"АДАМНЫҢ ҮМІТ ОТЫН ЖАҒУДАН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ": ХИРУРГПЕН СҰХБАТ

Уақыты: 18.07.2021
Оқылды: 1047
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жұмыр басты әр пенде тірлігінде мына жарық дүниенің қызық-қуанышын көп көрсем, бала-шағамның ортасында ұзақ жүрсем дейді. Айым оңымнан туып, жұлдызым жарқырап, жайнап тұрса дейді. Әйтеуір, әрдайым осындай адами тілектің жетегінде болады. Сөйткен арманы мақсатына айналады. Алдына қойған мақсат-міндетіне жету үшін барлығына тәуекел етеді. Шыңға шығу жолында қанша қиындық кездессе де, мойымайды. Біздің кейіпкеріміз де «тәуекел» деп, бүгінде білдей бір мекеменің қожайыны атанып отыр. Айдарымыздың кезекті кейіпкері – білікті хирург-дәрігер Асиф ГУСЕНОВ.

Өз ісінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға  ем-шаралар көрсетуден бөлек, емхананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппо-крат» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен Асиф Гусенов адам жанының инженері іспеттес. Тіпті, бүгінгі күні өзінің жеке емханасын ашып, оны кеңейту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның дәрігерлік жолды таңдауы да кездейсоқтық емес.

Әкесі тіс дәрігері қызметін атқарған. Жастайынан ақ халатты жандардың әңгімесін тыңдап өскен кейіпкеріміз өзін дәрігер ретінде елестете бастайды. Теледидардан медицина саласына қатысты бағдарлама, фильмдер көреді. Барлығының сюжетінде әр дәрігер өзінің жеке емханасын ашады. Сол сияқты Асиф та алдына белгілі міндеттер қояды. Ол – оқуға түсу, білікті дәрігер болу, өзінің жеке емханасын ашу. Осылайша С.Асфендияров атындағы медицина институтына түседі. Десе де, алғашқы екі курста тек химия, физика, философия, саяси экономика пәндері оқытылғандықтан, оқуға аса ынтасы бола қоймайды. Тек үшінші курстан топоанатомиядан дене мүшелері құрылысын оқи бастағанда қызығушылығы оянып, шәкіртақысына клиникалық хирургияның журналдарын сатып алып, кейіннен жаздырып оқиды. Әрі факультативті сабақтарға үзбей қатысады. Ал тәжірибеден өтуге ауруханаға барған бұл өзінің жаны қалайтын мамандық екенін түсінеді. Ол кезде диагнозды тек науқастың ауруды сипаттауымен қолмен ұстап қояды. Сонда ғой, практикант студенттің қойған диагнозы дәл келіп жататын. Өйткені, 6 курсқа дейін жалпы хирургияға байланысты монографиялардың тізімін алып, жүзге жуығын оқып тастаған. Жаңа кітап, жаңа тәсіл шықса үйренуге асығатын. Ұстаздары да оның көп ізденетінін білетін. Сол кездері алған негізгі базалық білім, оны әрі қарай үздіксіз жетілдіру осы күнге дейін көмегін тигізуде.

– Дәрігерлер көп оқуы керек. Қызығушылық болмаса, еш нәрсені оқи алмайсың. Маған студент кезімде ешкім оқы демесе де қажетті деген оқулық, әдебиеттерді оқуға тырыстым. Мәселен, 80 пайыз жағдайда диагнозды науқастың түр-келбеті, жүріс-тұрысы, жатқан жатысына қарап білуге болады. Бізде қалай, науқас «мына жерім ауырады» дейді, дәрігер сонымен тоқтайды. Әрі қарай ол қалай ауырады: сыздай ма, ашып, бүріп ауыра ма? Әрбір дерт өз белгісін береді. Мен алдымен науқастан бәрін тәптіштеп сұрап шығамын. Сонда симптомның жүз пайыз жағдайында бір ауруға сәйкес келеді, – дейді кейіпкеріміз.

Міне, қолында «хирург» деген дипломы бар жас дәрігер туған жері Талдықорған қаласына келеді. Облыстық онкологиялық ауруханаға жұмысқа орналасып, ол жерге 8 жыл хирургиялық өмірін арнады. Осы 8 жыл бойы жеке емхана ашамын деген мақсатта қаражат жинап, өзін моральды, материалды тұрғыдан дайындады. Уақыты келгенде жекеменшік мекемесіне ғимарат қарастыра бастады.

– «Тәуекел етпеген жан тәтті ішпейді» деуші еді. Сол сияқты, барлығын осы іске тіктім. Алдыма мақсат қойғалы жеке мекемеге ақша жинаумен келіппін. Белгілі мөлшерде қаражат жинадым. Астымдағы көлігімді саттым. Ата-анам да қаржылай демеулік көрсетті. Барлығына жаңа аппараттар сатып алдым, – деген білікті хирург ашылған уақытта қиналғанын айтады.

– Есігімізді салтанатты түрде айқара ашатын кез келді дегенімізде елде карантиндік шектеулер енгізілді. Ашылмай жатып жабылып қалдық. Барлығында қорқыныш пайда болды. Десе де, бұрынғы емделушілерім мені арнайы іздеп келе бастады. Қарындасым да бірге қызмет жасайды. Ол да көптің іздейтін білікті дәрігері. Басында екеуіміз ғана қызмет атқардық. Сөйтіп, бірте-бірте «Авсармед» туралы көпшілік біле бастады, – деген Асиф түскен пайданың барлығы айналымға кетіп жатқанын жеткізді.

Ендігі жоспар – мекемені кеңейтіп, операциялық блок салу. Сондай-ақ, сапалы операциялық, медициналық аппараттар сатып алып, толықтыру. Әжесі Авсардың құрметіне аталған мекемеге білікті дәрігерлер тарту. Проктолог, балалар дәрігері мен қантамыр ауруын емдейтін дәрігер сынды білікті мамандарға кадр ашу да ойында бар. Сонымен қатар, пластикалық хирургия саласын да дамыту жоспарында. Ол үшін арнайы оқыту курсынан да өтіп келген екен.

Хирург қандай болуы керек дегенге келсек, иммунология бағытында, заманауи дәрі-дәрмектер, диагноз қою, тексеру тәсілдерінде мол ақпаратпен қаруланған, уақытпен есептеспейтін, білімін үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби әлеуеті жоғары, ойшыл, болашаққа жұмыс істейтін, өмірін осы жолға арнаған жанды айтамыз. Яғни, кәсіби білікті хирург болу үшін үш нәрсе – терең білім, еңбекқорлық, іскерлік қабілет керек. Осы қасиеттің бәрін бір бойына жиған алтын қолды дәрігер, скальпельдің хас маманы деуге әбден болады.

– Жалпы, медицинада хирургия – элиталық сала. Кейбіреулер үшін жақсы хирург атану оңай сияқты көрінер. Медицинаға келген жастар жалақының аздығынан, болмаса ізденіп оқуды қаламай басқа салаға кетуде. Олар еңбектенсе, кәсіби деңгейін арттырса, танымал маманға айналар еді. Ондай маманды шетелден де іздеп келіп жатады. Ал білім-білігің болмаса, саған кім келеді? Рас, тырысу керек, бірақ, ол жаратылысында берілген қабілетке де байланысты. Оқуды қызыл дипломға бітірсе де науқасқа келгенде, білімін қолданып, анализ жасай алмай жатады. Қабілет-қарымы жетпейді. Яғни, бұл – табиғаттан келетін қасиет. Қазіргі жағдайда хирург ота жасауға жүз пайыз диагнозбен бару керек. Ал кейбір жағдайда ота үстінде шешім қабылдауға тура келеді. Менің оталарымның 95 пайызы онкологиялық аурулар. Кейде жап-жас адамның екі-үш ағзасын алып тастауға тура келеді. Ота жасаған жөн бе, жоқ, жауып қоя салу керек пе? Әрине, қайта жаба салу оңай. Онда адамнан айырыламыз. Тәуекел етсең, артынан асқынулар болуы да елу де елу пайыз. Мықты хирург соны жылдам бағамдауға, қорытынды жасауға қабілетті болуы керек, – дейді кейіпкеріміз.

«Адамның үміт жібін жалғап, жүзіндегі қуанышты көру – айтып жеткізгісіз керемет сезім ғой. Егер мен қаржыгерлік мамандықты таңдасам, әлдеқашан бизнеске кетіп, жағдайым бұдан мың есе жақсы, шалқып өмір сүрер ме едім. Бірақ бәрібір бүгінгі мамандығымнан тапқан бақытқа жетпейді деп ойлаймын. Жанын саған тапсырып, көзі жәутеңдеп жатқан адамның соңғы үмітін жалғаудан артық қандай бақыт болуы мүмкін?! Оны еш нәрсемен өлшей алмайсың. Ағза алмастырған күні қанша шаршасаң да, ертең науқастың жақсы болатынын біліп шығасың. Сол көңілге зор медет. Науқастың, оның бала-шағасы мен жақындарының қуанғанын көргендегідей рахат сезімді еш жерден сезіне алмайсың. Олардың берген батасы, жүректерін жарып шыққан ізгі ниет-тілектері еш нәрсемен өлшенбейді. Сол баталардың қасиетін қашанда сезініп тұрамын». Міне, біздің кейіпкеріміз осылай толғанады.

«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін жанның бірі Асиф Гусеновтың жеке емханасы дами берсін демекпіз.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы