Сынақ па, махаббат па? "О, Ләйлә" фильмінің тұсауы кесілді

Уақыты: 26.03.2018
Оқылды: 3056
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еріксіз езу тартқызар тұстары да, кейіпкер үшін бармақ тістер өкініштер де, ең бастысы, ешқандай ұятты кадрсыз көрсетілген кіршіксіз махаббат та бар мұнда. Киноны көрген адам ең бірінші Талдықорғанды көргісі келеді. Бұл – «О, Ләйлә» толықметражды фильмін тамашалауға келген көрермендердің бір арнаға тоғысқан пікірі. Әбден пісіп-жетілген, оқиғалар желісі де, техникалық жабдықталуы да бүгінгі заман талабына сай көркем туындыны көрген де арманда, көрмеген де арманда.

«Жетісу» телеарнасы мен «New Nomad» студиясы бірлесіп түсірген аталмыш кинокартинаның тұсаукесері           І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Оны көруге облыс әкімі Амандық Баталов пен Талдықорған шаһарының басшысы Бағдат Қарасаев арнайы келді. Қала халқы сол күні залға лық толды. Өңір басшысы мен қала әкімі де елмен бірге езу тартып, көрсетілімге ризашылығын білдірді. 
Комедиялық драма         жанрында жарыққа шыққан туынды бастан-аяқ Талдықорған қаласында түсірілген. Жігіт пен қыз арасындағы махаббат хикаясы да осы шаһарда өрбиді. Картинаның «Тақиялы періштемен» ұқсастығы бар. Онда Әмина Өмірзақова өзіне келін іздесе, бұл драмада Кендебай Темірбайұлы күйеубала қарастырған әкенің образында. Ал оң босағада отырып қалған фильмнің басты кейіпкері Ләйлә есімді ару жігіттің төресін іздейді. Сөз айтып, көңіл білдірген әріптесі Шораны түрлі сынақтың астына алады. 
Фильм желісі бүгінгі таңдағы өзекті мәселені алға тартады, яғни, қыздардың уақытылы отбасын құрмауы. Карьера қуалап, өмірдегі ең басты құндылықты ұмыт қалдыру.  Сондай-ақ, қыздың тағдыр тартысы, оның ерлер қауымына өкпелеуі, күмәнді болуы бейнеленген. Айта кетейік, киноны түсірудегі басты мақсат – Талдықорғанның көрікті жерлерін ел назарына ұсынып, Жетісудың көркем табиғатын паш ету. Осы ұлы сезім арқылы қаланың әдемі сәулет құрылысын көрсетіп, қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғау.
Шара соңында осы фильмнің жарыққа шығуына барынша атсалысқан азаматтар түгелдей сахна төріне көтеріліп, жиналған қауымға алғысын жеткізді.
– Бұл фильм жайында 2015 жылы бізге Бейсен Құранбек өзінің идеясын айтқан болатын. Мұндағы түсірілім тобы да, актерлік құрам да тек Талдықорған қаласының тұрғындары. Актерлердің 30 пайызы Б. Римова атындағы драма театрының адамдары болса, қалған бөлігі жергілікті жастар. Бұл біздің алғашқы фильм. Биыл тағы да «Жетісуға қош келдіңіз» атты жастар комедиясын жарыққа шығарамыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен Талдықорған қаласы туралы мюзикл жанрында кино түсіру жоспарымызда бар. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның түсірілімін мамыр айында бастаймыз, – деді жас режиссер Ерлан Ұшақпаев. 
Ал басты рөлдің бірін сомдаған І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің түлегі Бахтияр Сатқұлов түсірілім кезіндегі дайындығы жайлы айтып өтті.
– Киноға кәсіби актерлер түсірілмегендіктен және өзім де өнер саласына жақын болмағандықтан, берілген рөлді сомдау жеңіл тиген жоқ. Оған дайындалу үшін де бір айға жуық уақыт кетті. Алайда, жұмыс барысы өте қызық. Өзімді жаңа қырынан таныдым десе де болады, – деді ол.
Киноның бас продюсері, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Абайұлы: 
– «0 теңгеге» түсірілген бұл фильмнің бағасын жұрт бере жатар. Өз пікірімді айтар болсам, «О, Ләйләні» көрген адам Жетісудың жастарына ғашық болып, Талдықорғанда тұрғысы, Журналистер үйінде жұмыс істегісі келіп кетеді, – дей келе, алға қойған жоспарларымен бөлісті.
Фильм авторлары, жас режиссерлер Ерлан Ұшақпаев пен Данияр Мұстафаевтың тырнақалды туындысы барлық буын көңілінен шығады деген сенімде. 
Ұлыс күні қарсаңында ұсынылған туынды жетісулықтар үшін үлкен сыйлық болғаны анық. Әрі күннен-күнге көркейіп келе жатқан шағын шаһардың шырайын келтіріп, барша халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Біз де ерекше әсерге бөленіп, осы қаланың тұрғыны болғанымызды мақтан тұттық.

Мұхтар КҮМІСБЕК