Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АҚҚУДЫҢ КИЕСІ СОҚҚАН АҢШЫ: БҰЛ ӘҢГІМЕ БОЛҒАН ОҚИҒА ІЗІМЕН ЖАЗЫЛҒАН

Уақыты: 28.12.2020
Оқылды: 1365
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кешқұрым беліне қоян-қырғауылын байлаған Әлмен ауылға кірді. Үйі ауылдың орта тұсында болатын. Күні бойы аңшылықтың қызығына түсіп, біршама жер ұзап кеткенін өзі де байқамаған болу керек. Әйтеуір ауылға жеткенше әбден сілесі қатыпты. Оның үстіне олжасы да аз емес. Арқасындағы қоржынын есепке алмағанда беліндегі оқшантайына да атқан олжасын салбыратып байлап алған.

Ауылға кірер тұста ойнап жүрген балалар аңшылықтан келе жатқан Әлменнің алдынан жүгірді. Көздің жауын алатын құйрығы ұзын қып-қызыл қырғауыл мен жүні үлпілдеген қоянды қызықтап, соңынан ілесті. Шу-шу еткен қара сирақтың аңдығаны – қырғауылдың құйрығы. Қалай қолға түсірсек деп Әлменнің соңынан қалмайды. Ол да біліп келеді, әйтсе де тоқтап, құйрығын жұлып бергенге мұршасы жоқ. Үйге қалай жетсем деген бір-ақ мақсаты бар.

Ақыры тоқтамағанына болмады, шуылдаған өңкей жүгермек тобығына дейін салбырап келе жатқан қырғауылдың құйрығын тартқылап, мазасын алды. Былай біртоға жігіт болғанымен қызбалығы да бар. Кейде дандайсынып, мақтанып кететін мінезі де жоқ емес. Ауылдың қатын-қалашы мақтап кеп берсе болды, мұрны таңқырайып, кеудесін керіп, даңдайсып кеп, қолындағысын шашып жіберіп қарап отырады. Бұл жолы дандайсуға да мұрша жоқ, жүгермектерді бір-екі рет зекігенімен қоймады. Ақыры, қаққан қазықтай болып тік тұрды. Үстінен түсіріп, өзі жұлып берсе, қайта жинау қиынға соғады. Ақыры шуылдақтар ши бөрідей таласып-тармасып, тартқылап әкетті. Оларға не керек, ойын болса болды. Қауырсынның басына қорғасын құйып аспанға атады, болмаса малақайының төбесіне қадап, ойынның түбін түсірсе, жетіп жатыр. Жұлып әкеткені дұрыс болды ма, біраз жеңілдеп қалғандай. Аяғын алшаң басып, үйіне таяу қалғанда алдынан сымпыңдап, жеңгесінің бірі шықты.

- О, аңшы қайным, қазан майлансын, – деді.

Онсыз да теңсетіліп әзер келе жатқан Әлмен қайнысы сөзбен түйреп тұрған жеңгесіне шамданып қалды.

- Тәйт әрі, сен секілді жерік қатынға берер олжам жоқ. Өткенде атқан құсымның бәрін берем деп, мылтығым тимей қалды. Әйелдің жерік асын беру керек екен. Бірақ сенің жолың ауыр, сондықтан аулақ жүр, – деп күңк ете қалды.

Әшейінде ауылдың бар өсегі мен жаңалығын теріп жүретін, аяғынан аузы жылдам Қалдыгүл жеңгесі қарап тұрсын ба?

– Тәйт болса, тәйт, менің жолым жеп-жеңіл, өзіңнен көр. Мылтығың тимесе менен емес. Өзің дәретіңді дұрыс алмағансың болмаса түнімен жынды суға сылқия тойып, мастығың тарқамай құс атуға шыққан шығарсың? – деп төпелетіп жіберді.

- Әй, бұл желөкпеге сөз берсең болды, сүйреңдеген аузынан небір сөз қарша борайды, – деп алға жүріп кетті.

Қалдыгүл де қарап қалсын ба, аузына келген небір сөзді боратып, сыбап жатыр. Құлағына ілген Әлмен жоқ, үйге жетсем болды деп кетіп қалды.

