БАЛАЛАРҒА ТІС ЕМДЕУ ТЕГІН! 16 МАУСЫМҒА ДЕЙІН АРНАЙЫ АКЦИЯ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 02.06.2022
Оқылды: 2859
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында "Балаларға күлкі сыйла" акциясы аясында 80-ге жуық балдырғанға стоматолог қызметі тегін көрсетілді.

Балаларды қорғау күні аясында Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы стоматологиялық клиникалармен бірлесіп "Балаларға күлкі сыйла" акциясын өткізді. Осылайша, көпбалалы отбасынан шыққан және мүмкіндігі шектеулі 78 бала білікті стоматолог мамандардың қызметіне тегін жүгінді. Бұл шараға Талдықорған қаласы және Қарасай ауданының стоматологиясы қатысты.

Өз қаражатына балалардың тісін емдеген жеке стоматологиялық клиникалардың арасында ЖК «Кальменов Ж.О», ЖШС «Кудермед», ЖШС «Сатымбай», ЖК "Хасанов", «Sofi» және ЖК "Долманов Ж.А" және «Маржан тіс» бар.

Аталған акция Балалар жылына орай Ашық есік күні аясында ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, Талдықорған қалалық №1 емханасында Ашық есік күні өтіп, жоғары білікті педиатр, невропатолог, эндокринолог, отоларинголог, офтальмолог, хирург, травматолог, кардиолог, стоматолог, психолог, логопед, функционалды диагностика мамандары балаларды қабылдады.

Акция аясында 300-ден аса бала дәрігерлердің қарауынан өтті. Осындай шараның басты мақсаты денсаулықтағы ауытқуларды анықтау, сондай-ақ, кез-келген аурудың асқынуының алдын алу болып табылады.

Айта кетейік, Алматы облысында  "Балаларға күлкі сыйла" акциясы 16 маусымға дейін жалғасады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"