АУДАН, АУЫЛДАРДА ВАКЦИНА ЖЕТКІЛІКТІ МЕ? КАРАНТИН САҚТАЛА МА?

Уақыты: 23.09.2021
Оқылды: 3260
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Jetisy media» мекемесінің ұйымдас­тыруымен «Алматы облысындағы коронавирусқа қарсы вакциналау жұмысы» тақырыбында көшпелі баспасөз-мәслихаты Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласында өтті. Ондағы карантин шаралары, арнайы құрылған мобильді топтың қызметі және аурухананың бүгінгі жұмыс кестесімен таныстық.

Әуелі Балпық би ауылындағы Көксу аудандық емханасында болып, ондағы жағдайды білдік. Емхана меңгерушісі Салтанат Әбдрахманова:

– Ауданда өткен аймен салыстыр­ғанда індет жұқтырғандар саны азайды. Ал вакцина алу бойынша ауданда он ауылдық округ болса, соның үшеуі ­– Жарлыөзек, Мұсабек, Айнабұлақ ауылдық округтері вакцинаны орындау бойынша жүз пайыздық көрсеткішке ие болды. Биылғы жылдың 20 қыркүйегіне аудандағы нәтиже: вакцинаның 1 кезеңін 16 531, 2 кезеңін 14 730 адам алды. Сонымен қатар, аудандық ауруханада  өкпені жасанды желдететін 4 аппарат, 60 оттегі баллоны, 50 Бобров аппараты, 31 оттегі концентраторы, 3 рентген аппараты, оның екеуі стационарлық және 1 жылжымалы, 50 пульсоксиметр бар, – деді.

Сөз арасында Салтанат Советбекқызы бүгінде вакцина қоры жеткілікті және оның сақталуы жіті бақылауда екенін жеткізді. Бүгінде ауданда «QazVac», «Hayat-Vac», «Спутник V», «CoronaVac», «Sinopharm» вакциналарынан 1-ші кезеңге арналған 21 847, 2-ші кезеңге арналған 21 847 доза бар. Ал коронавирус инфекциясының алдын алу және жою мақсатында құрылған арнайы тексеру тобы бүгінгі күнге дейін ауданда 50 заң бұзуды анықтап, тиісті шара қабылдаған.

Келесі кезекте Қарабұлақтағы Ескелді аудандық емханасында болып, ауданның бүгінгі жағдайын білдік. Аудандағы орталық аурухананың басшысы Сәуле Құсмолданова:

– Кейінгі аптада ауданымызда аурудың төмендегені байқалды. Ал биылғы оқу жылы басталғалы оқушылар арасынан 23 коронавирустық инфекция жағдайы тіркелді. Ауданның 13 мектебіндегі 28 сыныпқа карантин енгізу туралы 28 қаулы шығарылып, 453 оқушы мен мұғалім үй жағдайындағы карантинде қашықтан жұмыс істеуге көшті. Вакцина жеткілікті. Біз де дәл қазір аудан бойынша егу пункттері 12 және жылжымалы 2-ші егу бригадасы ұйымдастырылған. Жыл басынан бері Ескелді ауданында 1-ші компонентімен 15409, 2-ші  компонентімен 11752 адам егілді. Вакциналау кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ, – деді.

Аудандағы мониторингтік топ жыл басынан бері 43 тәртіп бұзуды анықтаған. Бүгінгі күні  Ескелді ауданында кәсіпкерлік объектісінде карантиндік іс-шараларды қасақана бұзу фактісі тіркелген жоқ.

Ал пресс-турды түйіндеген Текелідегі эпиджағдай бұрынғысымен салыстырғанда көңілге медеу. Осыған дейінгі індет жұқтырғандар саны кейінгі аптада төмендегені байқалды. Моноқалада оқушылар арасындағы ауру жұқтырғандар саны – 12. Жағдайлары жақсы. Ал олармен қарым-қатынаста болған сыныптастары мен ұстаздары қашықтан оқуда. Вакцинаның 1-ші кезеңін 14 528, 2-ші кезеңін 11 391 адам алды. Ал «Ashyq» бағдарламасымен қаладағы 149 мекеме жұмыс істейді.

Байқағанымыз, аурумен күрес қарқынды жүріп жатыр. Індетке қарсы вакцина егу ісі де өз деңгейінде. Біз сөйлескен дәрігерлердің бәрі арқаны кеңге салу әлі де ерте екенін ескертіп, сақтанып жүру керектігін айтты.

Қали АСҚАР

Сурет ғаламтордан алынды