"9 АДАМНАН ШЫҚТЫ": ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ТӨРТ САЯЖАЙ КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 13.04.2020
Оқылды: 1379
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирус инфекциясы тағы тоғыз адамнан табылды. Тоғыз науқас та Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары. Осыған байланысты Еңбекшіқазақ ауданындағы 4 саяжай массиві бірден карантинге жабылды. Бұл туралы Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Кеше диагнозы расталған 11-ші пациентпен байланыста болған азаматтар провизорлық госпитальға жатқызылып, олардан сол мезетте анализ алынған болатын. Біз қорытындыларды алдық, ауданда тағы 9 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Облыстық штабтың келісімімен Еңбекшіқазақ ауданындағы төрт саяжай массиві - "Алтын адам", "Көксай", "Алтын алма" жəне "Береке" карантинге  жабылды. Облыс əкімінің тапсырмасымен тұрғындардың тізімі жасалды, қажеттілігіне қарай олар азық-түлікпен жəне қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі", - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Еңбекшіқазақ ауданының бас санитар дəрігері қаулы қабылдады. Қазір карантин режимін қатаң сақтауды қамтамасыз ететін қызметтер жұмылдырылды. "Соңғы анықталған 9 адам да коронавирус жұқтырған 11-ші пациенттің жақын туыстары. Барлық азаматтарды сақ болуға шақырамыз", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында коронавирустың 12 жағдайы тіркелген болатын. Солардың ішінде қауіпті індет жұқтырған Есік қаласының тұрғыны, яғни, облыстағы 11-ші пациентпен байланыста болғандар қатарында Талғар ауданының тұрғыны да бар еді. Осылайша, 12 сəуірде Алматы облысында коронавирус инфекциясының 21 жағдайы тіркелді. Оның 10-ы Еңбекшіқазақ ауданынан шықты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды