ТАЛДЫҚОРҒАНДА "ЖЕТІСУ" ФУТБОЛ КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ АУЫСТЫ

Уақыты: 06.01.2021
Оқылды: 1580

Талдықорғанның «Жетісу» футбол командасына бас бапкер болып Константин Горовенко тағайындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Ол бұған дейін Қарағандының «Шахтер» командасында бас бапкер қызметін атқарды. К.Горовенко 1977 жылдың 10 ақпанында Жамбыл облысының Жаңатас қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболдағы алғашқы қадамын 1995 жылы Алматының «Қайрат» командасында бастады. Одан кейінгі жылдарда Талдықорғанның «Жетісу», елордалық «Астана», Алматының «Алма-Ата», «Мегаспорт», Алматы облысының «Сұңқар» клубтарының намысын қорғады.

Соңғы жылдарда бапкерлік қызмет атқарып келеді. Өткен жылы Қарағандының «Шахтер» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде қарағандылықтар төртінші орынға тұрақтады. Команда биыл жаңа турнир UEFA Конфедерация кубогында ел намысын қорғайды. Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін «Жетісу» командасына Дмитрий Огай бас бапкер (2017-2020) болған еді. Команда былтыр ел біріншілігінде алтыншы орынды місе тұтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"