НАЗАРБАЕВТАР БЕЙНЕЛЕНГЕН 60 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ КАРТИНА КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 09.12.2021
Оқылды: 1235
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың нұрлы бастауы» атты көрменің ашылуы өтті.

Шараның мақсаты – Ұлт Көшбасшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қызметі және өмір жолымен байланысты шынайы оқиғаларға негізделген көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын туындыны көрермен назарына ұсыну.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Динар Нөкетаева, Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан халқы Ассам-блеясы Төрағасының орынбасары Майя Бекбаева, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы бірегей туындының көркемдігін атап өтті.

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың нұрлы бастауы» атты  көрменің ашылу салтанатына қош келдіңіздер! Атақты суретші Николай Яковлевич Третьяковтың 1960 жылы салынған «В начале Большого пути»  картинасы бүгінгі көрменің басты туындысы болып отыр, – деді А.Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп көрменің маңыздылығына тоқталса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы көрермен назарына ұсынылған туындының ерекшелігін жеткізді.

Тарихи шығарманың сюжеті №8 кәсіби-техникалық училищенің түлегі Н.Назарбаевтың 1960 жылы Шамалған ауылындағы отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездесу сәтіне байланысты құрылған. Кездесуге болашақ Президенттің қол жеткізген жетістіктері туралы баяндалған арнайы мақаланың «Дзержинецъ» газетінде жарық көруі себеп болады.

Аталған картинаның басты ерекшелігі ауылдастардың қуанышқа толы басқосуын бейнелеген суретшінің басты рөлдегі жас жігіттің келбеті мен мінезінен көрнекті қоғам қайраткеріне тән болмысты байқай білуінде жатыр. Кейін бұл тарихи тұлғаның ерік-жігері мен кемеңгерлік қасиеттерінің арқасында Қазақстан әлемге танылып әрі дүниежүзілік қауымдастықтардың тең құқылы мүшесі атанып, тәуелсіз демократиялық мемлекетке айналады.

Туындының авторы – танымал қазақ-стандық және кеңестік суретші, графика шебері, кескіндемеші, монументалист Н. Третьяков. Ол 1926 жылы туып, 1989 жылы өмірден өткен. Кескіндемеші 1947 жылы А.Черкасский, П.Зальцман, А.Бортников және Л.Леонтьев секілді белгілі қылқалам шеберлерінің жетекшілігімен Н.Гоголь атындағы Алматы театр-көркемсурет училищесінде оқыған. 1952 жылы училищені үздік бітіріп, И.Репин атындағы Ленинградтың кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтында білімін жалғастыруға жолдама алады. 1958 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесі ретінде бірнеше мәрте Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысады. Сондай-ақ, РКФСР монументалды көркемдік кеңесінің мүшесі болады.

Н.Третьяковтың «В начале Большого пути» атты туындысы ұстаздары А.Черкасский мен Л.Леонтьевтің бейнелеу стилінің ықпалын көрсететін импрессионистік сипатта (сурет өнеріндегі белгілі бір ағым, шынайы бейнелеуге ұмтылу) салынған.

Көрмеге Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың фотоқұжаттары да қойылды. Көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігерлер көрермен көңілінен шықты.

Қуаныш АБАЙБЕКҰЛЫ