ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫНА МҰРАЖАЙ-СЫНЫП АШЫЛДЫ

Уақыты: 03.05.2022
Оқылды: 1664
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан болады» деген екен хакім Абай. Расында мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Қырық жылға жуық педагогика саласында абыройлы еңбек еткен Әлімжан Түбекбаевтың ғұмыр жолы осының дәлелі.

Өзі өмірден өтсе де, тағылымды тағдыры жас ұрпаққа өнеге болған ұстаздың атында өзі басқарған Есіктегі Райымбек батыр атындағы орта мектепте мұражай-сынып ашылды. Онда Әлімжан Мұқанұлының пайдаланған заттары, кітаптары мен марапаттары қойылған.

Кешке «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Х.Ахметжанов, жазушы-журналист Ш.Құсайынов, ұстаздың шәкірттері, туыстары, көзін көрген әріптестері, мектеп басшылығы мен жас буын қатысты.

Әлімжан Түбекбаев - педагогика саласында абыройлы еңбек еткен ұстаз. Кейіннен директор орынбасары, мектеп директоры, білім бөлімінің инспекторы, білім бөлімі басшысының орынбасары, білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Ауданның білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Көктөбе ауылындағы көшелерге Т.Естемесовтің, И.Шормановтың, Есік қаласындағы көшелерге Ханкелді, Райымбек батырлардың есімдерін беруге бастамашыл болған.

Білім саласындағы еселі еңбектері еленіп, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, "Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы" атанды. 2014 жылы республиканың «100 үздік ұстазы» құрамына енген.

Шара барысында мұражай-сыныптың лентасы қиылып, марқұмның рухына Құран бағышталды. Келген қонақтарға Әлімжан Мұқанұлын еске алу кеші ұйымдастырылып, ауызашар берілді.

Алтынай МАЙЛЫҚҰТОВА

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы