ЖЕТІСУЛЫҚ ВОЛЕЙБОЛШЫЛАР ОРАЛҒА БАРЫП, ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Уақыты: 17.05.2021
Оқылды: 1938

Орал қаласында волейболдан Қазақстан Республикасының V жастар спорттық ойындары өтті. Аталған жарыста Алматы облысының ұлдар құрама командасы 1-орынды иеленіп, жетісулықтар екі дүркін чемпион (2017 жыл) атағына ие болды.

Төрт жылда бір өтетін ел біріншілігінде 16 команда бақ сынасты. Жерлестеріміз өз тобында Түркістан, Қызылорда облыстарын жеңіп,  тек Нұр-Сұлтан қаласына есе жіберді. Топтан екінші болып шығып, тартысты додада Шымкент қаласын 3:1 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.

Жаттықтырушы А.Молдағалиұлының нұсқауларын бұлжытпай орындаған волейболшылар Жамбыл облысының командасын 3:0 есебімен артта қалдырды. Ақтық сында Батыс Қазақстан облысының құрамасымен кездесіп, спортшыға тән мінезі мен күш-жігерлерін көрсетіп, намысты қолдан бермей 25:23, 25:10, 25:14 есебімен Қазақстан Республикасының V жастар спорттық ойындарының жеңімпазы атағын, сонымен қатар, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін иеленді.

Мадина МОМЫНГЕЛДИНОВА

Алматы облысы