Есім тағдыр өзгерте ме?

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 2450
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ежелден қазақ халқы азан шақырып ат қоюды баланың болашағы мен өміріне тікелей байланысты деп есептеген. Әдетте тұңғышын дүниеге әкелген отбасы есім қою міндетін өз ата-анасына жүктейтін. Кейінге таман нәрестеге есім беру аға-бауырлары мен жеңгелерінің еншісіне бұйырған.

Балаға ат қоюдың да өзіндік жоралғысы бар. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын кою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі есімдер де қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт. Бірақ қазірде бұл ескірген. Бұрынырақта балаға қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есімін берсе көтере алмай, ауырып қалады деп сенген. Сондықтан ондай есім бергеннің өзінде есейгенше еркелетіп, басқа атпен атаған. 
Адам есімі тағдырына байланысты дегенді ескерсек, ежелде бала аурушаң, не үлкен қасіреттен аман қалса, тағдырын өзгерту мақсатында атын да өзгерткен. Алайда бұл ырымның қаншалықты өмірде іске асқандығы жайлы нақты деректер жоқ. Алайда бұлжымас бір алтын ереже сақталады. Ол – бала есімінің ырымдап қойылуы. 1970 – 1990 жылдардың аралығында халқымыз әртүрлі поэмалардан, көркем фильмдерден естіген немесе сол кинодағы басты рөлді сомдаушы актердің есімін баласына қою үлкен мақтаныш әрі зор мәртебе болған. Мысалы, ер балаға Төлеген, Қозы, Шеге десе, қыз балаға Жібек, Еңлік, Баян деп атаған.
Қазақтарда өзге халықтардан сіңген есімдер өте көп. Айтылуы да, естілуі де әдемі, өзге тілде жақсы мағына беретін есімдерді қою соңғы жылдары кең танымал. Әсіресе, ежелгі түркі, араб, иран есімдері жиі ұшырасады. Мысалы, ежелгі түркі есімдері: Едіге, Ораз, Манас, Бөкей. Ал 2000 жылдардан бері еліміздегі балаларға берілген есімдердің 50 пайызы шет мемлекеттерден келді десек қателеспейміз. Олар өзіңіз жиі естіп жүрген Айлин, Аслы, Милана, Регина, Айлуна.
Қанша күн, ай тіпті, жыл өтсе де қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрге әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтыны қуантады. Сол үшін де қазақ болып дүниеге келгеніме қуанамын. Бұл істен ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.

Альмира МЕҢДІБЕК 
Талдықорған қаласы