ТАЛДЫҚОРҒАНДА МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ БАЙҚАУ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 04.05.2022
Оқылды: 2102
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаев атындағы VI халықаралық «Кестелі орамал» вокалистер байқауының гала-концерті өтті.

Аталмыш шараның шымылдығы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Поэма» шығармасымен ашылды.

Өз кезегінде алғашқы болып облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы құттықтау сөз алды. Ол:­

– Екі күнге созылған Мұқан Төлебаев атындағы «Кестелі орамал» байқауы өз мәресіне жетіп отыр. Төрешілер екі күн бойы ең лайықты деген қатысушыларды таңдап, әділ шешім қабылдады деген ойдамыз. Барлық қатысушыларға үлкен алғыс айтамыз. Жетісу жерінде осындай көп байқаулар өтіп жатады. Індеттен кейінгі жанды дауыста өтіп жатқан бірінші байқау осы өзіміздің жерлесіміз Мұқан ағамыздікі. Уақыт бөліп келгендеріңізге алғыс білдіреміз, - деп ақжарма лебізін жеткізді.

Жастар арасында әншілік өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашқан байқауда республика бойынша жалпы 33 үміткер бақтарын сынап, оның 16-сы ақтық сынға жолдама алған.

Шарада композитордың халқымыздың асыл қазынасына айналған әндерін жағыртып, көркемөнерпаздардың репертуарын толықтырған қатысушыларға ерлер және әйелдер даусы бойынша  дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Мұқан Төлебаев атындағы VI Халықаралық «Кестелі орамал» вокалистер байқауында топ жарып алға шыққан Әйгерім Аманжолова бас жүлде дипломын және 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Вокалистер байқауының бірінші орны ерлер арасында Дінмұхамед Көшкінбаевқа (Тараз қаласы, 600000 тг), әйелдер арасында Фируза Рахметуллаға (Нұр-Сұлтан қаласы, 600000 тг) берілді. Екінші, үшінші орынды иеленген өнерпаздар да диплом және ақшалай сыйлықтар алды.

Салтанатты жиын байқау жеңімпаздары мен өнер шеберлерінің ұсынған концерттік бағдарламасымен өз мәресіне жетті.

Кәмилла ТҰЯҚОВА

Алматы облысы