ҚОНАЕВҚА ҚАРАСТЫ АУЫЛДА ТАБИҒАТ БАЙЛЫҒЫНА НҰҚСАН КЕЛДІ. КІНӘЛІЛЕР КІМ?

Уақыты: 12.07.2022
Оқылды: 1687
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қонаев қаласының маңында, Шеңгелді ауылындағы мектеп ауласына жақын жерлердегі көптеген ағаш түбірімен оталып кеткен.

Заңсыз кесілген ағаштардың түбірі құшақ жетпес көлемде. Көрсе көз қанықтыратын, жапырағы жасыл табиғат байлығын ешқандай рұқсатсыз отағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң алдында жауап беретін болады. Бұл мәселе облыстық әкімдікте қаралып, аймақ басшысының өзі жауапты мамандарға істің мән-жайын анықтап, кінәлілерді жазаға тартуды жүктеді.

Қарағаш пен тал-теректің түбінен жайрағаны елді мекеннің көркіне нұқсан келтіріп тұр. Рас, облыс орталығына таяу ауылдарды абаттандырып, бұтағы арса-арса ағаштарды ретке келтіріп, электр бағаналары мен желілерге жақын орналасқан бұталарды кесу жұмысы арнайы тапсырылған еді. Жұмысқа немкеттілікпен қарағандар сан жылдан бері өсіп тұрған ағаштарды түбінен кесіп тастаған. Сонымен қатар, бұл кесілген ағаштар электр бағаналарынан, желілерден мүлдем қашықта, бейтарап жерде өсіп тұрған. Жүк көліктеріне текшелеп тиеуге дайындалған діңі берік бұл өскіндердің түбірі шамамен жүзге жетеді. Осындай келеңсіздікке барғандар таяу арада заң алдында тиісті жазасын алады деп күтілуде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы облысы