ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ ТӘТТІ

Уақыты: 06.11.2017
Оқылды: 1904

     Қуатты заманауи комбайн «Кляйннің» рөлінде Ердос Құрақбаев.  Жас комбайншы өз ісінің шебері. Әмбебап техниканың іші де жайлы. Құрастырушы неміс мамандары онда салқындатқыш та орнатқан. Бір міні жоқ. Тракторшылар бүгінде жаңа техниканы бір адамдай меңгеріп алған. Олар бір күнде 10 – 12 гектар жерді жыртады. Осы ретте шаруалар егіншілерді құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен облыс әкімдігіне өз ризашылықтарын білдірді. 
    «Балпық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де балтамырдың бабын тапқан ұжым. Сосын да құнарлы топыраққа бой тартқан тәтті түбірдің түсімі мол. Ерте көктемде 25 гектар жерге тұқым сепкен серіктестік енді әр гектардан кем дегенде 350 центнер қызылша алуды көздеп отыр. 
    Бітік шыққан дақылға қарап мұның сырын сұрағанымызда шаруа басшысы Шәкәрім Әдетбеков бәрі де білікті жұмысшылардың арқасы екенін жеткізді. Атай кетсек, суарушылар Мұқан Ахуалы, Уатхан Шаймарда, механизатор Тимур Ибрагимов, Арыстанбек Ногайбаевтің еңбектері зор. Осы салада отыз жыл еңбек еткен Төлеген Мамбековты да сол қатарға қосуға болады. Олар еңбекпен тапқан нанның дәмі тәтті екенін ерте білген. Бүгінде істеген еңбектеріне байланысты алатын ақшалары да қомақты. 
Шаруашылықтарды аралау барысында шаруалардың да өтініш-тілегі болды. Олар келесі жылы осы кемшіліктер жойылса дейді. Мәселен, егіс танабына байыптап қараған адамға шіріген қызылша түбірлері де көзге шалынады. Шаруалар дер кезінде кеңес сұрауға білікті мамандардың тапшылығын, болса да қолжетімсіздігін алға тартады. Егер оның жайын білетін мамандар уақытылы келіп, дерттің белгісі алғаш байқалғанда сараптама жасап берсе, соған орай себілетін дәрі түрін ұсынса, бұлай болмас еді дейді олар.

Қозыбай ҚҰРМАН.