Үйіне келгені сол еді, қашадан арқаланып кіре алмай жатқан әкелерінің алдынан қос құлыны Алдияр мен Молдияр жүгіріп шықты. Онсызда аяғын әзер басып келе жатқан әкесінің мойынына асылып, еркелеп жатыр. Әке жүрегі қос құлыны дегенде езіліп шыға келетіні бесенеден белгілі емес пе?! Бар шаршағаны басылып, маңдайларынан иіскеп жатыр.

Отау құрғанына біраз жыл болған. Көп жыл жеңешеміз көтере алмай, Жаратқаннан сұрап жүріп, екі ұлды дүниеге әкелген еді. Енді қайтсін, Алланың берген қос асығы тәтті болмағанда?! Ат жалын тартып мінетін жасқа да жетіп қалған, үй шаруасына да мұқият, әкелерінің сенімді көмекшісі. Сауыт-сауыт болып аңшылықтан келген әкелерінің олжасын орны-орнына осы Алдияр мен Молдияр орналастырды. Құйрық жүні жоқ, қораздарды қайдан атқан деп бір-біріне әңгіме етіп жүр.

Ал жеңешеміз Әлменнің ас-суын дайындай жүріп, бұрқ-бұрқ етіп сөйлеп жүр. Әбден құс етін тазалаудан қажыған болу керек. Түнеукүні де бір ауылға жететін құс пен аңды толтырып тастаған. Оның бәрі – жеңешемнің бейнеті.

– Әлмен, осы аңшылығыңды қойшы. Онсыз да ет деген толып тұр, оның барлығын сасытып қайтесің? Көрші-қолаң да жалықты. Сенің аңшы екеніңді бәрі біледі. Құралайды көзге атқан мергендігіңді кімге дәлелдемексің?! Күн құрғатпай аңшылыққа кетесің де отырасың. Аңның киесі ұрып жүрмесін. Бізді қойшы, мына екі ұлыңды ойласаңшы, бұғанасы қатпаған екі ұлға тимесе жарар, – деп сөйлей берді.

- Әй, қатын, болды енді. Жетер, үндемеген сайын өршіп барасың ғой. Аң-құста ешқандай кие жоқ. Бұл менің бойыма берілген үлкен қасиет. Аңшылық – атаның дәстүрі, мен оған берікпін, – деп бір тыйып тастады.

Бел шешіп, аяқ суытып, дастарқан басына отырды. Ішіп-жерін үстел басына әкелсе де, отанасының ашуы басылмапты. Жаймен шай құйып отырып, әңгімені тағы бастады.

– Әлмен, аңшылық ата дәстүр екені рас. Бірақ олар сен секілді үсті-үстіне қырып-жойған жоқ. Бір оғың далаға бос кетпейтінін бүтін ауыл біледі. Осы аңшылықты қойшы. Онсыз да басқа кәсіп бар ғой. Көлге барып, ау салып, балық аула, ат жүгіртіп аламанға түс. Одан басқа да қызық жетеді. Маған жөнсіз аңға шыққаның ұнамайды, бойымды бір қорқыныш билейді де тұрады. Сен сыртқа кеткеннен үйге оралғанша байыз таппаймын. Бір бәлеге ұрынып қалмаса болды деп. Саған деген өтінішім сол, ең болмаса, екі ұлыңды аяшы, – деп көзінен бір тамшы жас домалап түсті.

- Әй, Күлғайша, бұл менің бала күннен серік етіп келе жатқан ермегім. Менің әкем де, оның атасы да аты шыққан аңшы болған. Мыңғырған мал, қап-қап ақша емес, маған қалған мұра осы. Енді бұл сөзіңді естімейтін болайын. Бүгін ұйқыңнан шошындың ба, жоқ, әлде сол аяғыңмен тұрдың ба, құлақ етімді жеп біттің ғой, – деп Әлмен қабағын шытты.

Ақыры Әлмен өз дегенінен қайтпады. Сол баяғы тірлігі, қолы қалт етсе болды мылтығын асынып, тау-тасты кезіп, ұшқан құс, жүгірген аңды құлатпай қайтпайтын болды. Ауыл-аймақ Әлменнің сұрмерген екенін жақсы білетіні рас. Тіпті, бірге аңшылыққа барған ауыл азаматтары Әлменді жыр қылып айтады. Таңдай қағып, тамсанатындар да көп.

Кешкісін апақ-сапақ уақытта көрші Қорабай келді.

– Әлмен, мен бір тамаша жерді көріп келдім. Қаз-үйрегі көлге сыймай, шуылдап жатыр. Бір-екі рет атып едім, оғым тимеді. Ертең соған барсақ қалай? – деді.

Әлмен де әзер отырған, саятшылық десе делебесі қозып, ішкен асын жерге қояды. «Барсақ, барайық, ол үшін ерте күн шықпай көл басына жету керек», – деді.

- Ә, оның жарасы жеңіл, менің айқасқа атым лезде апарады, – деп лепірді көршісі.

Ақыры әңгіменің арты аздап тойлатуға ұласты. Қызыңқырап алған екеуі аңшылықтың әңгімесін көпіртіп-көпіртіп, бір-біріне дес бермей қызыл кеңірдек болды. Бір шишаны тауысып, Қорабай үйіне кетті. Әлмен оқ оқтауға кірісті.

Ыңылдап отырып, оқшантайдағы атылған оқтарды қайта жаңартып, ертеңгі саятшылыққа дайындалды. Мұны көрген Күлғайша тағы да қыңқ ете қалды.

– Сен тағы кетіп барасың ба?! Осы әдетіңді қашан қоясың? Ең болмаса бір маусым мылтық атпасаң болмай ма?! Ана екі баланың түрі анау, ыстығы көтеріліп, дерт жабысты ма, сылқ түсіп төсектен тұрмай жатыр. Ең болмаса, екі ұл тұрғанша қоя тұршы, – деді.

- Сен де қайтадан бастадың ба?! Ол екі ұлға ешқандай дерт жабысқан жоқ. Әшейін суықтап қалған ғой, қағынды жоқ. Менің қаным емес пе, маған тартса ертең-ақ шауып кетеді, – деп лепірді. Іштегі ащы судың буы мен аңшылық десе арқасы қозатын қызбалығы тағы бар, Күлғайшаның сөзін құлағына ілмеді.

Ертемен Қорабай екеуі айқасқаға мінгесіп, көлге тартты. Күн ұясынан көтеріле қойған жоқ. Көлге дейін біраз жер. Бірақ әңгіменің бағыты – құс ату. Бұрынғы атқандарын, қазір қалай ату керек деп ақылдасып та келеді. Қорабайдың әдеті бар, қасындағы адамын мақтап отырып, уысына құлатып алатын. Бермеймін деген затыңды Қорабай мақтаса болды, қолтығыңа қыстырып жібересің. Майпаздап отырып, Әлменді де қопаңдатып келеді. Арқасы қозып, менен әлі бір аң, бір құс құтылып көрген жоқ деп асырып жібереді. Өстіп бір-бірін қолпаштап отырып, көлге де жетті. Қырда тұрған ескі ағаш қайықты суға түсіріп болғанша таң қылаң бере бастады.

Күн ұясынан көтерілген сәт тамаша, қызарып атқан күннің арайы көлдің бетін құлпыртып жібереді! Жуасып жатқан көл суымен араласып кете барған күн нұры көлді алқызыл түске бояп, тылсым табиғаттың құпиясын ақтарып салғандай болады. Өстіп бірі ескек есіп, екіншісі күннің нұрымен бірге алқылыз көлдің бетін көзбен шолып, айдынға қарай бет алып келеді. Дәл осы сәтте қырдан көлге қарай екі аққу сыңқыл қағып ұшты. Құс біткеннің сұлуы, көлдің сәніне айналған аққудың дауысы көлдің үстін одан ары жаңғыртып, ажарландыра түскендей. Әшейінде әдемілікті көзі ілмейтін Қорабай: «Паһ, шіркін, Әлмен, ана екі аққуды қарашы. Қып-қызыл күнмен қанаттары шығылысып, көлге қарай ұшып келе жатқан. Әдемі көрінеді екен, құстың сұлуы аққу деп бекерге айтпаса керек», – деді.

Бағанағы арқалы әңгімеден әлі арыла алмай қопаңдап тұрған Әлмен басын көтеріп, жақындап қалған аққуды көрді. Осы сәтте Қорабайға: «Мына екі аққуды атайын ба? Өтін алсақ, екеумізге де жетеді. Сенің де, менің де балаларым әлі жас, суық тиіп, тұмауратқан кезде осы аққудың өтін ішкізсе, бойдағы суықты қуып шығады», – деді.

