ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЖАСТАР. ҚОНАЕВТА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЛЕТ ӨТТІ

Уақыты: 25.07.2022
Оқылды: 1439
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қонаев қаласында Ассамблея жастарының республикалық слеті өтті.

Үш күнге созылған шара барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар Алматы облысының көрікті жерлерін аралады. Әуелі Д.Қонаев атындағы мемориалдық мұражайға барып, тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлермен, ғасыр адамының тірлікте тұтынған бұйымдарымен танысты, содан кейін аудан ақсақалдарымен кездесті. Сонымен қатар, Көлсай көлдері, Қайыңды және Шарын шатқалына табан тигізіп, тұмса табиғат сұлулығына қанықты. Шара ары қарай «Жаңа Қазақстан – тарих, дәстүр және мүмкіндік бірлігі» республикалық слетке жалғасты.

Шарада алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Алматы облысы еліміздегі көпэтносты өңір екенін, мұнда 100-ден астам ұлт  бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. ХХІ ғасыр технологиялар мен инновациялар уақыты екенін атап өткен ол, аймақта 300 мың жас барын айтты.

– Әлем күн сайын жаңарады. Жаңа технологиялар өмірімізді жеңілдетеді. Сондықтан тіл үйрену, бүгінгі күні сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру аса маңызды. Ең бастысы, өз жұмысыңызды жақсы көріңіз және әрқашан көшбасшы болыңыз. Бүгінгі таңда жастардың бойында жоғары азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді, еңбексүйгіштік пен рухани құндылықты қалыптастыру міндеті ерекше өзекті, – деген Батыржан Құлаймергенұлы «Ассамблея жастарына» үлкен сенім артылғанын атап өтті.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев,  «Ассамблея жастары» РҚБ-ның даму перспективасы тақырыбында баяндама жасады. Өз кезегінде «Қазақстанның ұйғыр жастары одағы» РҚБ төрағасы Рустам Қайраев тарихты жаңа форматта зерделеу туралы айтты.

Жиынның қорытынды сөзін алған облыстық «Ассамблея жастары» төрағасы Руфина Усанова аймақ бойынша қоғамдық бірлестіктің қызметі туралы айтып, Қонаев қаласын дамыту бойынша креативті идеялар платформасын, сондай-ақ, «Тәлімгер» республикалық тәлімгерлік жобасын құруды ұсынды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы