Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"РЕНЖІМЕЙ ҚАЙТЕЙІК?" ҰЗЫНБҰЛАҚТЫҢ ӘКІМІ АҚСАҚАЛДАРДЫ АЛАЛАП ОТЫР

Уақыты: 15.01.2021
Оқылды: 643
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Осы жасқа келгенімше әкімқара тұрмақ, біреу туралы жағымсыз пікір жазып көрмеппін. Айтсам, бетің бар, жүзің бар демей, адамның тура өзіне айтамын. Енді, міне, айтпайын десем, сөздің атасы өледі. Амал жоқ, қолыма қалам алып отырмын.

Жақында Ұзынбұлақ ауылында «Ақбастау» деген ат берілген Мәдениет үйі ашылды. Мәдениет отауына күрделі жөндеу жүргізіліп, ашылғанына қуаныштымыз. Реніш неден туындады? Соған келейін.

Ұзынбұлақ ауылына еңбегім сіңген. Ардагермін. Кезінде құрылыс саласында бригадир болып, бірнеше жыл абыройлы еңбек еттім. Мал шаруашылығын да алға тарттым. Қоғам дамуына маңдай терімді төге жүріп, үлкен үлес қостым.

Әлі күнге дейін ауылда тұрамыз. Қара шаңырақ болған соң, балаларым қызметте жүрсе де немерелерімді ертіп, ауылды ұмытпай, алды елордадан ат арытып, жиі келіп тұрады. Ана жылдары жұрт қалаға үдере көшіп, ауыл іргесі сөгіліп, үйлердің тозығы шығып, көше қаңырап қалғанда да көшпей, «Ауылым – алтын бесігім» деп, осы жерден өсіп-өніп, тамырымызды тереңге жайып отырмыз.

«Ақбастау» Мәдениет үйі салынар алдында кеңшардың сол кездегі құрылыс бөлімінің прорабы Кенен Ибраймов шақырып алып:

– Аға, сіздің бригадаңыз жұмысты жақсы істейді, үйді де жақсы салады. Ауылға жаңа клуб салатын болдық. Бригадаңызды алып, іргетасын өзіңіз құйыңыз. Жаңа ғимарат зәулім, екі қабатты болады. Кейін комиссия тексереді, талап қатты. Кеңшардың басшылығы сізге сенім артып отыр, – деген еді.

Бригадада он бір адамбыз. Ол кезде кеңшар басшысы Болат Сегізбаев болатын. Сөйтіп, біздің маңдай терімізбен, күш-жігерімізбен, барлық талапқа сай салынды. Қазір бәрі ұмыт болды.

Жарайды, жастар ұмытты делік. «Баланың ісі – шала» дегендей, олардікі кешірімді. Ал Ұзынбұлақ ауылдық округінің әкімі Кеңесжан Масеновтың мұнысын қалай түсінеміз?!

Баяғыда бір ақсақал «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» депті. Сол сияқты салтанатты шараға шақырылмай, ардагерлер сапынан шығып қалғанымызға ренжімей қайтейік?!

Әкім деген осындай кезде көпшілікті ұйыстырып, үлкен істің жай-жапсарын алдын ала сұрап біліп, кезінде Мәдениет үйінің іргетасын қалаған, оны салуға атсалысқан адамдарды анықтап, ардагерлерді елеп-ескеріп, салтанатты шараға арнайы шақырып, құрмет көрсетуді ойлауы керек қой. Әйтпесе, несіне басшы?!

Алақандай ауыл ардагерлерінің еңбегін білмейтін, білсе де елегісі келмейтін, адамдарды алалайтын әкімге ақсақалдар өкпелемей қайтсін?!

Шындықтан сөз бұзылмайды. Кеңесжан Бағашарұлы әкім болып сайланған алғашқы жылдары жақсы жұмыс істеді. Еңбегін жоққа шығармаймыз. Ақсақалдарды сыйлайтын. Мерекелік шаралардан қалдырмайтын. Ал ендігі әрекетін түсіне алмай далмыз. Әлде әкімдік қызметінің мерзімі аяқталып қалғандықтан ба, кім білсін? Кейінгі кезде еңбек ардагерлерін көзге ілмейтін болды. Дегенмен, жігіт адамға «қызметтен кетемін» деп күн санап, бұлайша босаңсуға болмайды ғой.

Ел басқарған азамат қашанда елмен бірге қоян-қолтық араласып, қай кезде де жүзі жарқын, сөзі өтімді, көпшілік арасында сыйлы болып жүргені абзал. Үлкенді сыйлап өскен елдің ұрпағымыз. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет» деген даналық сөз аталарымыздан қалған. Соны жадымызда ұстасақ, қане!

Теледидардағы жаңалықтардан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қолға алып жатқанын күнде естиміз. Бірақ біздің ауылдың әкімі оған немқұрайды қарай ма деп те ойлаймын. Олай болмаса, адамдарды алаламас еді.

Кеңес одағы уақытында жұмысшы болсақ та газет-журналды жібермей оқитынбыз. Сол қанға сіңген әдет бойынша теледидардағы жаңалықты қалт жібермей, газетті де қадағалап отырамын. Өз ойымды да айта кетейін.

Мемлекет басшысы айтқандай, ауыл, аудан әкімдерін халық болып сайлаған дұрыс. Президенттің игі бастамасын ардагерлер болып қолдаймыз. Елге жаны ашитын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы білетін, өз қамын емес, жұрт қамын күйттейтін, сана-сезімі уланбаған, рушыл емес, көпшіл, менменшіл емес, мемлекетшіл, білікті, білімді, озық ойлы, жігерлі жастарды таңдап, келешекте ауыл, аудан әкімі етіп сайлағанымыз жөн.

Нұрахмет ҚАЛҚАЕВ,

еңбек ардагері

Ұзынбұлақ ауылы,

Кеген ауданы

Алматы облысы