Телеарна тектілікті насихаттаса

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 2208
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Теледидар – адамның жаны мен жүрегін баурайтын әлем. Ұлтқа қызмет ететін қазақ теледидары атына заты сай жұмыс істеуі үшін міндетті түрде 24 сағат қазақ тілінде хабар беруі қажет. Ал қазақ тілінде жұмыс істеу деген – ол тек қана үнді, түрік сериалдарын аударып беру немесе  «Қалаулым» сияқты мән-мағынасы жоқ бағдарламаны көрсету емес. Халыққа қызмет ету үшін кез келген телеарна тәулік бойы қазақтың ұлттық құндылығы мен идеологиясын насихаттайтын дүниелерді беруі керек.

Ешқашан бітпейтін, бітсе де, кем дегенде бірнеше жыл тоқтаусыз жүретін үнді сериалының қазаққа берер түк пайдасы жоқ. Барлығының тақырыбы бірсарынды, күйдім-сүйдімнен ары аспайды. Өзге елдің құндылығын насихаттауға мүдделі арналарға әлі тыйым болмай тұр. Ұлттық құндылықтарды ойлағысы келмейтін арналарға үндінің мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі көбірек ұнайтын секілді.
«Еуразия» бірінші арнасында көрсетілетін «Қалаулым» бағдарламасы – қазақ менталитетіне сай келмейді, табиғатына мүлдем жат. Бағдарламаны көріп отырып ұлдан намыс, қыздан ұят кетті ме деп қаласың. Жастарға үлгі боларлықтай еш мән-мағынасы жоқ. О заманда бұ заман қыз жігітті қалап келді деген масқара ғой. Жүргізушісімен қоса бұл бағдарламаны жабу керек. Сұйық сөзді судай сапырғаннан басқа берері жоқ. Үй боламын деген жастар бұл бағдарламасыз-ақ бір-бірін тауып алар. Аша Матай жүргізетін бұл «шоуды» шынайы деуге келмес. Қатысушылар жас актерлер, рөлдерін жақсы сомдап жүр. Ресейдің «Дом 2» бағдарламасының көшірмесі. Енді тек төсек қатынасын көрсету ғана қалды.
Қазақтың ару қыздары мен сұлтан жігіттері «қазақ» деген атқа лайықты болуы керек. Қайдағы бір сапасыз бағдарламаны көргенше елдің өркендеп, өсіп, кең қанат жаюына ықпалымызды тигізіп, еліміздің дамуына үлес қосайық.

Кәусар Лескенқызы
Жамбыл ауданы