БАЛАУСАНЫҢ БИІГІ

Уақыты: 25.03.2023
Оқылды: 972

Кәсіпқой бокста жүрген санаулы қазақ қыздарының бірі, Жетісу бокс мектебінің түлегі, Сағатбек Мұсахановтың қоластында шыңдалып, белестерді сатылап бағындырып келе жатқан Балауса Мұздиман екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті.

«Алматы-аренада» өткен 4 раундқа жоспарланған 2-ші кездесуінде орта жеңіл салмақта Балауса кәсіпқой боксқа дебют жасаған Зухра Исрайылованы төрешілер шешімімен жеңді. Осыған дейін Балауса 2017 жылы АҚШ-та жергілікті Танасия Уэстпен кездесу өткізіп, 1-раундта нокаутпен ұтқан. Ал әуесқой бокста еліміздің бірнеше мәрте чемпионы болса, жастар арасында Әлем чемпионы болған алғашқы қыздардың бірі. 
– Қарсыласым Қырғызстанның чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері болды. Бұл мен үшін лайықты қарсыластардың бірі. Мен тек үздіктермен ғана жұдырықтасып, әлемнің абсолютті чемпионы болғым келеді. Ол менің қолымнан келеді, күш-қуатым жетеді, – дейді Балауса.
Ал Алматыдағы бокс кешінің негізгі жекпе-жегінде Жаңқош Тұраров мексикалық Алехандро Менесесті 10-раундта нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақта ІВО бойынша Әлем чемионы болды. Бұл Жаңқоштың 27-жеңісі.   

Серік ҚАНТАЙ