Бақытты әженің батасы

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 2612
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өткен ғасырдың ауыртпалығы аз болған жоқ. Әсіресе, халықтың тіліне жасалған шабуыл үлкен қауіп төндірді. Ең сорақысы, тілге қанша жерден қысым көрсетілсе де ешкім жақ ашып, қарсылық білдірмеді. Санаулы жылда қазақтың 700 мектебі жабылып қалды. Мұндай аянышты көріністің кесепаты кейінгі ұрпаққа тие бастады. Жастар тарихын танымайтын, тілін түсінбейтін рухани мүгедек күйге түсудің аз алдында тұрды. Көненің көзін көрген сол кездегі бір шоғыр орта буын қып-қызыл саясаттың арасынан жол тауып, қазақ тілін салт-дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы қайта тірілтуге кірісті.

Шын мәнінде, олардың мойнына бабалар аманаты артылғандай еді. Ұлттың өзегіне түскен жегі құртты қалайда алып тастауға тырысқан зиялылардың ішінде Бәтима Сақауовадай қазақтың қайсар да еңбекқор қызы болды. Елді еңбекке баулыған нәзік жан жастарға қамқорлық жасап, жүрген жерінде ұлт мұрасын жаңғырт­ты. Жастарға сөзбен емес, іспен өнеге көрсетіп, адал еңбектің жолын нұсқады.
«Жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» дейді қазақ мәтелі. Бәтима Сақауова – қаршадайынан тағдырдың кермек дәмін татып өскен, өмір мектебінде әбден шыңдалған жан. Бүгінде Бәтима апа бақытты. Тәуелсіздіктің ақ таңын көрді. Ғасырлар бойы армандаған азат мемлекетте өмір сүріп жатыр. Талай жыл жауапты қызметтер атқарып қана қоймай, отбасында да үлгілі ана атанды. Немере-шөберелерінің ортасында отырған бақытты әженің жас ұрпаққа айтар әңгімесі таусылған емес. Ұзақ жыл мемлекеттік идеологияның тізгінін ұстаған ел анасы өткен ғасырдың қиындықтары қайтып оралмаса екен дейді. Әсіресе, қазақ халқының ұлттық болмысына шабуыл жасалып, тұтас бір тілді жоюға тырысқан қызыл саясаттың келмеске кеткеніне қуанады. Сондай сындарлы шақтарда Бәтима апа бастаған ұлт жанашырлары қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын жасырын орындап жүрді. Отаршыл билік әрбір қызметкердің отбасындағы ұстанатын құндылықтарына дейін қатаң бақылады. Бәтима апа бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамып келе жатқанына шүкір етеді.
– Біз қай кезде де жас ұрпақтың қамын ойлау керекпіз. Сонау қиын-қыстау кезеңде ұлттық идеология болған жоқ. Бірақ сонда да тығырықтан жол тауып, астыртын ұлттық идея жүріп жатты. Біз соғыс­ты да, аштықты да, саяси қуғын-сүргінді де көрдік.Ал бүгінде егемен елімізді бүкіл әлем таниды. «Мәңгілік Ел» идеясы қалыптасты. Бұл идея – біздің бұлжымайтын бағыт-бағдарымыз, айқын мақсатымыз. Жастар, сендерге қарап Қазақстанның баянды болашағын елестетемін. Жастар – біздің ертеңіміз. Тыныштықтың, татулықтың қадірін біліңдер. Барша жетісулық қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтаймын, – дейді Бәтима Есболатқызы.
Көпті көрген ел анасының айтуынша, отбасының беріктігі – әйелден. Мұндайда қазақтың: «Жақсы әйел жарты иманың», – деген мәтелі еске түседі. Бәтима Есболатқызы әйел текті, иманды, ибалы болмай, ер бақытқа бөленбейтінін жиі айтады. Қашан көрсеңіз де, айтары бар әже жас ұрпаққа отбасы құндылықтарын сақтауды аманаттап келеді. Халықаралық әйелдер мерекесінде ғана емес, кез келген күні Бәтима апаның басқару саласындағы тәжірибесі қазіргі жас мамандарға үлгі. Сонау жылдары әженің атсалысуымен Талдықорған қайта түрленіп, бірнеше маңызды нысандар бой көтерді. Әжейдің ақ батасын алып, ақылын тыңдауға келетіндер көп. Ал мереке күндері ақылман апаның алтын төрі құттықтап келген қонақтардан босамайды. Еңбекпен ел құрметіне бөленген ана бақыты осылай бағаланса керек.

Қуаныш ТҰНҒАТАР