АНТЫМЫЗҒА АДАЛ БОЛДЫҚ. БҮЛІК КЕЗІНДЕГІ "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ" ҚЫЗМЕТІ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 1139
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған. 5 қаңтар. «Жедел жәрдем» қызметіне орталық алаңда бейбіт шеруге шыққандардың арасында таяқ жегендердің бар екендігі жайлы ақпарат түседі. Бұл күні Кабир демалыста еді. Бірге істейтін Эльмира есімді қыз қалада қақтығыстың басталғандығы жайлы айтып, өзінің қасына көмекке келуін өтінді.

Бұрын құқық қорғау саласының арнайы жасағында істеген Кабир өзін әрқашан қауіпті жағдайда сынағанды жақсы көреді. Абай көшесімен келе жатқан оларға мұрыны бұзылған жігітке көмек көрсету тапсырылады. Солайша, алаңға бірнеше рет келеді. Біреудің қолы сынған, біреудің аяғы қайырылған.

Кеш бата қалалық полиция басқармасында қақтығыстың басталғаны туралы дабыл қағылады. Шақырту бойынша полиция басқармасының қасына жеткенде жігіттер бір адамды алып келіп, тез көмек көрсетуді сұрайды. Байқағаны – ол жүрмейді. Оны тек киімінен ғана көтеріп жүр.

– Жеңінен қолы ғана көрініп тұр екен. Бармақтары әппақ болып кетіпті. Жүрек қағысын тыңдадым. Әрең-әрең ғана естіледі. Қан қысымын өлшеп едім, танометр төмен түсіп кетті. Басын ашып қарасам, бассүйегінің жарылғанын көрдім. Сүйектің арасы ашылып, басы ісініп кеткен. Ол кездегі өзімнің қандай жағдайда болғанымды айта алмаймын. Әскери жігітке көмек көрсете алмағаным үшін жақындарынан кешірім сұраймын, – дейді ол дауысы дірілдеп, шарасыздығына налып.

Кабир сол қалпында бес күн ұйықтамай, нәр татпай жұмыс істеген. Қала тып-тыныш. Төтенше жағдай режимі енгізілген. Бұларға жылдамдықты 40-тан асырмау жайлы тапсырма беріледі. Себебі, жылдам жүру қашқандықтың немесе машинаны басқалардың тартып алып кетіп бара жатқандығының белгісі болуы мүмкін.

Қақтығыс кезінде «Жедел жәрдемді» тоқтатып, полицияға көмек көрсетпе, көліктен бері қарай шығар» деген де жағдай болыпты. Кабир дәрігер ретінде жараланғанның барлығына бірдей көмек көрсеткен. Алаңнан Кабир бір рет таяқ жеп келеді. Полицияны әкімдіктің терезесінен шығарып алып, киімдерін ауыстырып, өз киімін кигізіп, қауіпсіз жаққа апарып тастайды.

Полиция департаментіне шабуыл жасар алдында екі «Жедел жәрдем» бригадасы ғимарат алдында тұрған. Бірақ шеруге қатысушылар екі «Жедел жәрдемнің» де терезесін сындырған. Станцияның басшысы Савелий Геннадиевич Пак фельдшерлерді жинап, осындай кезде біз көмектеспегенде кім көмектеседі дегенді айтады. Жігіттердің көбі соңына дейін шыдауға бел байлайды.

Кабир жұмыс барысында фельдшерлер мен жүргізушілердің бір-біріне көмек көрсетіп, демеп отырғанын айтады. Мекеме басшысы қыздар мен әйелдердің жұмысқа шықпауына рұқсат береді. Ал, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков «Жедел жәрдем» қызметкерлерімен бірге жүріп, елге қызмет етті.

Дәл сол күндері қала «өлі тыныштыққа» оранды. Көшеде тек «Жедел жәрдем» көлігі ғана жүрді. Оларға дабылдағышты қоспау, жылдамдықты асырмау, жұмысты тып-тыныш атқару тапсырылды.

Ең қиыны – шақыртуға бара алмау. Сол күні бес жасар баланың ыстығы көтеріліп жатыр деген шақырту түседі. Барайын десең жол жабық. Ештеңе жасай алмайсың. Шеру кезінде машинаға жараланғандарды сыйғанынша отырғызып жіберіп, өзі жаяу қалған кездері болған. Үстіндегі фельдшердің киімін көре сала: «Сен бағана полицияға көмектеспекші болғансың», – деп тарпа бас салғандар да болған. Бір-екі рет ол оқиға орнынан станцияға жаяу жүгіріп барған. Станцияның өзін де атқылап, нысанаға алғандар кездескен.

Кейінірек шеру басылып, тыныштала бастағанда құқық қорғаушылар «Жедел жәрдемнің» жүруі үшін «қауіпсіздік дәлізін» жасап беріп отырған. Көмек сұра- ғандарға барар жолды айтып, қай жолмен жүру керектігін сілтеген. Бес тәулік ұйықтамай, ас-су ішпей жүрген Кабир адамдардың өздеріне тас лақтырғанына, кінә таққанына налиды. «Бізге ештене керек емес. Берілген тапсырманы орындап, дәрігерлік антымызға адал болдық. Бірақ әлі күнге мені боқтап, жұлқылағандардың ісін түсінбеймін», – дейді ол жаны күйзеліп.

Кабир қиын күнде көзге түсіп, өз ісін шексіз сүйген нағыз маман екенін дәлелдеді. Біздің кейіпкер адамдардың амандығы үшін полиция мен әскерилерден кем қызмет еткен жоқ. Оның да өмірі қауіп-қатерге толы еді. Кабирдің сол күнгі жанкештілігі басқаларға үлгі. Кабирді барлық марапатқа лайық, медицинаның батыры десек те жарасады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы