ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ЕСІРТКІ ДАЙЫНДАЙТЫН ЖАСЫРЫН ЗЕРТХАНА ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 22.07.2022
Оқылды: 1107
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қонаев қаласында жүргізілген арнайы операция барысында облыс орталығы маңында синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана анықталды.

Есірткі зертханасы қаладан 5 шақырым жерде, кісі тұрмайтын екі үйдің қоршалған учаскесінде орналасқан. Нысан «Мефедрон» дайындауға қажетті жабдықтармен жабдықталған.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметі нысанды тексеру кезінде 21-24 жас аралығындағы үш жігіттің ұсталғанын мәлімдеді. Олардың бірі Алматы қаласының, қалған екеуі Іле ауданының тұрғындары болып шыққан.

Арнайы операция кезінде сұйықтықтар мен ұнтақ заттары бар көптеген пластикалық контейнерлер, сондай-ақ өлшегіш шкала, сорғыш, респираторлы бетперде, цилиндрлі металл ыдыстар табылды. Тәркіленген заттар үлгісіне жүргізілген сараптама бойынша, «мефедрон» есірткі затының жалпы салмағы – 52,86 грамм. Сонымен қатар, арнайы операция кезінде жалпылай 2 тоннаға жуық химиялық зат тәркіленді. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"