ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ЖАРЫС

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1486

2015 жылы негізі қаланған «Oкеанум» жарысы бүгінге дейін Италия, Малайзия, Мексика, Түркия, Ресей, Грекия, Франция, Украина, Швейцария, Таиланд, Кипр және Колумбияның ең әдемі су айдындарында өтті. Қызықты әрі тартысты доданы өз елінде өт­кізгісі келетіндерің қатары жыл озған сайын артуда. Байрақты бәсекені өткізу біздің елге де бұйырып, тұңғыш рет Қонаев қаласындағы «Heaven Club» демалыс аймағында ұйымдастырылды. Әлемдік деңгейдегі бұл жарыс тек спорт­тық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, туристердің назарын аударатын шара ретінде де тартымды болды.    

Таң сәріден басталған жарысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты түрде ашып, спортсүйер қауым мен ойынға қатысушыларды құттықтады.

Ашық суда жүзуден өтіп жатқан халықаралық жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне қош келдіңіздер! Осы дүбірлі шараны Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасау және спорт инфрақұрылымының кезең-кезеңімен салынуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты өңірде нақты жұмыстар жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта Алматы облысында спортпен тұрақты айналысатындардың саны 491 320 адамды құрайды, оның 34,1 пайызы жалпы халық, – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс басшысы жарыс салауатты және белсенді өмір салтын насихаттау, жоғары дәрежелі спортшыларды тәрбиелеу, жүзуді одан әрі дамыту мақсатында өткізіліп отырғанын, сондай-ақ, біздің облыста да, жалпы Қазақстанда да туризм мен спортты дамытуға қосымша серпін, мол  үлес қосатынын, осындай ауқымды іс-шаралар болашақта жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Мұндай игі тілектерге басқа да азаматтар қосылып, сайыс қатысушыларына жеңіс тіледі.

Айта кетейік, спорттық жарыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Туризм индустриясы комитеті, Алматы облысының әкімдігі және елордалық су спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Екі күнге созылған байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Италия, Швейцария және Түркиядан 1200 адам қатысты. Ашық суда жүзу байқауы  – әуесқой спортшылар мен кәсіпқойлар қатысқан ең ауқымды жарыс болды.

«Oкеанум Қазақстан» франшизасының иесі Ералы Уралов: – 2019 жылы алғаш рет Ис­паниядағы Oceanmanға қа­тысқанда 10 шақырымдық жарыс мені ерекше шабыттандырды. Сондықтан болар, мұндай шара біздің елде де өтуі тиіс деп ойладым. Қапшағай суы – жүзу үшін өте ыңғайлы және бұл жерде Қа­зақстанның басқа өңірлеріне қарағанда ауа райы да қолайлы. Мақсатымыз – демалушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, туризм саласы мен бұқаралық спортты дамыту. Жарысқа тек кәсіби спортшылар ғана емес, сондай-ақ, суға жүзуді ұнататындар да қатысуға мүмкіндігі бар. Қауіпсіздік шаралары сақталған. Іс-шараға 40 құтқарушы, 26 жүзу құралы және 6 сүңгуір қарастырылды. Жарыс алдағы уақытта да жалғасады және оған қатысушылар да көбейеді деген ойдамыз, – деді.  

Бәсекеге қатысушылар 4 қашықтық бойынша бақ сынады. 1,5 шақырымдық жарысқа 325 жүзуші тіркеліп, 200-ге жуық бала 800 метр қашықтықты бағындырды. Ерлер мен әйелдер де спортсүйер қауымды таң-тамаша етті. Жалпы қашықтық – 5 шақырым, бұл қашықтықтан 450 қатысушы өтті. Ал 225 адам – 10 шақырымға жүзді.

Спорттық ойын кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып,  көрермен мен қатысушылардың көңілін серпілтті. Соңында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар анықталып, жүлделі орындарға ие болды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Суреттерді түсірген Аслан Қажеке
Алматы облысы