Сол кезде шошып кеткен Қорабай: «Қой, Әлмен, аққуды атқаны несі?! Сұлулықтың белгісі болған, оның үстіне қазақ аққуды киелі санаған, атпа», – деді.

– Ой, сен де оның қайбір киесі бар дейсің? Аққудың бар қасиеті сұлулығында. Әйтпесе, нағыз жыртқыштың өзі, қасындағы басқа құсқа маза бермей, балапанын қырып, жұмыртқасын жаратын нағыз тәкаппар. Оның үстіне аққу өліп бара жатып, өтін аузынан ағызып жіберетінін білесің бе? – деді. – Ол ішіндегі өтін қимайтын нағыз тәккаппар!

– Әй, сонда да атпа, киесі соғады, – деп Қорабай айтып болғанша, мылтық дауысы гүрс ете қалды.

Бірақ аққу құламады, атқан оғы далаға кетті. Оған Әлменің өзі де таңданып: «Мына аққу қайтеді-ей? Менің оғымның тимей кеткені болмаған. Мен саған көрсетейін, бәрібір алмай қоймаймын», – деп екінші оқты оқтады.

Сол кезде Қорабайдың: «Ей, Әлмен, сені жын соқты ма? Қой деймін, аққуды атқан қазақты көрмедім, доғар», – деп жан дауысы шықты.

Әбден көзіне қан толып, екіленіп кеткен Әлмен қойсын ба? Екінші оғын маздатты. Осы кезде қалықтап келе жатқан қос аққудың сыңары көл бетіне құлдилады. Қанатын кеңге жайып, алқызыл көлді бауырлай, құшағына қысқандай әукесі суға тиіп, қанатын жайып барып су бетіне құлады.

Бұл Әлменнің соңғы атылған оғы болар. Өзі есеңгіреп тұрып қалды. Көл бетін бауырлай құлаған аққудың екі қанатының астынан Алдияр мен Молдиярдың бейнесі көрінді. Мұны екеуі де анық байқады. Есеңгіреп қалған Әлмен қолындағы мылтығын қайықтың ернеуіне бір соғып, қайықтан қарғып, қырға қарай жанталасты. Талай жыл жолдасы болған қандыауыз мылтық ортасынан опырылып, құндағы суға кетті. Майырылып ұңғысы қайықта қалды. Қорабай көлдегі аққуға қарап ұзақ отырды. Сыңарынан айырылған жалғыз аққу төбені бір айналды да, саңқ етіп дауыс шығарып биікке қалықтап кетті.

Екі өкпесін қолына алып, ауылға қарай жүгіріп келе жатқан Әлменде ес қалмады. Тіл-ауызы байланып, тек екі көзден жас сорғалайды. Жанарында ауыл емес, бағанағы өзі көрген бейне. Алдияр мен Молдиярдың суреті. Қансорпасы шыққанша аяғы ана жерге бір тиіп, мына жерге бір тиіп, үйге жетті. Сол күйі табалдырықтан аттап, үйге енгенде төрде Алдиярды құшақтап, аңырап отырған Күлғайшаны көрді. Бұл бағанағы аққудың бейнесінен де қорқынышты, дауысы өте ащы, зарлы көрініс еді. Есік пен төрдің ортасында оза алмай сол босағаға қос тізерлеп құлаған Әлмен бар дауысымен айқайлап, басын жерге соқты. Бірақ ол кеш еді, ыстық пен суықты бірге өткізген Күлғайшаның сөзін тыңдамады, қой деп, қолына жармасқан Қорабайды да елемеді. Зарлаған дауыс құлақта, қос құлынның бейнесі көздің жанарына мәңгілік таңба болып басылды. Ел болып, ағайын болып, Алдиярды жер қойнына тапсырып, үйге келгенде хал үстінде жатқан Молдияр да көз жұмды.

Атам-ай емес, ботам-ай деп боздаған Әлменнің дауысын ешкім естімеді. Естісе, егіз құлынның біреуі қалар еді. Құндақтаулы кішкентай ғана Молдиярды да мәңгілік мекеніне тапсырып, өркештей болған қос төмпешіктің ортасында Әлмен қалды. Қабірден қайтқан ағайын аққудың киесі соқты деген сөзді жиі қайталап келе жатты.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан