ЖАСТАРДЫҢ РУХЫН ОЯТУДЫҢ ОРНЫНА...

Уақыты: 06.02.2018
Оқылды: 1430
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Шаш ал десең, бас алатыны» бар кейбір адамдардың. Ұлттық кодымызға келіңкіремейтін іс-шараларды алаулатып-жалаулатып өткізіп жатады қашан көрсең. Кезінде Мөңке би: «Халыққа пайдасы жоқ күн сайын жиналған жиын болады», – деп айтқан екен. Міне, сол бабамыздың жорамалы бүгін дәл келген сияқты. Ерікті ауызға бөрікті бас сыядының кері болмасын, бір-біріміздің кем-кетік кеткен тұстарымызды айтып отырмасақ қалай оңамыз?!

Талдықорғанда «Көктем балы» өтпекші биыл тағы да. Қызылды-жасылды шара осымен облыста бірнеше рет ұйымдастырылған. Хош, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану деген жаттанды мақсат тағы алдымыздан шықты. Алайда түбіне түсіп, зерттеп қарасаң қамырдан қыл суырғандай жоспарлы әрі шалағай шара екені байқалады. Бұл балға жүзге тақау жасөспірім қатысады. Жастар мұнда тегін билейді. Өрімдей ұл-қыздар 15 пен 24 жас аралығындағылар.

Жастар кез келген нәрсеге  қызыққыш, еліктегіш. Сол үшін олар балға қатысу үшін барын салады. Осындайда ұлттық дүние тасада қалып қояды. Ұлт демекші, әлгі бал Венгриядан келген шара екен. Көбінесе, бейсенбі күндері өткізіледі. Неге десеңіз, дәл сол күн – католиктердің қасиетті күлді басына себетін  күні. Сол ғұрып кезінде рәсімді өткізетін адам: «Евангелияға сеніңдер, сен күлсің және күлге айналасың», – деп басын айналдырады. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш бал католиктердің оразасына 46 күн қалғанда болады. Ол аздай, айтып отырған шарамызда қыздар еркектерді биге шақырады. О заманда бұл заман, қазақ қыздары еркекті бірінші биге шақырғанын көріп пе едіңіз?! Шет елдің дәстүрлі  мерекелерін насихаттай бергенше, неге өзіміздікін жаңғыртпаймыз?! Әлде біз ізденуге ерінеміз бе?! Әйтпесе қазақы құндылықтарды ұштастыра отырып, дәстүрді жастардың миына сіңіретін шаралар құрып қалған жоқ қой.

«Хеллоуині» бар, батыстың дөрекі биі бар, үндіден келген бояу шашу ойындары бар, бәрі бізге не үшін неге керек?! Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы неге осындай ұлттық кодымызға томпақтау, Рухани жаңғыруымызға қайшылау мерекелік шараларды қайта-қайта ұйымдастырады? Осыдан кейін ту ұстарымыз батысқа, қыздарымыз кәріске еліктемегенде қайтеді?!

Жастардың өміріне өзіміз балта шауып жатқан жоқпыз ба деген алаңдаушылық қой біздікі. Би, қаланың қақ ортасындағы алаңда бояу шашып ойнау, қолшатыр ұстап, «Тәуелсіздік» немесе «LOVE KZ» жазуларын көрсету шаралары қаншалықты тағылымды деп ойлайсыз? Одан қалса, жастарға қатысты бастамалардың бәріне ағылшын тіліндегі атау беріп қоямыз. Жастардың бойындағы ұлттық рухты оятып, жігерлендірудің орнына...деп ойымызды үш нүктемен аяқтайық.

Думан КЕҢШІЛІК