ӘМІРЕ ӘРІН: "РУХЫ АТОЙЛАҒАН, ЖАНЫ АЗАТ ЖАЙСАҢДАРДЫҢ ЗАМАНЫ ТУДЫ"

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1526
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кеткен мен келердің тізгінінде, мінеки, отыз жылдың жүзі де жарқ ете қалды! Қалай десек те үміт оты жанды. Шегара шегенделді. Отанымыздың түтіні түзу шықты! Бәзбіреулер сәуегейсігендей жұтылып кетпедік, жұлқына ақ әлемдегі айтулы орнымызды алуға ұмтылдық. Асты кеніш, үсті пейіш байтақ жеріміздің киелі нәсібіне сырттан қызығушылардың қайсыбірін қолынан, енді бірін тіпті жолынан қақтық. Кеш те болса ұлттық мүдделерге басымдық бере бастадық. Мыңжылдықтар көгіндегі елдігіміздің ұлағатына ұйыдық. Қастерлі Тәуелсіздігімізді қайткенде баянды етеміз десек, басқалай жол да жоқ! Осы реттегі асыл мұратымызды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деп бедерлеп берді!

Бұл ауанда құмбыл кірісер бірлікті де тірлікті шаруалар сан алуан, еңісіңнен де, өріңнен де сығалап тұр. Жат адамдардай санамалап жатпалық. Ең басты бізге керегі – ұлттық тұтастық, бір атаның балаларындай топтаса білу. Күлтегін бітік тасындағы «Бектері, халқы түзу, адал болмағандықтан, табғач халқының алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, інілі-ағаларының кектескендігінен, бектері мен халықтың  ымырасыздығынан түрік халқы елдігінен, елінен айырылды. Қағандығын жүргізіп отырған қағанынан айырылды. Бек ұлдарың құл болды, ару қыз­дарың күң болды» деген көз жасына малына жазылған өсиетнама бір сәтке де санамыздан шықпауы шарт! Кешегі кеңестік темір құрсауды тесіп шығудың бастауына айналған Желтоқсан көтерілісі де Күлтегін жазбасымен мұңдасып тұр! Шовинистік кеудемсоқтықпен ұлттық намысты көпе-көрнеу қорлаушыларға қарсы арыстандай айбат шеккен ұл-қыз­дарымыздың ерлігі ұрпаққа ұран, келешекке сабақ, кемелдікке негіз күйінде ғасырлар жылнамасында жайнай бермек! Бұл – қасірет күні болса да біздің намыстан жаратылған туабітті табиғатымыздың айғағы, көкбөрілер ұрпағының айбары!

«Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемелдің» (Абай) күні туды. Тіпті, басқаны былай қойғанда өзің үшін де, ұрпағың үшін де  осы шындықтың  бел қазығына байланасыз! Сөйтесіз де жан-жағыңызға қаранасыз. Кім бар-ау, білек сыбанар, елдігім үшін тұра алар?! Сараларсыз, санарсыз, күмілжірсіз, күрсінерсіз және де. Аяғында Қасым-Жомарт Кемелұлының: “Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал, ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет», - деп шегелей айтқан  аталы сөзіне имандай иланасыз!

Ел боламыз, етегімізді ешкімге аштыр­маймыз деген көзі ашық, көкірегі ояу жұрттың темірқазығы бұл! Асылы, көрлахат қараңғылықтан алшақ, Рухы атойлаған, жаны азат жайсаңдардың заманы туды білем! Телегей білім, терең ойлы, наркескен азаматкерлігі ажарын айшықтар, Азаттық өміршеңдігі жолында жансебіл күй кешіп, перзенттік аңсары ел мұратымен астасар оғландарымыз оң жағымыздан табылып жатса, қанеки! Толыбай сыншы тәрізді тамыр баса толғасақ, Мәшһүр Жүсіптің «қой үстіне бозторғай ұялаған заман туады» деген қағидатының желкені тек өз қолымызда! Толарсақтан саз кешпесек те үндесе жүріп наз кешсек, отаншылдық та оралар, алауыздық та азайып, жетістігіміз де жоталанар. Жасандылық жылыстап, қасат мұзға оранар. Сөйтіп барып ағеділ жұртың да жұбанар. Ақ әлем және құп алар.

Қоғам түзелуі үшін ниет түзелуі шарт. Байлық пен мансаптан да қымбат Ар мен Ұят деген қастерлі өткелектер бар! Адамгершілігі жоғары жан ғана адал еңбек емеді, маңдай терімен кісілік патшалығына енеді. «Егер сіз жақсы нәрсені үйренуге, өзін-өзі жаттықтыруға және үнемі жетілуге тырысатын жас азаматты көрсеңіз, оның бай екенін біліңіз. Егер сіз барлық мәселе мемлекеттік мәселе деп, байлардың бәрі ұры деп ойлап және үнемі сынап-мінеп жүретін жастарды көрсеңіз, оны кедей деп біліңіз!» деп қайырғанын көзім шалып еді бір шетелдік данышпанның. Тура біздің тыныс-тіршілігімізді көріп-біліп отырған сыңайлы-ау сол пәтшағарыңыз.

Ұлттық идеология – ұлттық тарихтан бастау алады. Міне, сондықтан бар әлем, өте-мөте шығыс елдері отандық тарихты басты назарда ұстайды. Ешкімнің алдында төменшіктетпес айдынды да айбынды ата шежіреміз бар. Өркениет атаулының бәрінің дерлік түркі жұртынан өріс тапқанын ақыл-есі орнықты жаһандық ғалымдар мен саясаткерлерлер бүгінде мойындап үлгерді. Қасиетті жерімізге көз аларта сандырақтай бергіш  ресейлік саясаткер Евгений Федоров дегеніңіз жуырда: «Иә, біз қазақтардың алдында қарыздар екендігімізді мойындаймыз. 1812 жылғы француздармен соғыста да, Ұлы Отан соғысында да қазақтардың арқасында жеңіске жеттік!» - деп алдаспан ақиқаттың алдында басын иді! Ата-бабаларымыздың мұндай найзағай ойнатқан ерліктері төрткіл дүние жамалында сайрап жатыр. Рим құл иеленуші империясын тізерлеткені үшін Аттиланы (Еділ батыр) мұқым Еуропа; төртке бөлініп, өзара қырқысып жатқан Қытайды қауымдастырғаны үшін Мұқалиды қытайлықтар аса қадірлейді (кесенесі орналасқан жер үш гектар аумақты алып жатыр). Ал Бауыржан Момышұлының теңдессіз қолбасшылық қасиетін жарты әлем мойындағандығын менен жақсы білесіздер.

Ұлы қағанымыз Шыңғыстың ақыл-бабымен барша түркі әлемін қара түнектен арашалап қалған Жошы ханды Президентіміздің пәрменімен ұлықтап, басына халық­аралық туризм орталығын тұрғызып қойдық! Келешек көшінің көк байрағын аспандата көтерер кенен ұрпақ үшін бұдан артық патриотизм көзін тауып көріңізші енді!

Тәуелсіздік тұғыры мен елжандығымыз да, мемлекетшілдігіміз бен жаһандасу жалынында жанып кетпес арнамыз да осы алтын көмбеде! Яки, тәлейлі өткеніміздің тағылымы Тәуелсіздік құндылығымен ұштасқанда ғана бүгінгі басты мерекеміз шаттық нұрымен арайлана бермек асқақтап! Ұлт ұстыны дегеніміз де осы биіктікте!

Әміре ӘРІН,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

"Жетісу" газетінің бас редакторы