Белгілі актер Мұсақожа Әжібеков дүниеден өтті

Уақыты: 05.01.2024
Оқылды: 737
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі, өзінің саналы ғұмырын өнерге арнаған тұлға, аса талантты актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әжібеков Мұсақожа Ержұмаұлы дүниеден өтті.

Қаршадайынан халқына қалтқысыз қызмет етіп келген қайраткердің ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа  өнеге десек  болады.  Әжібеков Мұса Ержұмаұлы  1955 жылы 15 наурызда Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген. 1956  жылы Алматы облысы Шелек ауданына қарасты Ащысай ауылына көшіп келген. Осы аталмыш ауылдың Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін бітіріп, 1972 жылы Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы өнер институтының драма театрының актерлік бөліміне түсіп, Халық әртісі, белгілі режиссер, профессор Асқар Тоқпановтың шәкірті болған. Еңбек жолын Талдықорған облыстық драма театрының алғашқы әртісі ретінде бастап, өнер ордасына өз үлесін қосушылардың қатарынан болды.

1995 жылдан 1996 жылға дейін Алматы бөлімшесінің жарақталған жолаушылар вагон депосында жолсерік болып істеген.

1997-1998 жылдар аралығында Талдықорған облыстық драма театрының әртісі ретінде,  1998-1999 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі  болды.

1999-2002 жылдар аралығында Қапшағай орта мектебінде драма үйірмесінің меңгерушісі ретінде қызмет етті.

2002 жылдан 2004 жылға дейін М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының монтаждау цехының технигі ретінде қызмет атқарған.

2004 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі болып еңбек етті.

Ол актер ретінде айшықты өнерімен көзге түсіп, КР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, 2010 жылы                             М. Мақатаевтың атындағы сыйлықтың иегері, 2012 жылы – ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблея кеңесінің  мәдениеті мен өнерінің үздігі төсбелгісінің иегері, 2015 жылы - Ресей коммунистік партиясының «Ұлы Жеңіске 70 жыл» төсбелгісінің, 2017 жылы – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қалалық «Нұр Отан» партиясының, бірнеше дүркін облыстық және қалалық әкімшіліктің «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Бірнеше рет облыстық және қалалық атқару комитеттерінің  «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.

Осы уақытқа дейін жүзден аса рөлді сомдап, өзінің сан қырлы театр да, кино актері де екенін танытты. «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» деген тәмсіл бар театр әлемінде. Осы айтылған тәмсілге сүйенсек, Мұса Ержұмаұлы кішкентай эпизодтық рөлдің өзіне жан беріп, образдың шырайын ашып, көрермен көзайымына айналып, театр сыншыларының жоғары бағасын алған.

Ал Мұса сомдаған қорғасындай салмақты бейнелер, ұлттың дара перзенттері де жоғары бағасын алған. Атап айтсақ, Тәңірберген Қалилахановтың «Алтын бесік» трагедиясындағы Бұқар жырау мен Абылай хан бейнесі Мұсаның аса шебер актер екенін аңғартады. Себебі, бір қойылымдағы екі тұлғаны екі түрлі сомдап шығу аса шеберлікті талап етеді. Сонымен бірге Мұхтар Әуезовтың «Хан Кенесіндегі» - Кенсары бейнесі де Мұсаның сомдауында ерекше тұлғаланып шыққан. Ал Халық Қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсеновке арналған Лидия Егембердиеваның «Жұмақ маған бұйырмас» драмасындағы Қасым мен Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасы бойынша сахналанған тарихи поэтикалық драмадағы Қабай Жырау образы да көреремен мен сыншылар тарапынан оң бағасын алды.

Жалпы театр сахнасында ғана емес, сонымен бірге, елімізде аталып өтетін түрлі мерекелік шараларға да белсене қатысып, еңбегімен еленген жан. Сонымен бірге осы уақытқа дейін он шақты киноға түсіп, қазақ кино әлеміне  де  өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді.

Мұса Ержұмаұлының жарты ғасырлық театрдағы өмірі негізінен осы Талдықорған төрінде өтті. Қала бойынша өткізілген барлық рухани-мәдени шаралардың бұл кісінің қатысуынсыз өтпеген. Мұса Ержұмаұлының саналы ғұмыры туралы айта берсек, қандай  құрмет пен марапатқа лайықты.