ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖЕТІСУЛЫҚ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 15.12.2021
Оқылды: 1191
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Тәуелсіздіктің 30, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай Салтанат сарайының жиынжайында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жандармен жүздесіп, күллі әлемді дүр сілкіндірген көтеріліс жайында әңгіме өрбітті. Кездесуге шақырылған желтоқсаншылар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 30 жыл» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, оларға 150 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов жүргізіп отырды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Расында, еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылында үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінде еліміз экономикасы дамыған, төрт құбыласы теңелген, даму бағдарын айқындаған мемлекетке айналды. Өткен отыз жылда түрлі салада үлкен даму болды. Көптеген мәдениет нысаны бой көтерді, ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамыды. Кәсіпкерлікке кең тыныс ашылды. Шегарамыз шегенделді. Білім алу көкжиегі кеңіді. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған арнайы бағдарламалар қабылданды. Жалпы, ел тұрғындары осы отыз жылда тәуелсіздіктің ең бағалы құндылық екендігін түсінді.

Осы жетістіктерге жетуде еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орны ерекше. Өйткені, Желтоқсан қаһармандары сын сағатта қауіп-қатерден тайынбай, елдік үшін алаңға шығып, тәуелсіздік үшін аянбай күресті. Соның жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр. Сондықтан да желтоқсаншы батырларға қандай құрмет жасалса да аздық етпейді. Шара аясында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт:

– Жалпы, Желтоқсан оқиғасы әлі де толық зерттеліп біткен жоқ. Оған қатысушылардың әрқайсысы бір-бір фильмнің кейіпкері болуға лайық. Өйткені, қаһарынан күллі әлем тайсалып тұрған КСРО атты алпауыт мемлекеттің басшылығына қасқайып қарсы тұрған сіздердің өмірлеріңіз өскелең ұрпақ үшін үлгі болуы тиіс. Сондықтан қай жерде жүрсеңіздер де отаншылдық, мемлекетшілдік рухын асқақ ұстап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жайлы айтудан танбаңыздар, – деген ағалық ақ тілегін арнады.

Келесі кезекте облыстық «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ермұхан Жүнісхан, «Қайсар Жүрек» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының төрағасы Насыр Салмақбай, Желтоқсанға қатысушы Гүлнәр Таңатовалар  сөз сөйлеп, өз ойымен бөлісті.

Қажет АНДАС

Алматы облысы