ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК, ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ. МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ГИНЕКОЛОГ КЕЛДІ

Уақыты: 16.12.2021
Оқылды: 1778
Бөлім: РУХАНИЯТ

Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары Мейрамкүл Ұйқасованың ұйымдастырумен «Тәрбие деген бір тәңір» атты жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Бұл жиналыстың өзгешелігі, оған арнайы қонақтар шақырылып, тәрбие тақырыбында ата-аналармен әңгіме өрбітті.

Жамбыл аудандық аналар кенесінің төрайымы, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Күміс Кемелбекова отбасы құндылықтары туралы сөз қозғап, адамның бойындағы барлық қасиет, ар-ұяты, әдептілігі мен мәдениеттілігі отбасынан бастау алатынына тоқталды.

- Қазақ халқында қызға айтар кеңес пен берер тәрбиенің өзі бір ғылым. Ата-бабамыз оны бір ауыз сөзге сыйдырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасаған. Сондықтан да қыз тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген жөн. Қыз анаға, ұл әкеге қарап өседі. Әр баланың мінез-құлқы ата-ананың іс-әрекетінен үлгі алуы барысында өскен ортасы мен көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы. Сол себепті көп нәрсе отбасылық тәрбиеге байланысты, – деді Күміс апай.

Гинеколог-дәрігер Меруерт Ермекқызы қазіргі таңда қыздар арасында өзекті мәселе болып тұрған ерте жүктіліктің алдын алу және репродуктивті денсаулықты сақтау туралы айтты. Қыздардың жеке бас гигиенасын сақтап, денсаулығына баса назар аударуы және дәрігерлерге дер кезінде қаралуы туралы ата-аналарға кеңес берді.

Нарколог-дәрігер Тимур Асанұлы жасөспірімдер арасында кеңінен тараған электронды темекі, насыбай, энергетикалық сусындардың денсаулыққа зияны туралы баяндады.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің валеологы Әйгерім Сатова салауатты өмір салтының қағидалары – дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, күн тәртібін сақтау туралы мәліметтерді ортаға салды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің мейірбикесі Сандуғаш Әпиева жеке бас гигиена ережелері мен вирустық жұқпалы аурулардың алдын алу жайын қозғады.

«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек», - деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде балаға лайықты білім, тәрбие беруге болады. Мектебімізде өткен ата-аналар жиналысы соның бір дәлелі дегіміз келеді.

Аида ҚАЙЫҢБАЕВА,

Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Жаңақұрылыс ауылы,

Жамбыл ауданы

Алматы облысы