АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ ҚАЙТА ӨРШІП БАРАДЫ - БАС САНИТАР

Уақыты: 13.01.2022
Оқылды: 1131
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус індеті күллі әлемді алаңдатқанына үшінші жыл. Денсаулық сақтау саласы жыл сайын түрленуге түсіп жатқан кеселмен алысып әлек. Алғашқы жылға қарағанда жұқпаны емдеуге дайындық едәуір жақсарған.

Бұрын-соңды жаппай сырқаттанушылық орын алмағандықтан ауруханалар тыныс жолы дертін емдеуге арналған арнайы қондырғылармен  жабдықталмаған еді. Өткен жылы сол олқылықтардың орны барынша толтырылды. Облыс орталығынан инфекциялық аурухана салынды.

Коронвирусты емдеуге арналған  мекеменің құрылымы, емдеу тәсілі жайлы айтсақ, мамандандырылған  аурухана 2021 жылдың қараша айынан бастап іске қосылды. Аурухана 200 төсек-орынға есептелді. Оның 20-сы жансақтау бөліміне арналған. Аурухана ашылғаннан бері 4 мыңнан аса науқас ем алды.  Аурухана эпидемиялық талаптарға сай, арнайы аймақтарға бөлінген. Қызыл аймақ (науқастар орналасқан), таза аймақ (мұнда медициналық қызметкелердің  жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған) деп бөлінген. Құжаттармен жұмыс жасау, тамақтану бөлмелері бар.

Әрбір науқастың төсегіне  оттегі «көзі»  жеткізілген. Оттегімен қамтамасыз ету үшін медициналық жабдықтар жеткілікті. Емдеу мекемесі диагностика жасауға арналған құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ПТР сараптамасын жүргізу үшін арнайы аппарат орнатылған. Компьютерлік диагностика үшін КТ, ультрадыбыстық тексеру үшін УДЗ аппараты, оттегімен қамту үшін өкпені жасанды желдету және Hi flow аппараттарымен жабдықталған.

Аурухана директорының орынбасары Анжелика Русланқызының айтуынша, дәрі-дәрмек жағынан тапшылық жоқ. Короновирусқа қарсы қолға алынған іс жайында айтатын болсақ, инфекционист дәрігерлердің жеткіліксіздігіне байланысты басқа саладағы дәрігерлердің барлығы коронавирусты емдеу бойынша  мамандандырылған. Осылайша, инфекционистердің қатары көбеюде. Сондай-ақ, хирург, эндокринолог, кардиолог, терапевт, пульмонолог, педиатр және жалпы тәжірибелі дәрігерлер емханалардан аталмыш стационарда  жұмыс жасауға тартылған. Себебі, мұнда әртүрлі созылмалы сырқаты бар адамдар  да ем алады. Олар коронавирус сырқатын емдеуге жан-жақты көмектескен. Емдеу мекемесін білікті дәрігерлермен қамту негізгі мәселе болып табылады. Бұл орайда  маман тарту дұрыс жолға қойылған.

Биыл коронавирус індетіне балалар да көп шалдыққаны белгілі. Анжелика Русланқызының сөзіне сүйенсек, коронавируспен ауырып шыққаннан соң  “Кавасаки синдромына” шалдығу жиі кездескен. Ол өте ауыр өтетін асқыну. Кесел жүрек, қан-тамыр жүйесі зақымдануының салдарынан орын алады. Мұқият, нақты жасалған емнің нәтижесінде кеселге шалдыққан балалардың барлығы аман-есен жазылып шыққан.

Өткен жылдары медицина мамандарының жұмыс істеуі, қауіпсіздігі, күні-түні еңбек етуі үшін қосымша ақы төлеу де жан-жақты қаралғаны мәлім. Сондықтан, індеттің қауіптілігін ескере отырып, жалақыға үстемақы қосылып, төленіп отырды. Эпидемиялық талаптарға сай арнайы қонақүй және жұмысқа қатынауға көлік (автобус) бөлінді.

Міндетін жақсы атқарған мамандар ескерусіз қалмады. Оның ішінде, дәрігерлерге жергілікті әкімдік тарапынан баспана беріліп, әлеуметтік қолдау көрсетілді. Төтесінен келген кеселде ерлік көрсетіп, тұрғындарды емдеуге барын салған дәрігерлер арнайы марапаттар алды. Көпшілігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Алғыс хат иеленіп, "Шапағат" төсбелгісін, «Құрмет» орденін тақты. Бұл тек  облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емес, барлық коронавирус сырқатын емдеуге атсалысқан дәрігерлерге жасалған құрмет.

Әлемде вирустың бірнеше штамдарының пайда болуына байланысты, көрші шет елдерде ахуал тұрақталар емес. Сол себептен, елде жаңа толқын болуы әбден мүмкін.

Бірнеше қалада коронавирустың жаңа штамы - "Омикрон" етек жаюда. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар қатарын толтыру үшін облыста дайындықты пысықтау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қазіргі танда біздің елімізде короновирусқа қарсы емдеу, тексеру жоспары  бар. Емдеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен расталған және бекітілген хаттамаға сай жүргізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова коронавируспен емдейтін мекемелерде 17 компьютерлік томография, 53 рентген аппараты, 606 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты және 17 ауруханада оттегі станциясы орналастырылғанын айтты. Тек өткен жылы ғана коронавирус жұқпасын емдеуге жергілікті бюджеттен 818,2 млн.теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, облысқа емдеу мүмкіншілігі жоғары 148 Хай Флу аппараты алынған.

Соңғы жылы облыс бойынша медициналық аппараттармен қамту 79 пайыздан 91 пайызға көтерілген. Сырқат жандарға ең бірінші көмек көрсететін - "Жедел жәрдем" бригадасы. Сондықтан, былтыр облысқа 180 "Жедел жәрдем" көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен алынды. Барлық жылжымалы медициналық кешен саны 17-ге жеткен.

Ләйлім Ахметжанқызының айтуынша, денсаулық сақтау саласының тұрақтандыру қоры арқылы 51 түрлі дәрі бар. Препараттар "Инкар" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сақтаулы. Облыс бойынша аталмыш кеселді емдеуге 3455 медицина маманы тартылған. Жұқпаны анықтауға арналған 14 зертхана жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда індеттің негізгі алдын алу шарасы - екпе салдыру. Жаңа жылдан кейінгі эпидемиологиялық ахуал және вкцина салу жайлы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановтан сұраған едік. Ол мерекеден кейін коронавируспен сырқаттанушылықтың күрт өскенін айтты. Соңғы екі аптада сырқаттанушылық 0,02-ден 0,05 пайызға өскен. Өткен жылдың соңғы айында жұқпа жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші 12 адам болса, бүгінде күніне 60-70 адам сырқаттануда.

Ерғали Жасыбайұлы жұқпаның көбеюінің себебі, Жаңа жылда адамдардың сақтық шараларын сақтамағандықтан екенін айтты. Сондай-ақ, вакцина алуға асықпаудан деп түсіндірді. Облыста 318 егу пункті жұмыс істейді. Екпе салатын 76 жылжымалы пункт іске қосылған. Облыста бүгінде 12 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға "Комирнати" вакцинасы салынуда. Бүгінгі таңда облыста 37278 бала вакцинаның бірінші дозасын алған.

Жұқпаны емдеуге барлық жағдай жасалуда. Десе де, әлемді жайлаған кеселдің келесі толқыны келмесіне кепіл жоқ. Ендеше, сақтық шарасын күшейтейік.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы