Ұрпақ алдында ұятқа қалмайық

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1555
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Есімі елге мәшһүр болған танымал продюсер Баян Алагөзова (Есентаева) отандық кино индустриясындағы жаңа дүниесін ел назарына ұсынбақ. «Сиситай» атты мюзикалық жанрда түсірілген комедия 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қалың көрерменге жол тартады деп жоспарлануда. Сымбаты мен сұлулығы келіскен Баян Мақсатқызының айтуынша, бұл отандық кино саласындағы тарихи сәт. Өйткені, Қазақстанда соңғы 40 жыл ішінде ешкім мюзикл жанрында фильм түсірмепті. Болашағын эстрадамен байланыстыратын балғын қыздың тағдыры жайлы тың кинотуынды көрермен көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол жағы белгісіз.

Жарайды, бір қарағанда елең етер ештеңе байқамадық. Кенже қалған жанрды керісінше дамытып, қолға алып жатқанда қай тақиямызға тар келеді деп тұспалдадық. Әрине, мәселенің түп-төркінін төңкеріп жатқан ешкім жоқ. Басқа әңгіме бітпей жатқан шақта батпандай қылып «әйелдің омырауы» бейнеленген мұқабаны Баян ханым бүлк етпестен әлеуметтік желіге шығарды.
Әуелде дана қазақтың: «Қызды қырық үйден тыю» деген нақылы аяққа тапталғандай аянышты ишарат білдіреді. Бір ғана әулеттің емес, бүкіл рулы елдің, одан ары тұтас бір ұлттың ұлт болып қалыптасуында қыз баланың алатын орны ерекше. Себебі, бүгінгі қыздың ертең инабатты келін, содан соң аяулы ана атанары айдан анық. Демек, қыздың қолында бүкіл ұлттың тағдыры мен болашағы тұр деген сөз. Ананың сүтімен келген асыл қасиеттерді, ата-баба өсиеттерін, асыл діні мен ана тілін, салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа дарытатын да сол – күлімкөз қазақтың қызы. Ал сол кешегі ибалы да инабаттылардың жолын жалғастырар ұрпақтың бүгінде адасып жүргенін аңғару қиын емес. Алагөзова «Сиситайының» алабұртқан мұқабасына мұқият зер салсаң, жалаңаштанған қыз тәні мен ашық-шашық омырауына көзің түседі. Мұндайда сырт көздің қазақ қыздары жайлы түсінігінің өзгереріне күмән келтірмеңіз. Кешегі сайқымазақ Бораттың әуре-сарсаңға түсіргенін әсте ұмытқан жоқпыз. Тіпті, сол фильмнен кейін: «Біз білетін қазақ қыздары жеңілтек, тез көнгіш, ар-ұятына қарай алмайтын осал», – деген алып-қашпа әңгімелер дегбірімізді қашырды. Қысқасы, сол кезде Еуропа елдері мен Америкада теріс пікір қалыптасты. Яғни біз соған жол бергізіп қойдық. Одан кетсе, «Келін» деген кино түсіріп, «Оскарды» олжамызға байлаймыз деп дәмелендік те. Анайы сарындағы көріністерімен елді шулатып, сыншылардың садағына ілігіп, елді елең еткізді Ермек Тұрсынов. «Келіннің» де келісті жерін көзі қарақты көрермен көсіліп отырып көре алмады. Жалаңаштанған қазақ қызының тәні көзге ұрғанда тіліңді түбімен тістеп, жұпыны халде тыпыршып қаласың. Ұяттан екі бетіңді қызыл шоқтай қызартатын қазақ фильмдерінің бүгінгі сыйқы осы ма дейсің кейде. Өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино екенін ескерсек, өскелең ұрпаққа біз нені дәлелдеп, нені дәріптемекпіз?! Ата-бабаңның салтында жоқты насихаттап, анайылық пен азғындықты алға тартқанда қандай абырой таппақпыз?
Ал, енді өзіміздің толғағы келген тақырыбымызға оралсақ. Жалпы, бұл Баян ханым басшылық ететін жобалардың ішіндегі 12-ншісі екен. Кинода махаббат, драма, комедия, трагедия дейсіз бе, барлығы көрініс тапқан. Әнші болуды арман еткен ару қызға әкесі қарсы болады. Бірақ ештеңеден тайсалмаған талантты қыз өзінің музыка үшін жаралғанын дәлелдеуге тырысады. Ары қарай оқиға сол қыздың айналасында өрбімек. Бір өкініштісі, басты кейіпкер      тәлім-тәрбиесі келіскен тәртіпті қыз емес, керісінше, шошақай, бұзық сылқымның рөлін сомдайды. 
Әуретті жерлерін жасырудың орнына, қымсынбай көрсететін көрсеқызарлардың қылығы таңданыс туғызбайды бұл күнде. Осыған еліктеген ұрпақтың ертең-ақ құлдырайтыны белгілі нәрсе. Кино арқылы біз келер ұрпақты тәрбиелеп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Бұл өз алдына бас қатырарлық бөлек мәселе. Тағы бір көңіл көкжиегін кінәрәт етіп тұрған жайт, ол – фильмнің атауы. «Сиситай» деген – омыраудың (емшек, төс) орысша баламасы. Естір құлаққа тым оғаш естіледі. Басқа атау таппаған ба? Біле білсек, бұл басты кейіпкердің есімі. Сонда қазақ қызын кәдімгі омырау атауымен атаған ба? Сауаттылыққа салғырттықпен қарағанымыз былай тұрсын, батыстан келген былыққа (еліктеушілік) белшесінен батып жатқанымыз тағы бар. Етек-жеңі қысқарып, кеудесін жартылай жалаңаштаған да өзіміздің қаракөздеріміз ғой. Сайып келгенде, Байзакова сияқты сылқымдардың көбеюіне ықпал ете берсек, «Қызыңыз үйде, қылығы түзде» дегеннің кебін жабынбасымызға кім кепіл?! «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болады» дегендей, қыз баланың талғамына анасы ғана емес, бүкіл ел жауапты екенін ұмытпаған абзал. Яғни, кінәні өзімізден іздеп, өмірге реалистік көзқараспен қарауымыз керек. Кешегі Ұлжан анамыздың ұлы Абайды дәретсіз емізбегені қазақтың қанына сіңіп, жадында жатталған. Ал бүгінгі жастардың «Жаным арымның садағасы» дегеннен ада болғанын  алаңдаушылықпен айтамыз. Кино әлемінде гонорары келісті болса, кез келген актер кез келген рөлді алып шығады. Сол киноның көрерменге не берері, қандай етіп тәрбиелейтіні бүгінгінің басты мәселесі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ұрпаққа ұят сезімін ұялатпасақ, ертең ұятқа қаларымыз анық. 

Темірлан АЙТБАЕВ