екенін есіңізде сақтаңыз!

Жұматай ӘМІРЕ