ТАЛДЫҚОРҒАНДА 19 ЖАСТАҒЫ СӨМКЕ ҰРЫСЫ КАМЕРАҒА ТҮСІП ҚАЛДЫ

Уақыты: 27.12.2020
Оқылды: 1091
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғанда полицейлер егде жастағы әйелді тонаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Талдықорған "Батыс" полиция бөлімінің кезекші бөліміне 66 жастағы жергілікті тұрғын тоналғаны туралы арызданған. «Жастар» шағынауданында белгісіз ер адам әйелден әмияны, 85 000 теңгеден астам ақша қаражаты, банк карточкасы, жеке куәлігі және зейнетақы куәлігі бар сөмкесін алып кеткен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 1-бөлігі бойынша тіркелді.

Күдікті ақшаны алып, сөмкені, әмиянды және құжаттарды қылмыс орнына жақын жерге лақтырып жіберген.

Тәртіп сақшылары жедел түрде күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны орталық саябақ аумағынан ұстады. Ұсталған азамат облыс орталығының еш жерде жұмыс істемейтін 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Қарақшылық дерегі түсіп қалған бейнежазба мен басқа да дәлелдемелер ұсынылғаннан кейін ол ақшаны өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жеткізіп, қылмыс жасағанын мойындады.

Тергеу барысында ол сөмкені, әмиянды және құжаттарды тастаған жерлерді көрсетті. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан