Рионың татамиіне сеніммен қарағаным шындық. Дзюдо күресінен бұған дейін екі жүлде алғанбыз. Сенім артқан Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцецег қазақ еліне күміс пен қола жүлдені салған еді. Алғашқылардың бірі болып қоржынымыздың бүйірін бұлтитқан дзюдошылар тағы да табысқа қол жеткізеді деген ойымыз басым болатын.
Сонымен 63 келі салмақта татамиге шыққан Мариям Ордабаева қазақ жанкүйерлерін қуанта алмады. Ташкентте өткен Азия чемпионатында Жапон қызын иппонмен жеңген Мариам бұл жолы сол жетістігін қайталай алмады. Ташкенттегі қарқынын көріп осы қыз жүлденің біріне қол созады деген сенім басым еді. Әттеген-ай, үкілеген үмітіміз ауыз шайымға келмей ұтылғанда көк жәшіктің бер жағында отырған біздер санымызды соғып қалдық. Ол татамиге шыға сала қытай қызына жол берді. Небары бір минут қарсыласқан қызымыз қытай дзюдошысына қолы байланып қалып, ауырту әдісімен жеңіліс тапты. Бұл салмақтың алтын жүлдесі словениялық талант Тина Трестенжакқа бұйырса, күмісті француздық Кларисс Агвегненой еншіледі. Қос қолаға Израйл мен Голландия өкілдері қол созды.