БІЛІМГЕ САЛЫНҒАН АЛҒАШҚЫ ИНВЕСТИЦИЯ: МАМАНИЯ МЕКТЕБІ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 13.12.2021
Оқылды: 2332
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 3 мамырда «Айқын» газетінде жарияланған мақаласындағы «Алғашқы қазақ ағартушылық мектептерінің бірі Ақсу жерінде ашылған «Мамания» медресесі ұлт руханиятына айрықша үлес қосты. Бұл – қазақ тарихындағы білімге салынған инвестицияның бастау көзі болатын» деген пікірі «Мамания» мектебінің негізін қалаушы Маманұлы Тұрысбек қажының есімі Қазақстан тарихында лайықты орын алып, халқына және болашақ ұрпаққа қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі болатынына үлкен үміт артты.

«Мамания» мектебі туралы алғашқы мәлімет Қазақ ұлттық энциклопедиясында жазылды (7-том, 1975 ж). Маманұлы Тұрысбек 1844 жылы Жетісу өңіріндегі Баянжүрек-Ақтасты қыстауында дүниеге келген. Атақты Қыдыралы руынан тарайды. Әкесі Маман Қалқабайұлы мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған ауқатты би болған. Тұрысбек Маман бидің балаларының үлкені болғандықтан жастайынан әкесіне көмектесе жүріп еңбекке ерте араласты. Ол Қапал қалашығында «Якобия» төрт жылдық мектебінде оқыған. Оған орыс, татар, өзбек тілдерін жетік меңгергендігі көп пайдасын тигізді. Тілді білуі мен сауаттылығы сол жердегі орыс офицерлері және ірі бай саудагерлермен еркін сөйлесіп, тығыз араласуына үлкен септігін тигізді.

Ол көптеген елдерде болып, іскер адамдармен араласқан, соның нәтижесінде үлкен рухани және материалдық байлыққа қол жеткізді. Тұрысбек сол дәуірдің көшіп-қонып жүрген бай-феодалы емес, малының санын көбейтіп, кәсіпкерлікті шебер меңгерген, өз дәуірінің ең жаңашыл ірі буржуазия өкілдерінің бірі еді. Әйтеке бидің «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» демекші, ол халқына тек байлығымен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен сыйлы болған. Өйткені ол өзінің табысының басым бөлігін халқының қажеттілігі мен ел игілігіне тиімді жұмсай білді. Жас ұрпақтың жарқын болашағына арнап «Мамания» мектебін салғызды.

«Мамания» мектебі 1899 жылы Қарағаш ауылында алдымен үшжылдық болып ашылып, кейін алтыжылдық білім беруге ауыстырылды. Мектеп мұғалімдерін Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор және Ыстамбұлдан арнайы шақыртып отырған.

Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана өлкесінің өркендеп дамитынын және жарқын болашаққа жол ашылатынын білген Тұрысбек қажы дініне, тіліне, ұлтына қарамастан барлық жасөспірімді оқу-білімге тартты. Бүкіл ауыл балаларын қажетті оқу құралымен тегін қамтамасыз ете отырып, бай не кедей деп бөлместен жаппай мектебінде оқытты.

Тұрысбек қажы мектепті толықтай өз қаражатымен жабдықтады. Атап айтқанда, оқу құралдарын алғызды, оқушыларға арналған 60 орынды жатақхана салғызды, кітапхана қорын қажетті кітаптармен толықтырып, үнемі байытып отырды. Сонымен қатар, мектеп жанында мұғалімдерге арналған пансионаты, білім ошағының иелігінде егістік және жайылымдық жерлері болды. Осылайша, оқушыларды бос уақытында кәсіпке баулып, еңбекке деген сүйіспеншіліктерін оятып, ынтымақ пен бірлікке тәрбиеледі.

Мектеп түлектерінің арасында Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан Мейірман Ермектасов, Жұмахан Күдерин, Бейсембай Күдесов, Әбубәкір Жошыбаев, Ғали Орманов, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Журымбек Сыдықов, Есмұрат Сейкімов, Еркінбек Макей және т.б. көптеген танымал тұлғалардың  болғаны тарихи деректерден белгілі.

Тұрысбек қажы 1900 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың Санкт-Петербургтегі император I Александр атындағы Петербор теміржол транспорты институтына оқуға түсуіне қолдау көрсетіп, институтты бітіргенше шәкіртақымен қамтамасыз еткен. Тұрысбектің бұл ісінен елінің дамуы мен халқының игілігі үшін жұмыс істейтін білімді де мықты мамандардың көбеюі үшін талантты жастардың кәсіби білім алуына көмектесіп, оларды әрқашан қолдап отырғанын көруге болады.

Кеңес билігі орнағанға дейін мектепте бір уақытта екі жүзден астам оқушы оқыды. Жиырма жыл бойы мектеп мұғалімдері мен жұмысшыларын, сондай-ақ, басқа да қажеттіліктерді Тұрысбек толығымен тұрақты түрде қаржыландырып отырды. Жетісу өлкесінің тарихында Тұрысбек тұңғыш рет еркін жалдамалы еңбек ету түрін енгізді. Соның нәтижесінде мектептің кешенді құрылуына мұғалімдер, құрылысшылар, емшілер, бағбандар, малшылар тартылды. Олардың барлығы еркін жалдамалы еңбек негізінде жұмыс істеді.

«Қарағаш» қалашығын салу үшін өте үлкен жер телімін сатып алып, айналасындағыларды отырықшылыққа бағыттады, құрылысты ауқымды материалдық және адами ресурстармен қамтамасыз ете білді.

Тұрысбек Қытай, Орта Азия және Ресеймен сауда қатынастарының бастауында тұрған ірі кәсіпкер, қазақ жерінде меценаттықтың негізін қалаушылардың бірегейі болған. Ол Жетісу өңірінде алғаш саудамен айналысып, бірінші гильдиялы ірі саудагер атағын алған. Сондықтан ол шетелдермен сауда қарым-қатынасын жүргізіп, су кемелеріне ие болған және оның «арнайы паспорт» иесі ретінде шетелдерде еркін жүріп-тұру құқығы болған. Ол өзінің көптеген сауда үйлерін Қазақстанның Талдықорған, Жаркент, Қарқаралы, Қызылжар, Семей қалаларында, Өзбекстанның Ташкент, Самарқан, Наманган қалаларында, Қытайдың Құлжа, Үрімші және Шәуешек, Ресейдің Иркутск, басқа да қалаларда ашты. Сондай-ақ, өз өлкесінің құрылыс жұмысымен үздіксіз, тұрақты түрде айналысты. Қарағаш ауылының құрылысы үнемі жалғасып, кейіннен қала типіндегі пунктке айналды.

Тұрысбек 18 жыл Қапал уезіндегі Арасан болыстығының басқарушысы болған. Ұлы Жібек жолының бір бөлігі Тұрысбек басқарған Жетісу өлкесі арқылы өткендіктен  Қазақстан тарихында алғаш болып кедендік баждың базалық мөлшерлемесін енгізді.

1876 жылы маңызды әлеуметтік қызметтегі белсенділігі үшін Ресей императоры Николай II Тұрысбекті 3-дәрежелі Әулие Георгий орденімен марапаттады.

Тұрысбектің Меккеге екі рет қажылыққа барып, кейін Қарағашта мешіт салғызғанын да атап өткен жөн. Тұрысбек қажы жан дүниесі таза, рухани бай, имандылықты басшылыққа алған адам болды. Еңбек жолын бастағаннан өмір бойы тұрақты түрде мұқтаж жандарға қайырымдылық және демеушілік жасап отырды. Сонымен қатар, ол жаңа бетбұрыс пен өзін жан-жақты дамытып, іскерлігін шыңдауда ізденісте болған. Оның бойында жастайынан қалыптасқан парасаттылығы мен зиялылығын, әділеттілігі мен адамгершілігін, қамқорлығы мен қайырымдылығын, кәсібилігі мен іскерлік қасиеттерін халқы жоғары бағалаған, ол игі істерімен елінің құрметті де беделді тұлғасы бола білді.

