Өлеңінің өзі ән салған

Уақыты: 28.03.2018
Оқылды: 2465
Бөлім: РУХАНИЯТ

400-ге жуық әннің мәтінін жазып, көзі тірісінде «Ән өлеңінің классигі» атанған ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың туғанына 90 жыл толуына арналған шаралар Қарасай жерінде кең көлемде аталып өтті. Жалпы жұртшылықтың ортақ қуанышына айналған мерекелік шаралар  аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы  Н. Әлімқұлов атындағы орта мектепте бастау алды.

Жыл сайын жаңару мен жасару мерекесі – Наурыз тойы қарсаңында Нұрсұлтан Әлімқұловтың туған күнін атап өтуді әдетке айналдырған ақынның әулеті, ет жақын ағайындары бұл жолы да аталған білім шаңырағына жиналды.  Құрметті қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева мен мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаева қарсы алды.  Мектеп жиынжайында   Н. Әлімқұлов жайында түсірілген бейнефильм көрсетіліп, соңынан даңқты жерлестеріне арналған мұражай таныстырылды. Бұл жерден аз уақыттың ішінде Нұрсұлтан ақын жайында толық мағлұмат алуға болатындай. Оның өмірі мен шығармашылығын айшықтайтын материалдар молынан жиналыпты. Бір қабырғада үлкен бейнесі мен өмірбаяндық мәліметтері орналасса, тағы бірінде әріптестерімен, белгілі сазгерлермен түскен тарихи суреттер, ол жайлы айтылған қанатты сөздер менмұндалайды.  Мектеп ұжымы Н. Әлімқұловтың тоғыз кітабының макетін үлкен етіп жасатып, көрменің көрнекті жеріне орналастырған. Ал оқушылардың ақын өлеңдеріне арқау болған көркем  суреттері бірден көңіліңді баурап алады.
Осыдан кейін мерекелік шара Алмалыбақ ауылында орналасқан облыстық мемлекеттік мұрағаттың ғимаратында жалғасын тапты. Мұнда қонақтар ақынның қызы Жазира Әлімқұлова табыс еткен құнды құжаттар топтастырылған көрмені тамашалады. Ал мәжіліс залында өткен «Жетісу жерінің асыл перзенті» атты салтанатты шараның басында мұрағаттың бас қор сақтаушысы Ардақ Қайыпжанова Н. Әлімқұловтың жары Сәуле Зиятқызына ыстық ықыластарын жеткізіп,  ұжым директоры Гүлмира Құлмаханбетованың атынан иығына шапан жапты.
Бұл жерде Нұрсұлтан Әлімқұловпен шығармашылық одақта болып, жұрт жадында жаңғырған талай тамаша әндерін шарықтата шырқаған Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов естелік айтып, «Алтыным» әнін тамылжыта орындады. Ақынның қызы  – Мира заманында халықтың жоғары бағасын алып,  әкесінің сөзіне жазылған әндерден попурри орындаса, оның қызы Дамира «Аққулар махаббаты» атты ерекше туындыны жанды дауыспен шырқап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді. Тілек айтушылардың қатарында Шелек ауылынан осы тойға арнайы келген жас ақын Тоқтарбек Жұмагелді  арнау өлеңін тарту етті.
Мерейтойлық шаралар түстен кейін аудандық Мәдениет үйінде қорытындыланды. Ақынның өзін көрмесе де оның әндерімен тербеліп, өмірлеріне  рухани азық еткен жұртшылықтың Мәдениет үйіне сыймай кеткенін аңғардық. Көпшілігі түрегеп тұрып тамашалауға келісімін берген.  Осы мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Махаббат Бигелдиев алғашқы баяндаманы өзі жасады. Келесі болып сахнаға көтерілген облыстық мәдниет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев ақынның жары Сәуле Зиятқызына облыс әкімі Амандық Баталовтың Алғыс хатын табыс етіп, иығына зерлі шапан жапты.  
Аудан әкімінің қолдауымен ақын шығармашылығының қомақты бөлігін қамтитын кітап шығарылып, тұсауы кесілді. Бұл жинаққа Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлының, аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің құттықтаулары, Н. Әлімқұловпен замандас, жолдас болған Тұманбай Молдағалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұзафар Әлімбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Үсенбай Тастанбеков, Әбдірахман Асылбеков, Орысбай Әбділдәұлының мақалалары топтастырылған. Сол сияқты ақынның поэмалары, лирикалық және балаларға арналған өлеңдері, әнге арналып жазылған мәтіндері ноталарымен берілген.
Салтанатты жиынның концерттік бөлімін Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов даңқты «Алатау» әнімен жалғастырды. Мерейтойлық концертте қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Досымжан Таңатаров  «Күткенде» және «Айшажан» әндерін, Ұлжан Айнақұлова қызы Әсеммен «Ауылым» әнін, Ләйлә Бақытнұрқызы «Бұлбұл» әнін нақышына келтіре шырқаса,  «Үшқоңыр» этнографиялық-фольклорлық ән-би ансамблінің әншілері де жиналған жұртшылыққа үздік өнер үлгісін көрсетіп, Нұрсұлтан Әлімқұловтың ақындық қуатын қайта бір жаңғыртқандай болды.  
«Өшеді өлең немесе көшеді өлең» деген Мұқағалидың көрегендік сөзімен айтар болсақ, бар-жоғы 54 жыл ғұмыр кешіп, жақұт жырларын қалдырған Нұрсұлтан Әлімқұловтың  қазақ деген халық аман тұрғанда мәңгілік жасай беретініне қапысыз сеніп қайттық.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы