ДУБАЙ АЙМАҒЫНАН ҰШЫП КЕЛГЕНДЕРДЕН КОРОНАВИРУС АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 927
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысына "Шарджадан" (Біріккен Араб Әмірліктері, Дубайдан 40 шақырым қашықтықтағы халықаралық әуежай) келген 135 жолаушының қан сараптамасы белгілі болды. Бұл туралы Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жолаушылардың бəрінен келген бетте коронавирус инфекциясына анализ алынған болатын. Барлығының қорытындысы теріс болып шықты. Алгоритмге сəйкес олар екі күн карантинде болуы тиіс. Осы мерзім біткеннен кейін облыс əкімі Амандық Баталов олардың əрқайсысын тұрғылықты жеріне жеткізіп салуды ұйымдастыруды тапсырды. Қазір оған дайындық шаралары жүріп жатыр", - деп атап өтті Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Шарджа - Талдықорған бағытындағы əуе кемесі 11 сəуір күні, сағат 21:30-да қонған еді. Жолаушыларды күтіп алуға санитар дəрігерлер, 5 "Жедел жəрдем" көлігі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кеденшілер мен шекарашылар жұмылдырылды. Облыс əкімінің тапсырмасымен сол жерде штаб құрылып, оны облыс əкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов басқарды.

Операцияның бірінші кезеңінде жолаушылардың барлық жүктері тыңғылықты дезинфекциялаудан өтті. Мұнан соң 135 жолаушы телеметрия процедурасынан өткізіліп, барлығының дене қызуы қалыпты екенін көрсетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  келушілерді қарсы алу операциясына тартылғандардың барлығы да вирусқа қарсы костюммен қамтамасыз етілді. Əуежайда тиісті процедуралардың бəрінен өткеннен кейін рейс жолаушылары автобустарға отырғызылып, полицияның бастап жүруімен уақытша стационарға жеткізіліп, орналастырылды.

"45 адам Талдықорғандағы қонақүйлердің біріне орналастырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшенің тұтас бір бөлігін жабу туралы шешім қабылданды. Қалған 90 адам Текелідегі "Текелі" санаториіне жатқызылды. Аталған екі нысанның маңайына полиция жасақтары қойылды. Осы рейспен келген азаматтардың ғимараттар аумағы шегінен шығуға қатаң шектеу қойылған. Оған қоса, облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес, бұл отандастарымызға орналастырылған жерде карантин кезінде тұруына қажетті барлық қолайлы жағдай жасалған. Тегін тамақтану, түрлі бағытта кеңес алуға мүмкіндіктер қарастырылған", - деді баспасөз өкілдері.

Өз кезегінде келген жолаушылар қонақжайлық көрсеткендері үшін қарсы алушыларға ризашылығын білдірді. Еске салсақ, бұған дейін 128 қазақстандық Араб түбегінен Талдықорған əуежайы арқылы елге оралатыны айтылған болатын. "Шарджадан" ұшар кезде бортқа 135 отандасымыз отырғаны белгілі болған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"