ІНДЕТТЕН ЕМДЕЛГЕН ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ АЛҒЫС ЖАУДЫРДЫ

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 1473
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жас келген соң жиі сырқаттанасың. Бірде жүрек, бірде қан қысымы, бірде бүйрек дегендей. Мен де кезек-кезекпен осы сырқаттардың барлығының «дәмін татып» келемін.

Жүрекке екі жерден «күш беруші» қондырғы қойды. Бірінші, Алланың күші. Содан кейін дәрігерлердің жәрдемімен қатарға қосылдым. Ағзам қалыпқа келіп қалды-ау дегенде коронавирус жұқпасының зардабын шектім. Ақсу аудандық ауруханасына әйелім екеуміз қатар түстік. Инфекция бөлімінде жаттым. Жолдасым Зура Алина ауыр жағдайда еді. Таңнан кешке дейін оттегі жастықшасымен тыныстайды. Әйел адам жары ауырса өзін ұмытып кетеді ғой. Ол да сөйтті. Есін жиса маған ас-суымды береді. Сөйтіп, екеуміз Ақсудың аудандық ауруханасында 10 күннен артық жаттық.

Дәрігерлердің дұрыс ем-дом жасауының нәтижесінде сырқатымыздан айығып шықтық. Ауруханада Диана есімді дәрігер бар. Оны «Жеке врачым» деп атаймын. Жақында буындарым сырқырап тағы ауруханада емделдім. Аудандық аурухананың дәрігерлері жасымызды сыйлап, қоғамға сіңірген  еңбегімізді бағалап, барын салып, емдеді.

Көп жыл автобазада істегенмін. Аудандық автовокзалдың басшысы қызметін атқардым. Әйелім екеуміз қант зауытында жауапты маман болдық. Ауруханамызда компьютерлік томография аппараты жоқ. Ауруханаға соны берсе дейміз. Әйтпесе, коронавирус сырқатымен түскендердің  өкпесі қанша пайыз сырқаттанғанын ажырата алмай жатады. Рентген тек сырқаттанғанын көрсетеді. Пайызын білдіре алмайды екен. Барлық ауданда бар аппараттың бізде неге жоқ екенін түсінбейміз.

Аудан халқы атынан денсаулық сақтау басқармасы басшыларына Ақсуға компьютерлік томография аппаратын алуға көмек берсе деген өтінішімізді айтқымыз келеді.  Коронавирус үшін қыруар қаржы бөлініп жатқанда бір қондырғы деген сонша қымбат дүние емес.

Бізде оттегі беретін станцияның да жоқ екенін айтқымыз келеді. Бұл дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетер еді. Жыл сайын коронавирус індеті жаңаланып келіп жатыр. Әлі де қандай жағдай болатынын білмейміз. Сондықтан ауданымыздың дәрігерлерінің еңбегі еленіп, керек-жарақтары түгенделіп, халықтың әл-ауқаты жақсарса екен. Бар мүкіндікті пайдаланып, көпке қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз!

Нұркен АЛИН

Ақсу ауданы

Алматы облысы