"НЕМЕРЕЛЕРІМНІҢ ТІЛІ ОРЫСША": ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ, АТА-БАБА ДӘСТҮРІ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?

Уақыты: 16.08.2020
Оқылды: 1520
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ойланып қарасаң, сәби үні қандай ғажап естіледі?! Құлағыңа жағымды естіліп қана қоймай, тұла бойыңа сіңіп, жүрегіңді елжіретеді. Көңіліңнен күн шығарып, жаныңды жадыратады. Өмір көркейіп сала береді.

Әрбір басқан тәй-тәй қадамы, аузынан шыққан әрбір үні ата-ана үшін керемет жаңалық! Бала үшін өмір сүретін, солардың болашағын қалайтын қандастарымыз үшін сәбиінің әрбір жетістігі үлкен қуаныш.

Алты мыңға жуық адам тұратын Бақанас ауылында орыстар мүлде аз. Шамамен жиырма шақты тұрғын үй бар. Олардың өзі бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Осындай қазақы ауылда алғаш рет көршімнен: «Оразымбеттің баласының тілі орысша шығыпты» деген сөзді естіп: «Ойпырай, ә!!! Рас па?» – деп таңқалғанымыз рас.

Оразымбеттің баласы Димаш аурушаң болып өсті ме, көшеге аса көп шықпайды. Жаз айларында балалар көшенің шаңын шығарып, доп ойнап жатқанда да араларынан бір рет болса да бой көрсеткенін байқамаппыз. Димаш көбінесе теледидардың алдында мультфильм көріп немесе планшетіне үңіліп отыра береді екен.

Өткен жазда үйге қайтыс болған баламның қызы Алуа келді. Онымен көбінесе үлкен немерем Бекнар ойнайды. Жапонияда елшілікте қызмет ететін күйеу балам Әнуарбек те демалыс алып, келген болатын. Алуа мен Бекнардың сөйлесіп отырғанын тыңдап, таңғалды.

– Ата, Бекнар орыс тілін қайдан үйренген? Таза сөйлейді ғой, – деді.

Орысша сөйлейтінін мен де білетінмін. Бірақ таза сөйлей алады деп ойламаппын. Өйткені, өзім таза сөйлей алмаймын. Біреумен телефон арқылы орыс тілінде сөйлесе қалсам, желінің арғы жағындағы адам қазақ болса, ол бірден менімен қазақша сөйлесуге көшіп кетеді.

Бекнардан кейінгі төрт жасар немерем Рауат та теледидардан мультфильм көріп отырып, менен кейбір орысша сөздердің қазақша мағынасын сұрап отыратын. Сол есіме түсе қалып:

– Теледидардан үйренген шығар. Болмаса, ол әлі бір орысты да көрген жоқ, – деп жауап бердім.

Немерелерімнің орыс тілінде таза сөйлей алғанына алғаш іштей қуандым да. Содан кейін: «Ойпырай, ә! Ішкі жан дүниесі: мінезі, түсінігі, адамдармен арақатынасы да орысқа ұқсап кетсе, не істей алмақпыз? Біздің беріп отырған қазақы тәрбиеміз, бойларына сіңіріп отырған ата-бабамыздың дәстүрі қайда қалады? Бір менің ғана емес, басқа қандастарымның үйінде де теледидар, ұялы телефон арқылы берілген тәлім сананы жаулап жатыр ма екен? Осылай етек ала берсе, болашақта қазақ деген ұлттың тағдыры не болады? Немерелеріміздің көңілдеріне кірбің түсіріп алмай ырқымызға көндіріп, бойларына ұлттық тәрбиені қалай ұтымды сіңіруге болады екен?» – деп ойлана бастадым.

Ұлттық болмыс – үлкен дүние. Өмірмен өзектесе отырып, санаға біртіндеп сіңірілген, әбден орнығып, қалыптасқан пікірді өзгерту қиынның-қиыны. Бала санасы да жақсы-жаман қасиеттерді есі кіре бастағаннан қабылдайды. Осындай ойлар мазалап, түнімен дөңбекшіп шығатын болдым. Үйде тұрған смарт теледидарды пайдаланып, немерелеріме қазақша мультфильмдерді көрсетуді қолға алдым. Өзім қастарында отырамын.

Қазақша қанша мультфильм болса, солардың деншілігін көрсеттім. «Қажымұқан», «Толағай» туралы мультфильмді де ретін тауып, бірнеше рет тамашалап шықтық. Әсері мол болсын деп ара-тұра асыра мақтап, насихаттап қоямын.

Бірақ оларға көрсетілген қазақша мультфильмдер аздық еткен тәрізді. Қайран қалғаным – немерелерім ешқандай мағынасы жоқ «Личинкалар» туралы, қайдағы бір «Три кота», «Свиния Пепа», «Света Баглан» атты мультфильмдерді аса ықыласпен көреді. Іштей ренжігенім, мен ұсынған, өзіміз кезінде құмарта көрген мультфильмдер оларды мүлде қызықтырмады.

Бүгінгі ұрпақ біздерден мүлде бөлек тәрізді. Осындай ойдың түбіне жете алмай отырғанымда үйге көршім Исатай келді.

– Қабағың түсіп кетіпті ғой. Не болды? – деп сұрады.

– Немерелерімнің жан дүниелерін ұға алмай отырмын. Олар «Толағай» мен «Қажымұқаннан» гөрі «Халкты», «Человек паукты», «Бэтманды» герой санайды. Соған жаным ауырып отыр, – дедім.

– Иә, менің немерелерім де: «Человек паук» күшті. «Қажымұқанды» торымен шырмап тастайды», – деп ашуымды келтірді. «Халкты» керемет санайды. «Толағай» тауды көтерген ғой. Жер бетіндегі басқа халықтарда ондай тауды көтерді деген ертегі кейіпкері жоқ», – деп саналарына жеткізе алмай-ақ қойдым. Қалай айтсам да олар: «Человек паук», «Халк» күшті», – дейді. Қаным басыма шапты. Зайыбым Райхан өзіме ренжіді. «Енді балалардың түсінігі сондай болса қайтесің? Соған да ашуланасың ба?» деп өзімді сөгіп тастады.

– Балалардың тілі орыс тілінде шыққанынан біз қорықпауымыз керек, – деді Бақанас аграрлық колледжінің директоры Бақытжан Өксікбаев бірде дастарқан басында. – Біз ауылдық жерде тұрамыз. Балаларымыз қазақ тілін қалай да жақсы білетін болады. Ол қалада тұратындар үшін қауіпті.

Ойланып қарасаң, оның сөзінің де жаны бар. Ауылда тұрған біздің балаларымыздың тілі орысша шығып жатқанда, қалада тұратын қазақтардың балаларының орысша сөйлеуі қазіргі уақытта еш таңқалдырмауы тиіс.

Мультфильмдерді былай қойғанда қаладағы кітап сататын дүкендердің ішіне кірсең орыс тілінде шығарылған кітаптарға қызықпасыңа болмайды. Түрлі түсті суреттері алыстан көз тартады. Берілген шрифтерінің өзі қандай ғажап?! Қолыңа алсаң ары қарай оқығың келіп кетеді.

Ал, қазақ тіліндегі кітаптар өте жұтаң көрінеді. Тіпті, жоқтың қасы. Жаның құлазып шығады.

Салыстырып қарағанда, қазақша түсірілген немесе қазақ тіліне аударылған мультфильмдер аса жаман да емес. Бала жанын ұғына алмадың деген кінә ғана артпасаңыз, меніңше, бәрі дұрыс сияқты. Тек таңдау аз ба? Қалай?

Намысыма тигені – немерелерімнің өз кейіпкерлеріміз «Қажымұқан» мен «Толағайдан» «Человек паукты», «Халкті», Бэтманды, тіпті, қытай актері Джеки Чанды жоғары қойғаны. Аттарын атауға тілдері келмей тұрып: «Олар мықты», – деп қояды.

«Ойбай-ау! Олар Толағай тәрізді тауды көтермек түгілі тасты да көтере алмайды ғой», – десең түсінбейді.

Балалар санасын жаулап алу үшін Толағай, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Сегізсері, Мәди Бапиұлы туралы мультфильмдерді көптеп түсіре беруіміз керек пе?

Бала санасы айналасын тани білген кезінен қалыптаса бастайды. Осы сәтті ұтымды пайдалана алсақ қой, шіркін! Онда біз бала санасын жаулап алуда діттеген мақсатымызға сөзсіз қол жеткізген болар едік. Қиял-ғажайып ертегілерге баса ден қойып, нешетүрлі жауыздар мен аңдарды өз кейіпкерлерімізге жеңдіртсек, қазақ батырлары басқа ұлттардың ойдан шығарылған қаһармандары Человек паук, Бэтман, Халктердің жандарын көздеріне көрсететін болса, олар әлгі кейіпкерлерді аса батыр санамас та еді, бүгінгі бала оларды емес, қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерді өздеріне сөзсіз үлгі тұтар еді. Біздің балаға жақсы тәрбие берудегі басты мақсатымыздың өзі оларды қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлерге еліктетіп өсіру емес пе? Сонда алға қойған мақсатымызға ақиқат қол жеткізер ме едік?

Мұндай әрекет басқа халықтардың арына, намысына тию болып саналмайды.

Қазір экранға қарасаң кішілер тұрмақ үлкендер ұғып болмайтын неше түрлі дүниелер қаптап жүр. Айналасын, қоршаған ортаны енді ғана танып, біліп келе жатқан бүлдіршін оларды талғамайды. Көре береді. Олар үшін шалт қимылдар мен әртүрлі тосын әрекеттер өте қызық көрінеді.

Мультфильмдерді түсіргенде оларды өте жеңіл әрі қызықты етіп, балдырғандарды еліктіре, желіктіре отырып, түпкі мақсатымызға қол жеткізуді мұрат етсек дұрыс болар еді. Мультфильмдерді саясиландыруға да мүлде жол беруге болмайды.

Қалай дегенде де балаларды естері жаңа кіріп келе жатқаннан ырқымызда ұстасақ, ол – біздің үлкен жеңісіміз болар еді. Бала санасын билеу жөнінде жүргізіліп жатқан көзге көрінбейтін ұлы майданда туымыз қашанда желбіреп, биік тұрса еліміздің ертеңі де сөзсіз бекем болар еді.

Осы мақсатқа жұмсалған қаражат алдағы уақытта сан есе болып қайтады. Сәби есі кіргенше ана сүтін емгендей, туған елі мен жерінің табиғатын тамашалап, аңыз-әңгімелерінің нәрін бойына әдбен сіңіріп өссе, кейін ол елі мақтана алатын нағыз Азамат болып өсер еді деп ойлаймын.

Марат ҚАШҚЫНБАЕВ

Бақанас ауылы,

Балқаш ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан