МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Уақыты: 26.12.2023
Оқылды: 1077
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сайын даланың қасиеті мен киесін, тарихының мұңы мен шаттығын бір ғана домбыраның пернесіне қондырып, шанағынан түлеген күймен әрлеген текті жұрттың мәдениеті қашаннан мәйекті. Өркениет көшінде ұлттық ұлы құндылықтары мен мәдениеті арқасында дараланған дегдар елдің әр аймағы өзіндік мектеп қалыптастырып, төл өнерін өрісті, қазынасын кенішті етіп келеді. Бүгінде Жетісу жерінің киелі өнер ұжымдары мен мәдени бірлестіктері, мәденит, арихивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелері елін рухани сусындатып жүргені анық.

Осы орайда Жетісу облысы аудандар мен қалалары мәдениет күнінің Гала-концерті өтті. «Жер жәннаты – Жетісу» тақырыбымен айшықталған мерекелік шарада алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев сөз алды.

– Биыл облыстың мәдениет саласында халықтың рухын көтеретін атаулы даталар, ғасырлық мерейтойлар, республикалық деңгейдегі өнер байқаулары, басқа да іс-шаралар көптеп өткізілді. Талдықорған қаласында наурыз айында Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнаттық. Президенттің тапсырмасына сай Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды музей кешеніне күрделі жөндеу жасалды. Үштөбе қаласында Қаратал тарихи-өлкетану музейі салынып, халықтың игілігіне берілді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің Талдықорғанда бюсті қойылған саябақ қазір көрнекті демалыс орнына айналды, – деп атқарылған істерді тілге тиек еткен Марлен Қапашұлы, өз кезегінде облысымызда блок-модульді клуб орнату Ескелді ауданы Қоңыр ауылынан басталғанын, алдағы жылы 11 ауылға 1,8 млрд. теңгеге клуб салынатынын атады. Ұлылар есімін ұлықтап, мерейтойлар дүркіреп өткен жылды жақсы нәтижемен қорытындылап отырғанымызды жеткізді. Талай саңлақтарымыз бен өнер ұжымдары, мәдени сала өкілдері халықаралық, республикалық додаларда Жетісу жерінің намысын қорғағанын тілге тиек етті.  

– Мәдениет – халықтың рухани байлығы, баға жетпес қазынасы. Музыка, сурет, театр, зергерлік және басқа да өнер түрлерін бір арнаға тоғыстырған – ұлы күш. Осы орайда биыл аудан-қалалардың мәдениет күндерін өткізу дәстүрін бастадық, іс-шара жыл бойы жалғасты. Бұл жаңадан құрылған Жетісу облысының қайта түлеуіне, аймақтарда мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға үлкен серпіліс берді. Ауылдық жерлерде жүрген талантты азаматтардың өз өнерлерін паш етіп, болашақта облыстық, республикалық деңгейде шыңдалып-өсуіне де ықпал ететін болады, – деген облыс басшысының орынбасары мәдениет күндеріне қатысқан 8 ауданы мен 1 қаланың ішінен жүйрік шыққандарды марапаттады.

Жыл бойы елді рухани сусындатып, мәдени шараға белсене қатысқаны үшін  Талдықорған, Текелі қалалары Кербұлақ ауданы арнайы жүлдеге ие болып, 300 мың теңгелік сертификат еншіледі.  Өз кезегінде жүлделі ІІІ орынды Ақсу, Алакөл, Ескелді аудандары еншілеп, 500 мың теңге ақшалай сыйлықты еншіледі. Ал әулеиелер мекені саналған Қаратал ауданы мен алыптарды дүниеге алып келген Панфилов ауданы ІІ орыннан көрініп, 1 млн. теңге ақшалай сыйлықты қоржынға салды. Киелі Көксу ауданы І орынды еншілеп,  3 млн. теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізсе, мәдени шараның шырайын келтіріп, ел ықыласына кенелген, қазылар алқасының сараптауынан сүрінбей өткен Сарқан ауданы Бас жүлдені еншілеп,  5 млн. теңгемен мерейленді.

Сақ пен ғұннан бастау алып, ғасырлар бойы Ұлы даланы мекен еткен менің көшпенді халқым елін, жерін сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап кетті. Желмаясына мініп Жерұйығын іздеген Асан қайғы бабамыз құтты өлкемізге «жәннат мекен» деп баға берді. Осынау тарихи сәт мерекелік шарада фильм ретінде көрерменге жол тартса, Қабылиса жыраудан бастау алған жетісулық ұлылар шоғыры, әсіресе мерейтойы аталып өткен Мұқан Төлебаев, Кемел Тоқаев, Бикен Римова сынды тұлғалар бейнесі көз алдымызға келді. Өйткені аудандардағы халықтық театр өнерпаздары аталған тұлғалар рөлін сомдап, қоламта үрлегендей рухымыздың алауына самал естірген есті сөздерін мәнерледі.

Осылайша аудан, қала өнерпаздары бірлесе қойған Гала-концерт көрермен мерейін өсірді. Алдымен жаркенттік «Жетіген», талдықорғандық домбырашылар ансамбльі күй түлетсе, өңіріміздегі дәстүрлі әншілер халық әндерінен попурри орындады. Жаркенттік «Орбұлақ», алакөлдік «Алакөл серілері», талдықорғандық «Хаззар» топтары, қараталдық «Арман» квартеті, Сарқан аудандық кокалдық топ, Талдықорған қаласы, Ескелді, Қаратал аудандарының «Жетісу», «Алиназ», «Алтынай» би ансамблдері өнер көрсетті. Көпшілікті көзайым қылған шараның соңында «Отаным менің» әні шырқалса, күллі мәдениет қызметкерлеріне алғыс ретінде Жетісу облысы әкімінің ықылас гүлі ұсынылды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай