БАРША ТҮРКІ ЖҰРТЫ МӘДЕНИ ТҰРҒЫДАН ҚАЙТА БАСҚОСУДЫҢ АЛДЫНДА ТҰР

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1009
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап халықаралық саясатта беделді орынға ие болған Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен 30 жыл ішінде маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев билікті тәжірибелі саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғаннан кейін сайлау өтіп, Қазақстан өзінің тұрақты саясатын сәтті жалғастырды. Назарбаевтың өз еркімен орнынан кетуі басқа түрік мемлекеттерінде аяқасты тұтанатын дүрбелеңнің Қазақстанда орын алуына жол бермеді. Бұл Қазақстанды демократияландыру жолындағы маңызды қадамның бірі ретінде жоғары бағаланады.

Қазақстан өз мәдениетін қорғай отырып өзгермелі әлемдік жағдайға ілесе білген ел. Тарихын, тілін, мәдениетін сақтау жолында реформалар жүргізген Қазақстан Рухани жаңғыру арқылы өз түпкі тамырын қорғай отырып, мәдени проблемаларды еңсеруге талпынуда және оны сәтті жалғастыруда. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ халқының өз болмысын танудың бағыт-бағдары сызылған. Осы тұрғыда түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы облыс орталығы болып жаңғырды.

Қазақстан Түркияның Орталық Азиядағы ең маңызды стратегиялық серіктесі саналады. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған Түркия Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасын одан әрі ұлғайтып, өзара ынтымақтастық арқылы берік іргетас қалады. Соның жарқын мысалы ретінде өткен қараша айында сегізінші рет өткізілген Түркі кеңесінің саммитін айтуға болады. Түркі кеңесі тәуелсіз түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық, мәдени және басқа да көптеген ынтымақтастықтар жүзеге асырылатын одақ ретінде үлкен маңызға ие. Осы одақтың арқасында Қазақстан мен өңір тұрақтылығына оң үлес қосылып жатыр.

Тұранда Түркі ойнаған ұқсап отқа,
Түркіден басқа от боп жан туған ба?
Көп түркі енші алып тарағанда,
Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?!
– демей ме қазақтың ақыны Мағжан Жұмабай?!

Нәтижесінде өзі өсіп-өнген топырақтан әлемнің басқа аймақтарына тараған түркі ұлты саяси тұрғыдан болмаса да мәдени тұрғыдан қайта басқосудың алдында тұр. Түрік әлемінің бесігі атажұртымыз Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып келеді. Осы жетістігінің негізінде өздерінің ежелгі жерінде орнатқан өркениет маңызды рөл атқарады. Қожа Ахмет Яссауиден бастап Абай, Мағжан Жұмабай, Мұхтар Шахановқа дейін әрбір есіммен ұлт ретінде тамырын одан әрі нығайтты.

Сөз соңында бауырлас Қазақстанды, оның ішінде Жетісу өңірі жұртшылығын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын!

Ерол БАРЫН,

Гази университетінің PhD докторы

Анкара,

Түркия Республикасы