ЖЕР БЕТІНДЕ ҚАЗАҚТАЙ ДАРХАН ХАЛЫҚ ЖОҚ - МӘЖІЛІСМЕН ГЕНАДИЙ ШИПОВСКИХ

Уақыты: 04.05.2022
Оқылды: 1529
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ынтымақ, бірлік пен береке – еліміздің басты құндылығы. Бұл біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Жүзден астам ұлт пен ұлыс айрандай ұйып отырған елімізде ежелден бірлік ұғымының маңызы зор болған. Себебі, Ұлы Даланы мекендеген халық қанша қиындық көрсе де сол береке-бірлігінің арқасында барлығын жеңіп шықты.

XX ғасырдың 30-40 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін заманы болды. Сол заманда дүрбелең оқиғаның зардабын тартқан қаншама ұлт өкілдері елімізге қоныс аударды. Қазақ халқы осы бір алмағайып заманда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле-жармай бауырына басты. Осылайша, қазақ халқының кеңдігі мен сыйластығы ешкімді бөтенсімей, жатсынбай, әлеуметтік, діни және шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Міне, сондықтан, 1 мамыр – Қазақстан халықтарының Бірлігі күні өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айту мерекесі десек те артық айтқандық емес. Жер бетінде қазақтай дархан халық жоқ. Біз ырысы тасыған ынтымақты, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз үшін бақыттымыз.

Бірлік – берекенің бастауы. Татулықты одан әрі нығайтып, этносаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында Ассамблея құрылды. Еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен жұмыс атқарып келеді. Жүзден астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында жиналып, тонның ішкі бауындай тату-тәтті өмір сүріп, бейбітшіліктің талбесігін тербетіп тұрғаны біз үшін үлкен қуаныш.

Бейбітшілікті сақтап, Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етейік. Татулықты ту еткен, береке-бірлікті жыр еткен, Мәңгілік Ел болуға қадам басқызған мереке құтты болсын! Қазақстанның көк байрағы желбірей берсін, абыройы асқақтай берсін! Ел-жұртымыз тыныш, мемлекетімізде мамыражай бейбіт өмір болсын.

Генадий ШИПОВСКИХ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты