Ақша бұлттың арасында

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1911
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ
Арман күнделікті жолымен жұмыстан үйіне қарай асығып келе жатты. Оны шаңырағында үш баласы мен жары Сәуле күтіп отыр. Әкелері келгенше балалары кешкі асқа отырмайды. Тек отағасы оралғанда ғана дастарқан басына жайғасып, тамақтарын ішеді. Бұл олардың күнделікті әдеті.

Арман мен Сәуленің шаңырақ көтергеніне он шақты жылдың жүзі болған. Ерлі-зайыптылар өздерін бақытты санады. Отағасының арқасында балалар да, Сәуле де жоқшылықтың дәмін татып көрген емес. Достарымен де жақсы қарым-қатынаста болды. Осылайша жылдар зулап өтіп жатты. Бір күні ол үйіне қарай асығып, жылдамдықты асырып келе жатқанда көлігінің  тежегіші істен шығып, жол апатына ұшырайды.  Арман сол жерде тілге келмей мерт болады. Бұл қайғы оның отбасына, әсіресе, Сәулеге қатты батты. Марқұмның жақын деген ағайын-туыстары алыстан көңіл айтып келе бастады. Келушілердің барлығы: «Арман көре алмай кеткен қызықтарын артынан ерген балалары көрсін», – деп отанасын жұбатуда. Бастапқы күндері келушілердің көптігінен бе, әлде, балалар жас болғандықтан ба, отбасы мүшелері әкелерінің о дүниелік болғанын қатты сезбеді. Оны іздемеді де. Бастарына қиын күн туғанын, әкелерінің қайтып келмейтінін, оның қырық күндік құдай тамағын беріп, қонақтарды шығарып салғаннан кейін ғана біле бастады.
Күн артынан күн, ай артынан ай өтті. Үйде жоқшылық байқалды. Арманға тұрмысқа шыққалы жұмыс жасап көрмеген Сәулеге бұл жағдай қатты батты. Азық-түлік бітіп, тіпті,  қорадағы малға салатын жемшөп те  таусылды. Қақаған қыста Сәуле қатты қиналды. 
Тірі адам тіршілігін жасайдының күйін кешкен Сәуле балаларға қиналғанын, үйдегі жоқшылықты сездірмеуге тырысты. Бірақ іштегі қайғыны қанша жасырғанмен ол адамның бетіне шығып тұрады екен. Анасының жүзінен қуанышты сәттерді көре алмаған тұңғыш ұлы Самат оны сұрақтың астына алды.
– Анашым, бір жеріңіз ауырып тұр ма?
– Жоқ, күнім, еш жерім ауырып тұрған жоқ. 
– Онда неге бұрынғыдай күлмейсіз. Мен білем, әкем енді келмейді. Ол аспанға, ақша бұлттың арасына кетті ғой, иә? 
–  Иә, алтыным! – деді де, жеті жастағы баласының  бәрін түсінгенін сезді. Балаларға қайтіп айтам  деп жүрген ішкі ойын тұңғышы айтқызбай білгеніне риза болды. Сөйтіп, жабырқаған қабағын ашып, езуіне күлкі үйіртіп, перзентіне қарады. 
– Міне, анашым, енді дұрыс болды. Осылай күліп жүріңізші. Сізге мұңайған жараспайды. Әкемді сағындыңыз ба? Мен де қатты сағындым. Оны құшақтағым келеді. Мені еркелеткенін қалаймын. Бірақ ол бізге аспаннан қарап тұр. Соны білесіз бе? Сондықтан көп жыламаңыз. Болмаса, әкем ренжиді. Ол сізді жылатпаушы еді ғой. 
– Жақсы, балапаным, жыламаймын, – деп Саматты төсегіне жатқызды. 
– Енді ұйықта жақсы ма?
– Жақсы, анашым, қайырлы түн!
– Қайырлы түн! 
Сол күні түнде балалары ұйықтап қалғанда дауыстап жылап, бақилық болған күйеуі Арманға ұрысты. «Неге мені тастап кете бардың, қиналдым ғой. Енді не істеймін? Балалардың тамағын ептеп тауып бергеніммен төрт түлікке қарауға шамам жоқ. Олардың қыстық азығын қайдан алатынымды да білмеймін. Неге мені осыншалықты қиындыққа тастап кете бардың?» – деп, жылап түні бойы көз ілмеді. Бойжеткен кезінде алғаш Арманмен кездесіп, танысқаны, «Сенімен шаңырақ көтергім келеді», – деп ұсыныс жасағаны, тіпті, «Мен сені бақытты қыламын», – деген сөздері көз алдына елестеді. Осылайша ойға батып жатқанда, таңның қалай атқанын сезбей қалды. Сырттағы тарсылдаған дауыстан шошып, орнынан түрегеліп құлақ түреді. Сөйтсе, таң атпай біреу есік қағып тұр екен.  Барып ашса, Арманның Сәбит деген досы. 
– Қалайсың, Сәуле, неге бет-аузың ісіп кеткен?
– Ештеңе емес, ұйықтай алмағандікі шығар. Өзің не істеп? Таң атпай жай жүрмісің?
– Жай, қыстауға кетіп бара жатыр ем. Тек жолдан мына бір шөпті сендерге түсіріп кетейін деп келгем. Қораның есігін ашасың ба?
– Иә, әрине, ашамын, жақсы болды, малдың шөбі бітіп, енді не істеймін деп отыр едім, – деп жүгіре қораға қарай беттейді. 
Шөпті түсіріп болады да Сәбит: 
– Ал мен рұқсат болса жүрейін, – дейді. Сәуле қояр да қоймай шайға шақырады.
Үйге кірген соң Сәбит:
– Бүгін түсімде Арманды көрдім. Маған келіп:  «Неге жатырсың? Тұр да үйге шөп апар», – деп ұрысып, кетіп қалды. Таң атпай тұрып, шөп тиеттім де, осында келдім, – деді. 
Сәуле үнсіз қалды.
Сәбит үйден шығып кеткен соң төрде ілініп тұрған Арманның суретіне қарады да: «Жаным, сен менің түндегі ұрысқанымды естіп, Сәбиттің түсіне кірген екенсің ғой. Жаның жанатта болсын!, – деп, жеті нан пісіріп, балаларды оятып, таңғы шайларын берді.
Сәуле жаны жабырқаған сайын жолдасымен іштей тілдесетін. Бір қызығы, көп ұзамай, оның қажет дүниелерін тамыр-таныстары әкеліп беріп тұратын. Демек, қазақтың аруақ туралы таным-түсініктері бекер емес-ау.

Ақкөңіл Боранбайқызы