Тұрысбек қажының үлкен ұлы Құдайберген Маманов 1909 жылы әкесінің ісін жалғастырып, алтыжылдық «Мамания» медресесін сегізжылдық жалпы білім беретін мектепке айналдырды. Білім ошағының бірінші басқарушысы болып ғалым-ағартушы Ғабдулғазиз Мұсағалиев тағайындалды.

1918 жылы большевиктердің келуімен «Мамания» мектебі және оның барлық ғимараты мен үйлері түгелдей өртелді. Осылайша Маманұлы Тұрысбек қажының династиясы жаңа биліктің құрбаны болды.

Тұрысбек қажының Қазақстан ағартушылығына, елдің әлеуметтік жағдайы мен экономикасына, рухани дамуы мен мәдениетіне қосқан зор үлесінің дәлелі ретінде Ақсу ауылындағы «Мамания» мектебін айтуға толық негіз бар. Ел аузында «Тағылымды істерімен танылғандарының аты тарихта қалды. Мәселен, өзі туып-өскен жер жаннаты  Жетісудың Ақсу өңірінде билік құрған Маман-Тұрысбековтердің атақ-даңқы алты Алашқа жайылғаны әмбеге аян. Дарқан мінезді дала шонжарларының Қарағашта салдырған мектебі түн түнегін түре қуған таң шапағындай қараңғылық құрсаулаған қалың қауымның санасына жарық сәулесін түсірді. Білім көгіне ұмтылған ұл-қыздардың көкірек көзін ашты. Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров осы «Мамания» медресесінде оқыған. Марғасқа Маман-Тұрысбековтардың ұлт руханиятын ұлықтап, тұңғыш қазақ романына бәйге жариялап, айды аспанға шығарғаны тағы бар. Бүгінде біздің жақтың үлкендері үміт күтерлік үмбеттеріне «Құйсаң толмайтын, төксең ортаймайтын Маман-Тұрысбектің бақ-дәулеті бастарыңа қонсын!» деп бата береді» деген деректер күні бүгінге дейін айтылуда.

Елбасы Н.Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», – деген болатын. Елбасының бұл пікірі «өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» дегендей, тарихи деректерді әлі де зерттеп, тарихи тұлғаларымызды ел есінде қалатындай әрекет жасауымыз керек дегенді білдіреді.

Жоғарыда аталған ақпараттарды негізге ала отырып Маманұлы Тұрысбектің есімі Қазақстан тарихында білімге қолдау көрсеткен, руханиятқа, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосқан тарихи тұлға, қазақ даласында меценаттықтың негізін қалаушылардың бірегейі ретінде қалуы тиіс. Сондықтан тарих зерттеушілері арнайы ғылыми конференциялар өткізіп, семинарлар мен дәрістер сериясын әзірлеп, БАҚ-та қосымша мағлұматтар жариялап және оның мұрасын одан әрі зерттеп, насихаттау жұмыстарын жүргізсе, тарихи деректердің маңыздылығы зор болмақ. Сонымен қатар, оның есімін мектепке беріп, өмірі мен еңбек жолын оқу бағдарламаларына қосу да маңызды, өткен мен болашақты жалғастыру мақсатында Ақсу ауылында Маманұлы Тұрысбек қажы атындағы мұражай ашылуы тиіс.

Осылайша «Мамания» мектебі және оның негізін қалаған Маманұлы Тұрысбектің есімі ел есінде сақталып, тарих бетінде жазылса, Қазақстан тарихына қосылған рухани құндылық болары анық.

Еңлік ТҰРЫСБЕКОВА

Алматы облысы