КӨКСУ АУДАНЫНА ҚОЙЫЛҒАН ТОҒЫЗ ПОСТ ҚАЙТАДАН АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ

Уақыты: 13.04.2021
Оқылды: 895
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирустың өршуіне байланысты Көксу ауданына қойылған 9 блокбекет қайтадан алынып тасталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Сөйтіп, ауданның санитариялық дәрігерінің қаулысы қайта өзгерді. Тоғыз ауылдың кіреберісіне қойылған блокпостардың не себепті алынып тасталғанын Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі түсіндірді.

"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 12 сәуірдегі №13 қаулысының негізінде карантин шараларын қатаңдату туралы шешімдерді қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларының, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы қызметті жүзеге асыратын Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер қабылдайтынын хабарлайды. Осыған байланысты, департамент Көксу ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 9 сәуірдегі №54 қаулысының 14 сәуір күні сағат 00-ден бастап күші жойылатынын мәлімдейді», - делінген ведомство хабарламасында.

Яғни, енді аудандық деңгейдегі санитариялық дәрігерлер карантин шараларын қаулымен қатаңдата алмайды. Тек облыстың бас санитариялық дәрігерлеріне ғана мұндай құзірет берілген. Айта кетейік, Көксу ауданының санитариялық дәрігері ауданда коронавирус жағдайы күннен-күнге ұлғайып бара жатқандықтан өткен тәулікте ғана 9 блокпост қойған болатын. Жалпы, аудандағы ахуал бойынша сәуір айында коронавирус инфекциясының 128 жағдайы тіркелген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"