Егемен елдің кірпіші

Уақыты: 14.12.2016
Оқылды: 1460
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

 

  Бірінші курс.   Қазақ журналистикасының  қаранары  Тауман Амандосов лекция оқып тұр.  Аудитория іші  тып-тыныш.   Тауман ағай қатал, студенттерді қит еткізбей ұстайды.   Сабақ тыңдағысы келгендер мен ұйқысы келіп әрең шыдап отырғандар  селт етпейді. Заң солай.  Сондықтан көңілің басқа әлемде отырсаң да жанарың сол кісіде болуы тиіс.

    Ақырын есік ашылды. Арғы жақтан басында бөркі бар әдеміше келген жігіт көрінді де тілдей қағазды алдыңғы қатарда отырған Ормаштың алдына лақтыра салып, есікті сыртынан қайта жаба қалды. Әншейінде қозғалғанды байқап қалатын Тауман ағай, қағаздың лақтырғанын да, студенттердің оны бір-біріне  кезекпен бергенін де байқамай қалды.  Онда: «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса орталық алаңға жиналыңдар!» деп жазылыпты.  Шынын айтсақ,  бірінші курстың студенттері   бір күн бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынғанынан да хабарсыз едік. Бізді қозғаған «қазақтың қаны болса» деген бір ауыз сөз.  Ауылдан шыққан, ата-ананың  тәрбиесінде ержеткен   балалар үшін намыс бірінші орында еді.  Әлде, Тәуелсіздікті армандаған елдің ұрпағы болғандықтан ба, намыс, қасықтай қан үшін шайқасу санамызды алға жетеледі.  Бәріміз ойланбастан, Тауман ағайдың екінші сабағынан қашып, орталық алаңға қарай ағылдық.   Университеттің қасындағы аялдамаға жеткенде кураторымыз Мамытбек Қалдыбай ағай жолымызға тұрып алды. «Балалар, бармаңдар. Бұл саяси жағдай. Бірдеңкеге ұрынасыңдар» деп шыр-пыр болды. Бірақ, ағайды ешкім тыңдаған жоқ.  Бағытымыз айқын еді. Жолда автобус, троллейбусқа отырайық десек, жүргізушілер ток  қоса қояды. Бірнеше көлікке аяғымыз ілікпей жатып, баж етіп, ұшып түсіп  жаттық.  Түс ауа орталық алаңға жеттік.  Сәтбаев көшесінің бойымен келе жатырмыз.  Жол бойы танк, әскери машиналарды қойып тастапты. Қорқынышты. Көліктен солдаттар тұмылдырық кигізілген иттер жетектеп секіріп түсіп жатыр. Түсе салып сап түзеп тұра қалады.  Қолдарында автомат.  Жайбарақат келе қалған біз анандай көріністен тіксініп қалдық.  Сол күні дала да ерекше суық еді.  Аспанды бұлт торлап тұрды.  Жайнап тұрған Алматы демде  соғыс алаңына айналып кеткендей. Алаңның бір шетінде қолына  үнпарақ ұстаған жастар келе жатты.  Қолындағы үнпараққа «Әркім өз еліне өзі басшылық етуі тиіс».  «Қазақты қазақ басқарсын!» деген сөз жазып алыпты.   Жастарды  бір-біріне  солдаттар қоспай, қоршап жібермей ұстап тұр.  Бір уақытта алаңды  жаңғыртып «Менің Қазақстаным!» әні шырқалды.  Рухтанып кеттік. Енді қыз-жігіттерді ұстап тұру мүмкін емес еді.  Бәрі алдындағы қарулы күшке бой бермей, қаға-соға бір-біріне қарай жүгірді.  Біз де арасында жүрміз.   Табысты-ау бәрі.  Енді олар солдаттарға қарсы шыға бастады. Алаңдағы  мінбеге көтерілген бөрікті жігіт: «Біз бейбіт шеруге шықтық. Неге бір күнде Қонаевты алып тастағанын білгіміз келеді, түсіндіріңдер», – дегенді айтты. Ортаға шалақазақша сөйлейтін шенеунік шығып, бәрі орталықтың шешімімен болған жағдай екенін түсіндіре бастады.  Сонда әлгі жігіттер қайта шығып: «Біз биліктегілердің сөзіне сенбейміз, ортаға Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов келсін! Солардың сөзіне ғана сенеміз» дегенді айтты. Бірақ ортаға қоғам қайраткерлері шықпады. Бағанағы шалақазақ қайта шығып: Жастардың тезірек  алаңнан тарауы керектігін, тарамаса  күш қолданылатынын жеткізді.  Артынша   Үкімет үйі жақтан қолына қалқан мен дубинка ұстаған милиция жасағы  бірнеше қатар сап түзеп келе жатты. Олар жастарды басып, жаншып күш қолданып, көнбегендерін өздерінің ішіне қарай тартып алып,  төпелете ұрып жатты.  Сол кезде жастарға сырттан тағы лек келіп қосылып, оларды алаң ортасына қарай ығыстырды. Сонда милиция сарбаздары аяғының астында тапталып қалған өрімдей қызды жігіттердің құтқарып алғанын көзіммен көрдім.  Сұлқ жатқан қыздың денесі жансыз болып көрінді. Оны бірнеше жігіт көтеріп, көмек көрсетуге  алаң сыртына ала жөнелді.  Кеш түсе бастағанда  Әл-Фараби көшесі жақ у-шу болып кетті. Қарасақ, өрт сөндіргіш машина жастарға су шашып, қорқытып, қуып жатыр екен. Сол кезде қасыма келген курстасым Ормаш: «Жүр, қаштық», –деп қолымнан жетектей ала жөнелді.  Қоршаудан сытылып шыққан біз  Әл-фараби көшесінің бойымен  біраз жер жаяу жүріп, содан кейін көлікке мініп, жатақханаға келдік.  Бұл сағат  кешкі  ондар шамасы еді. Есіктің алдында отырған қауіпсіздік комитетінің адамдары бірден сұраққа алды. Қайдан келдіңдер? Киімдерің неге су?  Кім бастап барды? Мақсатың не? Есірткі шегетіндердің арасында қайдан жүрсіңдер? –деген сияқты түсініксіз сауалдар  кеше әке-шешенің бауырынан келген сары ауыз балапандардың есін шығарып, сансыратып жіберді. Сол күннен бастап күдіктілер қатарына іліктік. Курстағыларды кезек-кезек сұраққа алады. Бәрімізді бірдей жазалау мүмкін болмағандықтан курстың комсоргі Ғазиз бен Гулмира қамауға алынды. Ересектер тобынан Сейсен мен Нұржан темір торға тоғытылды.  Бірнеше студент қысқы каникулға кетпей  қамалғандарға тамақ тасуға  Алматыда қалды.  Бірнеше күн абақтыда жатқан достарымызды шығарған соң университеттің  комсомол ұйымында үлкен жиналыс болып, оқудан шықпай аман қалды. Бірақ, комсомол билетіне сөгіс берілгені туралы жазып беретін болып босатылды. Партияның қылышынан қан тамып тұрған ол заманда  билетке сөгіс жаздыру да болашаққа балта шапқанмен бірдей еді.    Сол жылы көктемде  қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бізді бір жертөлеге ертіп апарып, түсініктеме жаздырды. Мәтінді өздері айтып отырды.  «Мен алаңға байқаусызда барып қалыппын. Ешқандай жаман ойым болған жоқ. Енді ондай жерге бармаймын», – деген мағынада қолхат бердік.

 Сол бір кез дәл бүгінгідей әлі есімде.  Қысқы аспанды  бұлт торласа 17 желтоқсан күнгі оқиға есіме түседі. Қазақ жастары  бір қолдың сағасындай бірігіп, жұдырықтай түйілді. Тәуелсіздік туының желбірейтін күнін жақындатты.   Бүгінде сол кездегі  жастар еліміздің руханиятын көтеруге  еңбек сіңіруде. Абыройлары асқақ, жүздері ашық. Себебі, армандарына жетті. Егемен елдің  бір-бір кірпіші болып қаланды.

Гүлжан Тұрсын